Түркістан облысында мас халде автокөлік басқарған азамат қамауға алынды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сайрам АПБ-ның полиция қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау мақсатында рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Кезекті шара барысында бұрылыс жарығын жақпай өтіп кеткен «Chevrolet cruze» маркалы автокөлігін тоқтатты.
Тексеру кезінде көліктің иесі 2020 жылдың желтоқсан айында Сайрам аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес көлік басқару құқығынан 3 жылға айырылғаны анықталды. Сондай-ақ полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін, жүргізушіні сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы оның мас күйде екенін растады.
Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған азамат қамауға алынды.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін.