Түркістан облысында жыл басынан бері қылмыс тіркелмеген, соңғы 5 жылда ажырасу мүлдем орын алмаған ауыл бар. Бұл Жетісай ауданындағы Мақталы ауыл әкімшілігінде орналасқан - Алмалы ауылы. Мұнда ауыл ақсақалдары мен көше билерінің орны бөлек. «Үлкенге – құрмет, кішіге –ізет» бұл аймақтың басты ұраны! Соңғы 6 жылдан бері ішімдік, темекі сияқты зиянды дүниелердің дүкен сөрелерінде сатылмауы - ауылдың берекесін кіргізіп отыр.
Тиісінше осы уақыт аралығында мұнда ажырасу жайттары болмаған. Бірде-бір қылмыстық құқық бұзушылық, яғни ұрлық жайттары орын алмаған. Ең бастысы 150-ден астам шаңырақтың тұрғындары тыныш ұйықтауда. Бұл ауылдың айрандай ұйып отыруына Ильяс Жабаев, Мұхит Джумабеков, Сапархан Каипов атты учаскелік полиция инспекторларының еңбегі зор. Ауылдың қай тұрғынын әңгімеге тартсаңыз, тәртіп сақшыларының кәсіби шеберлігін, еңбекқорлығын, істеген жұмысын тізбектей жөнеледі.
Тыныштық ұялаған ауылдың бетке ұстар қарттарының айтуынша, полицейлер күнделікті жергілікті жұртшылықтың жағдайын біліп, үйді-үй аралап отырады. Тәртіпті қадағалап, елдің қорғаны деген атқа сай қызмет етеді. Осындай қадағалау мен бақылаудың арқасында жастар жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстайды. Нәтижесінде үлкендерді сыйлап, ынтымағы жарасып отырған жайы бар. Ендеше, бақ қонған мекенде күні-түні кірпік ілместен қызмет етіп жүрген әрбір азаматқа шаршамаңыздар дейміз!
Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.