Түркістан облысында мас халде көлік басқарған жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мақтаарал ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері түнгі рейд барысында жылдамдықты асырып жол ережесін бұзған «Нексия» маркалы автокөлігін тоқтатты. Полицейлер тексеру кезінде, жүргізушінің мас халде көлік жүргізгеніне күмәнданып, медициналық сараптама тағайындады. Зерттеу қорытындысы жүргізушінің мас екенін растады.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді.
Осылайша полиция
қызметкерлері аталған жайтқа байланысты іс-құжаттарды жинақтап, заңды шешім қабылдау мақсатында Мақтаарал аудандық сотына жолдады. Сот жүргізушіні ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес кінәлі деп таныды. Көлік иесі 7 жылға автокөлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ, жол ережесін сақтап, тәртіпке бағынуды қатаң ескертеді.