Түркістан қалалық Полиция басқармасына базарда алтын сатумен айналысатын жергілікті тұрғын арызданып, 2 дана алтын жүзігін белгісіз біреу ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 120 мың теңгеден асады.
Аталған жайтты полицейлер бірден Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алып, ұрыны іздестіруге кірісіп кетті.
Бөтеннің мүлкін жымқырып, қылмыс жасағанды ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шаралары жүргізілді. Куәлардан сұрастырылып, ғимараттағы барлық бейнекамералар жіті қаралды. Нәтижесінде түркістандық тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Сол күні күдікті әйел анықталып, ұсталды. Ол облыс орталығының тұрғыны болып шықты.
Сауда орнына алтын алушы ретінде келіп, сатушының байқамай тұрғанын пайдаланып, алтын бұйымдарды жымқырған. Күдіктінің үйінен айғақты зат ретінде ұрланған жүзіктер табылып, заңды иесіне қайтарылды.