Түркістан облысы полицейлерінің тергеуінде болған қаржы пирамидасы бойынша екі мыңнан астам жәбірленушінің ісіне нүкте қойылды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің пасөз қызметі хабарлады.
Нақтырақ айтсақ, полицияға 2020 жылдан бастап “Evolution Corporation” мен “Индиго 24” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің салдарынан қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан арыздар түскен. Олар республиканың алты облысы пен қалаларының тұрғындары.
Сол сәтте жасалған қылмыстың ауқымы ескеріліп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен қылмыстық іс Түркістан облысы Полиция департаментінің базасында жүргізіліп, тәжірибелі тергеушілер тобы құрылған болатын. Топты Түркістан облысының тәжірибелі тергеушілерінің бірі Алтынай Жолымбекова басқарды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір жылдан астам уақыт бойы жалғасты.
Жедел қолға алынған жұмыстар нәтижесінде қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, ұстады. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленді.
Осы уақыт ішінде полицейлер мен прокурорлар күдіктілердің кінәсінің дәлелдерін жинау бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Сараптаманың 15 түрі тағайындалды.
Тергеушілер қылмыстық топтың бірнеше жылдар бойы салымшыларға ақшалары еселеп қайтатыны бойынша уәде етіп, тұрғындардан алаяқтық жолмен 3 миллиард теңгеден асатын қаражатты иемденгенін анықтады. Қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатта болғаны, жоспарланған түрде әрекет еткені және әр қатысушының рөлдері нақты бөлінгені дәлелденді. Нәтижесінде тәжірибелі тергеушілер мен прокурорлардың келісімімен айыптау актісімен 1000 томдық қылмыстық істі сотқа жолданды.
Бүгін осы қылмыстық іс бойынша соттың үкімі шықты. Атап айтсақ, қаржы пирамидасының ұйымдастырушы, құрылтайшылары болып саналатын 3 адам 12 жылға, ал олардың орынбасарлары болған 5 күдікті 10 жылға, қалған 17 күдікті 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сотталушылардың ең үлкені 55 жастағы әйел болса, ең жасы – 31 жаста.