Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында қолға алынған жүйелі жұмыстар нәтижесінде Түркістан облысының полицейлері Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұстаздары мен студенттерін қатыстыра отырып, полицияның сервистік моделін енгізу бойынша жиналыс өткізді. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспаөз қызметі хабарлады.
Сервистік полиция моделін енгізу бойынша құрылған топ қылмыстарды саралауда пилоттық режимге енгізілген Түркістан қаласында атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар барысын баяндады. Кездесуде модератор ретінде Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыс әкімдігі жанында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ мүшесі Зуппархан Чалданов жүргізді.
Келелі кездесуде Түркістан қалалық Полиция басқармасының бірінші орынбасары полиция полковнигі Шералы Абдраманов, Түркістан облыстық Полиция департаментінің инспекторы полиция капитаны Көкаршын Қанат, Түркістан қалалық пробация бөлімінің инспектор-психологы әділет аға лейтенанты Ақмарал Бекбай баяндама жасады. Полицейлердің баяндамасында көрсетлігендей, полицияның сервистік моделін енгізу бойынша құрылған топ, қылмысты болдырмау және қылмыстың алдын-алу мақсатында, 2019-2021 жылдар аралығында тіркелген қылмыс түрлері бойынша талдау жүргізген. Яғни, топ мүшелерімен қылмысты талдау барысында, Түркістан қаласында соңғы 3 жылда «Ұрлық» қылмысы төмендеп, керісінше «Алаяқтық» қылмысы өскен.
Осы себепті жастарға алаяқтарға алданбау керектігі ескертіліп, тура жолмен жүруге кеңес берілді. Полицияны қорғаным деп біліп, кез келген мәселеде көмек сұрауға болатындығы айтылды. Сондай-ақ студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ашық әңгіме өрбіді. Жиын соңында "Біздің қазіргі басты мақсат – қаланың деңгейін көтеру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барынша ыңғайлы жағдай жасау және әлемге таныту",- деп қорытындылады ұйымдастырушылар.