Екі миллион теңгенің малдарын ұрлаған 46 жастағы ер адам сотталды. Сарыағаш полициясына жергілікті тұрғын арызданып, түнгі 04:30 шамасында үйінің қорасында тұрған төрт бас жылқысын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі екі миллион теңгені құрады. Бұл жайтты полицейлер тез арада тіркеуге алды.
Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен оқиға орнына аттанып, жедел шараларды жүргізді. Орын алған мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қарқынды қызмет атқарды. Мал таситын көліктерді, мал базарларды мұқият тексеріп шықты. Полиция қызметкерлері бастаған жедел уәкілдердің жан-жақты іздестіруі нәтижесінде, күдіктінің ұрлаған жылқыларды жасырып отырған орны анықтады. Сонымен қатар күдікті ретінде жергілікті тұрғын, яғни 46 жастағы ер адам ұсталды. Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркелді.
Бұл істі Сарыағаш ауданының тергеушілері толығымен аяқтап, сотқа жолдады. Нәтижесінде сот шешімімен күдікті ер азамат үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген полиция қызметкерлері тұрғындардан мейілінше сақ болуды, қылмыс түрлеріне куә болған жағдайда бірден полицияға хабарлауға шақырады.