Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген полиция қызметкерлері сексен келі алма ұрлаған ер адам анықтады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, өзіне тиесілі бау-бақшасынан белгісіз біреулер 4 қап алма ұрлаған. Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 187-бабы «Ұсақ-түйек жымқыру» бойынша тіркелген.
Хабар алысымен тәжірибелі полиция қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы оқиға орнына шығып, тергеу амалдарын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ер азамат ұсталды.
Анықталғандай, күдікті өзінің басқаруындағы «Нексия» маркалы автокөлігімен күндізгі уақытта күзетшілердің жоқтығын пайдаланып, қапқа оралған сексен келі алманы жасырын түрде жымқырып кеткен. Келтірілген шығын көлемі үш жүз мың теңгені құрайды. Жәбірленуші тарапқа ұрланған алмалары қайтарылды. Ұсталған ер азаматтың бұдан басқа да ұрлық жайттарына қатыстылығы анықталуда. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.