Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген полиция қызметкерлері бұрынғы жұмыс орнына ұрлыққа түсіп, сейфтен ақша ұрлаған жас жігітті анықтады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ордабасы аудандық полиция бөліміне бетон өнімдерін шығаратын цех, яғни ЖШС-дан қатынас хат келіп түсті. Онда белгісіз біреу цех аумағында орналасқан қызметтік бөлменің ішінде тұрған сейфтен 1 миллион теңгеге жуық ақша жымқырып кеткенін жеткізген. Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.
Полицейлер ұрлық орын алған цехты, оған жақын аймақтарды мұқият қарап шықты. Бейнебақылау камераларын тыңғылықты тексерді. Мекеме қызметкерлерінен, куәлардан жауап алды. Нәтижесінде күдікті сол мекемеде жұмыс істеп кеткен жас жігіт болып шықты. Тәртіп сақшылары күдіктінің жүрген жерін анықтау мақсатында жан-жақты жұмыс жасап, оны Шымкент қаласындағы қонақүйлердің бірінен ұстап, полицияға жеткізді.
Белгілі болғандай, күдікті цех аумағына жасырын кіріп, сейфтің есігін бұзу арқылы ішіндегі қаражатты жымқырған. Содан оңай жолмен келген ақшаға «iPhone» маркалы бағалы ұялы телефон мен өзіне киім-кешек сатып алған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өздеріңізге тиесілі сауда орындарын, басқа да ойын-сауық мекемелеріне арнайы дабылқаққыш пен бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.