Түркістан облысында Клементина атты қызметтік ит шетелдіктен есірткі табуға көмектесті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне "Жібек жолы" шекара бақылап-өткізу бекетінде Өзбекстан Республикасына өтпекші болған шетелдіктен есірткі заттары табылғаны бойынша хабарлама келіп түсті. Полицейлер анықтағандай, Клементина есімді қызметтік ит Тәжікстан азаматының көлігінде тыйым салынған заттардың бар екеніне белгі берген. Тәртіп сақшылары күдіктіні тінту кезінде оның "ВАЗ-2107" автокөлігінің жүксалғышынан есірткіге ұқсас затты тапты. Полицейлер тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес оның "гашиш" есірткісі екені анықталды. Күдікті қамауға алынды.
Бұл жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабы бойынша "Айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы" бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткінің заңсыз айналымына байланысты қандай да бір қылмыс жасағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік барын ескертеді. Сондай-ақ тұрғындарды жаман әдеттерден арылуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.