Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген полиция қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге сақ болуды ескертеді. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауа температурасының төмендеуіне, жауын-шашын көп болуына байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолдарда қиын жағдай туындауы мүмкін екенін ескертеді. Себебі мұндай ауа райында көлік құралын басқару күрделене түседі, яғни апаттар болу ықтималдығы артады. Сондықтан жауын салдарынан жол үстінде болатын көктайғақта жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажет.
Осыған орай Түркістан облысы Полиция департаментінің Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Алматы-Ташкент-Термез» тас жолының Түлкібас ауданы аумағы, сондай-ақ осы республикалық трассаның Қазығұрт ауданы аумағынан өтетін «Сарыағаш –Шымкент» бағыттарында барынша абай болыңыздар деп ескертеді.
Одан бөлек «Шымкент-Самара»,«Түркістан-Шымкент», «Жібек жолы-Сарыағаш-Жетісай» тас жолдарында да уа райы күрт өзгеруде. Сондықтан полицейлер ең алдымен автокөліктерді қысқы маусымға дайындап, жазғы дөңгелектерін ауыстыруға шақырады. Құрметті жүргізушілер, жол ережелерін сақтаңыздар! Жолда өте мұқият болыңыздар. Жылдамдық режимін, қашықтықты сақтап, жол белгілерінің талаптарын орындаңыздар.