Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысының полицейлері бір тәулік ішінде жол қозғалысы ережесін бұзған 20-ға тарта жүргізушіні анықтады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Демалыс күні облыс орталығы – Түркістан қаласында «Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты – жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі мен Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тапсырмасына сәйкес бекітілген жобалар мен жоспарларды жүзеге асыру. Осы бағытта рейдке Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшылығы мен жеке құрам қызметкерлері шықты. Аталмыш түркістандық тәртіп сақшылары орталық көшелерде жол қозғалысы ережесінің сақталуын қамтамасыз етті.
Полицейлер назарына көлігінің терезесін күңгірттеген, қауіпсіздік белдігін тақпаған, көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданған құқық бұзушылар ілінді. Аталған құқық бұзушыларға тиісті заңды шарасы көрілді. Мысалы полицейлер қауіпсіздік белдігін тақпаған «Опель Вектра» автокөлігінің жүргізушісін анықтап, тоқтатты. Оның құжаттарын тексеру кезінде, жүргізушінің көлік басқаруға арналған куәлігінің жоқ екені белгілі болды. Осыған орай жүргізушіге Қазақстан республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабы «Жол жүру ережелерінде көзделген жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» мен Қазақстан республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы «Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бойынша заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Айта кетсек, «Қауіпсіз қала» іс-шарасы барысында жол ережесін бұзған 20-ға жуық азамат жауапқа тартылды.