Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысының полицейлері банкке 12 миллион теңгеден астам шығын келтірген жас жігітті қамауға алды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сарыағаш аудандық Полиция бөліміне банктердің бірінен қатынас хат келіп түсті. Жәбірленуші тараптың айтуынша, белгісіз біреу банк қосымшасы арқылы 2021 жылы жалған тауар сату-сатып алумен айналысып, банкке 12 миллион 500 мың теңге шығын келтірген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.
Банкке ірі көлемде шығын келтірген күдіктіні ұстап, қылмысты ашу мақсатында сарыағаштық тәжірибелі полицейлерден арнайы топ құрылды. Олар тиісті іздестіру шараларын жүргізіп, куәлардан жауап алды. Жан-жақты атқарылған жұмыс нәтижесінде, ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталды. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында, жас жігіт полицияға жеткізілді.
Белгілі болғандай, күдікті кәсіпкер ретінде тіркеліп, банк қосымша арқылы өзі сатушы, өзі сатып алушы болып, бірнеше рет сату-сатып алу операцияларын жасаған. Алайда ешқандай тауар алмай, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардың айласына алданбай, барынша абай болуды ескертеді.