Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысының полицейлері жабайы жануарларды заңсыз аулау жайтын анықтады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Браконьер" жедел алдын алу іс-шарасы аясында Түркістан облысы Полиция департаменті табиғатты қорғау полициясының инспекторлары жабайы жануарларды заңсыз аулау жайтын анықтады. Нақтырақ айтсақ рейд кезінде созақтық полицейлер Орман-қорық жеріндегі жайылымдық жерден қояндарды аулаған қойшыны анықтады. Сондай-ақ орта жастағы азаматтың үйін тінту кезінде 16 калибрлі тәркілеген аңшы мылтығы табылды. Тәртіп сақшылары браконьерден өлтірілген үш дана қоян мен қаруды тәркілеп, жағдайды анықтау үшін азаматты полиция бөліміне жеткізді.
Құқық бұзушыға қатысты полицейлер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабы 1-бөлігі "жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау ережелерін бұзу" және Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.