Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді қысқы маусымға автокөліктерін дайындауға шақырады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы мен патрульдік полиция қызметкерлері бірлесіп, облыс орталығының жолдарында жүргізушілерге көлік құралдарын қысқы кезеңге дайындау қажеттілігі туралы түсіндіру бойынша іс-шаралар жүргізуде. Тәртіп сақшылары рейд кезінде автокөлік жүргізушілеріне көліктерін қысқы мезгілге қалай дайындау керектігі туралы көрнекі ақпараты бар парақшалар таратты. Олар жүргізушілерді жолға шықпас бұрын автокөліктің жай-күйіне және оның техникалық жарамдылығына байыппен қарауға шақырды.
Тәртіп сақшылары жүргізушілердің техникалық байқаудан өтуіне, жазғы доңғалақтарын қысқы доңғалаққа ауыстыруына назар аударды. Сондай-ақ көлікке қажетті майларын ауыстырып, жаңа сүзгілерді қойып, тежегіш жастықшаларын, шамдарын, әйнек тазалағыштарын, салқындату жүйесін тексеріп қоюға кеңес берді. Сонымен қатар жолдарда мүмкіндігінше мұқият болу керек, әсіресе ауа райының қолайсыздығында жылдамдық режимін, маневр жасау ережелері мен қашықтықты сақтау қажеттігін жеткізді.
Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков: "Құрметті облыс қонақтары мен тұрғындары! Алдымызда қыс мезгілі, осыған байланысты Сіздерге ең алдымен көктайғақ кезінде жолда тайып кетпеу үшін доңғалақтарыңызды ауыстыруға шақырамыз. Сондай-ақ жарық шамдарының дұрыстығын тексеру керек. Жалпы жолдарда абай болыңыздар!"- деп атап өтті.