Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысының полицейлері "Учаске" іс-шарасының қорытындылады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысының аумағында Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 1 айға жоспарланған "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Ондағы негізгі мақсат - қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердегі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнату.
Іс-шара кезінде учаскелік полиция инспекторлары визит карточкаларын таратып, қызмет көрсетілетін әкімшілік аймақтарындағы аула және пәтерлерді аралап, жалға берілетін пәтерлерді, базарлар мен ойын-сауық мекемелерін, заңсыз келген шетелдіктерді, шаруа қожалықтарын, тіркелмеген қару сақтауды, сондай-ақ қолайсыз отбасылар мен профилактикалық есепте тұрған адамдарды тексерді.
Мәселен, "Учаске" шарасы кезінде полицейлер 357 мыңнан астам пәтер мен 336 мыңға жуық үйді аралады. Тәртіп сақшылары облыс бойынша 314 жалдамалы пәтерді анықтады. Сондай-ақ тұрғылықты жері жоқ 83 адам анықталып, оның ішінде 11-і қабылдап-тарату орнына орналастырылды. Сонымен қатар, қару иелерінің тұрғылықты жері тексеріліп, заңсыз айналымнан 10 бірлік тіркелмеген қару тәркіленіп алынды. Учаскелік инспекторлар құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 829 ұсыныс енгізді.
Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы бойынша 450-ден астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Полицейлер атап өткендей, мұндай жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ полиция мен халықтың кері байланысын нығайтуға ықпал етеді.
Алаяқтардан абай болыңыз!