Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен өңірде экстремизм мен терроризм көріністерін болдырмау мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылды. Нәтижесінде 2022 жылдың 10 айында 9 экстремистік-террористік сипаттағы қылмыстар анықталды.
9 экстремистік-террористік сипаттағы қылмыстық істің 5-еуі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 405-бабы (Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу) бойынша тіркелген. 4 жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабымен (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) анықталды. Оған қоса полицейлер заңсыз жұмыс істеп тұрған 3 намазхананы анықтап, құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Ал жүргізілген рейдтік іс-шара барысында экстремистік құқық бұзушылықтардың 6 дерегі бойынша 428 діни әдебиет алынды. Жергілікті құрылымдармен деструктивті діни ағымдарының ұстанушылары жасаған жалпы 846 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті шарасы көрілді. Барлығы 1 млн. 700 мыңға тарта айыппұл салынды.
Мысалы, ағымдағы жылы облыс аумағында жергілікті атқарушы органдардың тиісті рұқсатынсыз сауда орындарында, базарларда, дүкендерде діни әдебиеттерді сатқаны үшін 11 тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырып, сот шешімімен 1-ден 50 айлық есептік каөрсеткішке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.