Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысының полицейлері жүргізушіден жиырма келіден астам марихуана тәркіледі.
Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, Түлкібас аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен және патрульдік полиция батальонының полицейлерімен бірлесіп, есірткі құралдарын заңсыз тасымалдаған күдіктіні анықтады.
Нақтырақ айтсақ полиция қызметкерлері, Түлкібас ауданы арқылы өтетін "Батыс Қытай - Батыс Еуропа" автожолында "Субару" маркалы автокөлікті тоқтатты. Жедел уәкілдер тінту жүргізу кезінде көліктің жүксалғышынан ішінде есірткіге ұқсас заты бар төрт қап пен өсімдік тектес темекі қорабын тапты. Анықталғандай, күдікті жүргізуші бұрын сотталған Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты.
Күдіктіден алынған дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Зерттеу қорытындысына сәйкес алынған айғақты заттар жалпы салмағы жиырма келіден асатын "кептірілген марихуана" есірткісі екені расталды. Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды. Бүгінде оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі құралдарын заңсыз тасымалдау мен сақтауға қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.