Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысының полициясының ұйымдастыруымен «Қауіпсіз жол жүрісі апталығы» брифингпен бастау алды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін, 14 қарашадан бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының 20 қарашада өткізілетін жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күні аясында, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасымен «Қауіпсіз жол жүрісі апталығы» мен «Есіңе ал және ойлан!» ұранымен қоғамдық акциясы басталды.
Осыған орай Түркістан облысы Полиция департаментінің «Инстаграм» және «Фейсбук» ресми парақшаларында тікелей эфир өткізілді. Оған спикер ретінде Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков пен Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бегімхан Ахметов қатысты.
Брифингке спикер ретінде қатысқан полицейлердің айтуынша, акция аясында жол апатын болдырмау мақсатындағы сан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Статистикаға сүйенсек, облыста 2022 жылдың 10 айында 627 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 273 адам қаза тауып, 702 адам жарақат алған.
Сондай-ақ брифинг барысында әлеуметтік желі қолданушылары белсенділік танытып, 20-ға жуық сауалдарын жолдады. Бұл сұрақтарға полиция мамандары дер кезінде жауап беріп, желі қолданушыларының алғысын алды.
Осы орайда барша жолаушылар мен жүргізушілерді әрқашан жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамыз.