Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Бірлесу ауылдық округі 4 елді мекеннен құралған. Қазақстан, Дихан, 28 гвардияшылар және Берекелі ауылдары кіреді. Бес мыңға жуық тұрғын күн кешетін ауылдық округінің негізгі тіршілігі — ауылшаруашылығы.
Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев бірлесуліктермен бұл жолғы кездесуінде тұрғындардың өткен кездесуде көтерген мәселелердің шешілу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Өткен басқосуда көтерілген мәселенің бірі білім ошақтарындағы қысқы жылу жүйесінің әлсіздігі болатын. Ауылдық округінің орталығындағы №33 Жуантөбе жалпы орта мектебінің жылу жүйесі ретке келтірілген. Сонымен қатар, бұрынғы әкімдік ғимараты болған ғимаратты бастауыш сыныбының оқушылары білім алатын нысанға айналдыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Білім бағытындағы жұмыстарды толықтырған аудан басшысы өз сөзінде Бірлесу ауылдық округінен 600 орындық мектеп құрылысы жоспарға енгенін мәлімдеді. Аталған білім нысаны «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынатынын жеткізді.
Кездесу барысында ауылдық округінің инфрақұрылымдық дамуы жөнінде сөз қозғаған аудан әкімі атқарылар жұмыстардың жоспарын түзерде жергілікті қоғамдастық мүшелерінің ұсынысы бірінші кезекте назарға алынатынын атап өтті.
Аудан басшысына жергілікті тұрғындар тарапынан ауыз суды үздіксіз беру мәселесі, вегетация уақытында ағын судың тұрақты берілуі және тасқын судың жиналатын қашыртқыларды механикалық тазалаудан өткізу бойынша өз өтініштері мен ұсыныс, пікірлерін жеткізді.
Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі