Биылғы 9 айда Келес ауданында өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі 72,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде ауылшаруашылығы саласының үлесі - 68,7%. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев мәлім етті. Әкімінің айтуынша, биыл ауданға 8,5 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 740,9 млн теңгеге өскен.
– Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласында жылдан-жылға өнім көлемі ұлғайып келеді. Биыл аталған саладағы өндірілген өнім көлемі 50,1 млрд теңгені құрады. Егін шаруашылығы бойынша егіс көлемі 26,3 мың гектарға кеңейтіліп, 1,8 мың гектарға ұлғайды. Көкөніс, картоп және бақша дақылдары жалпы 541,9 мың тоннаға өссе, астық 34,5 мың тоннаға артты. Сондай-ақ, алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 325 жоба өз жұмысын бастап, 92,6 мың тонна бақша және көкөніс өнімдері өндірілді. Одан бөлек, мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Ауданда 10 681,9 тонна мал мен құс еті, сондай-ақ, 39 833,7 тонна сүт пен 2279,4 мың дана жұмыртқа өндірілді, - деді Ақментай Үсенұлы.
Спикердің сөзінше, аудандағы 83 елдімекеннің 50-і табиғи газбен, 65-і сапалы электр қуатымен қамтылған. Ал ауызсумен қамту бойынша құбыр суымен қамтылғаны - 57 елдімекен. Өткен жылы 14 елдімекенде ауызсу құрылысының жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда, 9 елдімекенде құрылыс жұмыстары аяқталған болса, 5 елдімекеннің (Ақтөбе а/о, Ынтымақ, Біртілек а/о, Игілік, Алпамыс батыр а/о, Ақжол, Қауыншы, Бозай а/о, Бозай) құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, биыл 1 мектептің құрылысы аяқталып пайдалануға тапсырылса, 2 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал жеке кәсіпкерлер есебінен Біртілек және Ошақты ауылдық округтерінде 2 жабық кіші футбол алаңшасы пайдалануға берілді. Қошқарата ауылдық округінде спортзал ғимаратының құрылысы мен Алпамыс батыр ауылдық округінде 5 спорт түрімен (үстел теннисі, қол күрес, тоғызқұмалақ, бокс және қазақ күресі) шұғылданатын спорт ғимаратының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, биыл 2 мәдениет нысанының құрылыс жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталмақ.
Одан бөлек, 77 азамат кәсіптік оқытуға жолданса, 119 адамға жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін грант берілді. Ал 1916 адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша 2154 отбасына 458,4 млн теңге берілді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі