Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың Жарлығымен 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат туралы бекітілген Тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінен құрылған 4 топ Сайрам ауданында кездесулер өткізді.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен кездесуде аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков жиналысты жүргізіп отырды.
Бірінші топпен аудандық полиция басқармасы қызметкерлері, қоғамдық кеңестер, ауыл билері, аналар және іскер әйелдер кеңесі, дін, қоғамдық келісім кеңесі, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен төрайымдарынан кейін, жергілікті жердегі мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізілді.
Атап айтқанда, аудан әкімінің аппараты, дербес бөлім басшылары және ауылдық округтерінің әкімдері мен қызметкерлері қатысты.
Жиында аталған департамент басшысының орынбасары Арынбаев Нұрлан Керімханұлы сөз бастап, департаментінің Превенция басқармасының аса маңызды істері жөніндегі офицері Үсіпбаев Бауыржан Кеңесбайұлы, осы басқарманың бас маманы Төлегенқызы Гүлмира, «Түркістан-Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі Абуова Нұржахан Ермағанбетқызынан құралған топ аудан аумағында сала басшылары мен олардың ұжымдарымен өткізілетін кездесулердің мақсатына тоқталып өтті.
Сонымен қатар, жыл ағымында облыста бірнеше мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен қылмыстық жауаптылыққа тартылғаны туралы арнайы дайындалған бейнеролик және баяндама арқылы таныстырылды.
Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің деңгейін арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында түсіндірмелер берілді. Оған қоса, құқықбұзушылыққа жол бермеу, індеттің жолын кесуге қоғаммен бірге күресу қажеттілігі айтылды.
Аудан басшысы ауданға атбасын бұрып келген облыстың тобына алғысын білдіріп, мемлекеттік қызметте белгіленген тәртіпті қатаң сақтауға тиісті екенін, сондай-ақ өз міндеттеріне сай және қолданыстағы заң талаптарының негізінде жұмыс атқарулары керектігін назарларына жеткізе отырып, жиналысты қорытты.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі