Ағылшын тілі – қазіргі уақытта жаһандық тіл. Бұл тілде әлемнің көптеген елінде сөйлейді. Ендеше ағылшын тілін үйренудің пайдасы ұшан-теңіз. Осы тілді мектеп оқушыларына меңгертуде, олардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыруда театрландырылған қойылымдар ерекше роль атқарады.
Сондықтан да былтыр Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданының мектептерінде «Театр және бала» жобасы бастау алған болатын. Бұл жоба биыл жалғасын табуда. Төлеби ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің бастама танытуымен жүзеге асып отырған «Театр және бала» жобасы оқушылардың ата-аналары тарапынан да қолдау тапқан. Бұл қызықты жоба туралы аталмыш бөлімнің әдіскері Салтанат Бакирова былай дейді:
- «Театр және бала» жобасына қатысушы пән мұғалімдері мектептерде оқушылармен бірге ағылшын тілінде қызықты қойылымдар қою, осы қойылымдарға дайындық жүргізу арқылы балалардың шығармашылығын дамытумен қатар оларға ағылшын тілін оңай үйретуді көздеуде. Жалпы, оқушылар мектеп сахнасында рольдерді ойнау арқылы ағылшын тілінде байланыстырып сөйлеуді ғана емес, актерлық шеберлікті, басқа балалармен тіл табысуды да үйренуде. Театрландырылған қойылымдар әр балаға қуаныш, ұмытылмас әсер сыйлап, оның көркемдік талғамын қалыптастырады, қиялын дамытады.
Театр мерекелік және қызықты ойындарға толы. Балаларға ешбір теңдесі жоқ зор қуаныш әкеледі. Мектеп жасына дейінгі балалар өте әсерленгіш, олар әсіресе эмоциялық ықпалға берілгіш. Сәбилердің нақты ойларына көркем шығарманың сахнаға бейімделуі сол шығарманың мазмұнын дұрыс және ашығырақ түсінуге көмектеседі, Мектепке дейінгі жасөспірім баланы тәрбиелеу мен дамыту ісіне байланысты мақсаттарды шешуде сахна (театр) ерекше рөл атқарады.