Еліміздің құқық қорғау мәселелерін ілгерлету мақсатында Мемлекет басшысы алдымен сот төрелігінің әділ болуына мән берді. «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет.
Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек», деді Президент.
Сот жүйесін реформалау арқылы судьялардың жауапкершілігі артып, тәуелсіз сот жүйесі қалыптасатын болады. Бұрынғыдай сот ісіне өзге құрылымдардың араласуына шектеу қойылып, сонымен бірге кәсіби судьялар іріктеледі. Ал судьяның өрескел қателік жіберген және күшін жойған әрбір сот актісін Қазылар алқасы тексеретін болады. Осылайша қоғамның сотқа деген сенімін нығайту көзделген.
Мемлекет басшысы айтқандай, сот жүйесін реформалау мұнымен аяқталмайды. Бұл шаруамен мамандар Жоғарғы Соттан тыс айналыса береді. Осы қадам үдеріске бәсекелік сипат беріп, оны қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар үшін ашық, яғни, анағұрлым тиімді етеді.
Еліміз құқықтық және әділ мемлекет құру жолымен ілгерілеп келеді. Мұны ел Президенті «Мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі – саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру» деп түсіндіреді. Жалпы, елімізде адам құқықтарын қорғау мәселесі егемендік ал¬ған алғашқы жылдан ерекше назарда тұр. Осыдан 27 жыл бұрын қабылданған Ата Заңымызда да еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, ең қымбат қа¬зы-насын – адам жəне адамның өмірі, құқық¬тары мен бостандықтары деп бекітті.
Ел дамуының ең маңызды құжатына айналған Конституцияның алғашқы екі бө¬лімі халықаралық құқықтық шарттарға сай адам құқықтарын қорғауға негізделген. Жал¬пы әлеуметтік жəне экономикалық, азаматтық пен саяси құқықтың барлығын бір жерге біріктірсек те, нормалардың ішін¬де адам құқының қорғалуы басымырақ түседі.
Отыз жылдан бері қастерлеп келе жатқан тәуелсіздігіміздің басты ұстанымының бірі де осы – адам құқықтарының сақталуы. Шындап келгенде, бұл біздің ең жанды жеріміз. Өйткені «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» болса, басты заңға сәйкес «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс» дейді Президент.
Тағы бір ерекше атап өтерлік мәселе құқық қорғау органдарын реформалау туралы. Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарында болатындығы белгілі.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шығаруға әкеп соқтырды. Жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кетті. Шын мәнінде, олардың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені, жағдайды қасақана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды. Осы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев талдау жасай келіп, қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетіп, рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдады.
«Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым. Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды. Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз», деп түйінін қойған еді Президент.
Жолдауда сөз болған тағы бір мәселе - отбасы тбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу. Бұл мәселеге құқық қорғау органдары күмәнмен қарайды, өйткені Президент айтпақшы, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.
«Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шараларды қолдануы керек» деп есептейді.
Нашақорлықпен күрес, синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керектігі тапсырылды. Жемқорлықтың түбіне балта шабу, олармен күрес те жалғасатын болады.
Ең алдымен айтатынымыз – еліміз тəуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бас¬¬тап-ақ əлемдік деңгейдегі құқықтық қалыптың барлығын, соның ішінде адам мен азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне ерекше мән берді. Ата Заңның алғаш¬қы бабында да «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылды. Яғни еліміз ең бірінші орынға адамды қойды. Алдымен оның өмірін жоғары бағалады. Сол себепті де айналамыздағы жұрттың барлығы Қазақ елін жай ғана мемлекет деп емес, адам құқығын қамтамасыз ететін егемен ел деп біледі. Сабырмен сансыз қиындықтарды жеңген еліміз ең бірінші мемлекет деген ұғымның емес, адам деген асыл құндылықтың бағасы биік тұратынын айшықтап берді. Кеңес заманында бұл ұғым керісінше еді. Бірінші орынға мемлекетті қойған Одақ одан кейін қоғамды, ал адамның құқын үшінші кезекке ысырып тастаған болатын.
Адам құқығын бұзу оңай, қалпына келтіру қиын іс. Сондықтан Ата Заңымыз айқындап берген, ал Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы» деп басымдық берілген адам құқығы әрбір қазақстандықтың сана-сезімінде, іс-әрекетінде әрқашан бірінші орында тұруы қажет. Себебі адам құқығы қашаннан ең биік құндылық болып қала береді