Сауран ауданындағы мәдениет үйінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстан – Екінші Республиканы құрудағы мемлекеттік модельді және саяси мәдениетті жаңарту мәселелері» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Концеренцияның мақсаты облыс көлеміндегі сала мамандары мен ғалымдардан мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, саяси бағыттары мен даму белестерінің тарихын баяндай отырып, жаңа Қазақстанның мемлекеттік модельді және саяси мәдениетті жаңарту бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарларды зиялы қауым өкілдері мен көпшілікке кеңінен таныстыру және насихаттау болып табылады.
Конференцияда Сауран ауданы құрылғанына бір жылдығына орайластырып, «Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтары мен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Ж.Бекмұрзаев, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Б.Бейсембаев, ауданның зиялы қауымы тағы да басқа қонақтар қатысты.
- Біз бүгінгі шарада «Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтары мен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағының тұсауы кесіліп, өз оқырмандарына жол тартқалы отыр. Бұл жинаққа тарихшылар, өлкетанушылар, тіл, филология, шығыстану, мәдениеттану, туризм, музей және мәдениет саласының білікті қызметкерлерінің ғылыми мақалалары еніп отыр, - деді аудан әкімі Ғани Құрмашұлы.
Бұдан соң шара «Жаңа Қазақстан - Екінші Республиканы құрудағы мемлекеттік модельді және саяси мәдениетті жаңарту мәселелері» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысымен жалғасты.