Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесуін өткізу туралы» ҚР Президентінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі №863 Жарлығына сәйкес Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков екінші қайтара Жүйнек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Аудан әкімі халықпен кездесу барысында осыдан үш ай бұрынғы берілген тапсырмалардың орындалу барысына тоқталды.
- Өткен кездесуімізде айтылғандай, ауыл тұрғындары жеке үй салу мақсатында жер алу мәселесін көтерген еді. Қазір кей үйлерде төрт-бес келінімен тұрып жатқан отбасылар бар. Бұл мәселені сіздердің алдарыңызға өздеріңізбен бірлесе отырып шешу үшін келдім, - деді аудан әкімі.
Ауылдық округтің әкімінің айтуынша, Жүйнек ауылдық округінде 2500 адам жер телімі кезегінде тұр.
Кездесуде тұрғындар тарапынан көп сұрақ қойылды. Атап айтсақ, Бақтияр Исаев есімді азамат жердің инфрақұрылымын жүргізуге жергілікті кәсіпкерлерді тартып, жолын, жарығын орнатуға неге кіріспеске деген бастамашылығын жеткізді.
Аудан әкімі халықтың жеке тұрғын үй салып алуына болатын жердің инфрақұрылымын жасауға кәсіпкерлерді де тарту бастамасын қолдап отыр. Оған дейін алдымен 2006 жылдан бері әлі заңдастырылмаған жер телімдері мен тұрғын үйлер бар болып шықты. Оның басты себебі, қалаға жақын ауылдардың алдымен Түркістан қаласының, сосын Кентау қаласының, жақында Сауран ауданының аумағына өтуінен болып отыр екен. Мұны ретке келтіру үшін жер кадастры, жер инспекциясы секілді құзырлы мекемелер алдымен жерлерді заңдастыру керек екен.
Бас қосуда белгілі болғандай, қазіргі таңда мемлекеттік жер инспекциясы республикалық деңгейде мониторинг жүргізу үшін ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. Бұл да жергілікті халыққа қолбайлау болып отыр.
Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын ел ағалары Фархад-ака Абдурахманов, Халидолла Мұстапаев, Абдужаппар Абдулахаповтар жеткізді. Бұған дейінгі елді-мекендерге ұқсас проблемалар мұнда да баршылық. Ең алдымен елге керегі күн санап құрғап бара жатқан су тапшылығы. Екінші орында жарықтың түгел жеткізілмеуі және табиғи газдың кешеуілдеуі. Тарылып бара жатқан мал жайылымы. Бұған дейін де бірнеше рет жүйнектіктермен кездесіп, тұрғындардың өзекті жайларымен жақсы танысқан аудан әкімі алдағы атқарылар жұмыстарға кеңінен тоқталды. Бірлесіп шешер мәселелерді еркін түрде ортаға тастады.
Аудан әкімі Ғани Рысбековтың айтуынша, биыл Жүйнек ауылдық округінде жоба құны 232 миллион теңгені құрайтын сауықтыру кешені, дүкен, қоғамдық тамақтану орыны сияқты үш инвестициялық жобаның құрылысы жүруде. Ал Жүйнек үшін ең әуелі қажеттісі таза сапалы ауыз сумен елді мекендерді толығымен қамту. Сауран ауданы бойынша елді мекендердегі 2011-2018 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілу барысында жобаға енбей қалған және жаңадан қоныстанған аумақтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 8 нысан бойынша аудан әкімінің қаулысы шығарылып, сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленді. Жобалау-ізденіс жұмыстарының сметасы әзірленіп, қаржы бөлдіруге «Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына» тапсырылған.
Осыған орай, «Сауран ауданындағы Жүйнек ауылдық округі, Жүйнек елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысына 10 331,68 мың теңге бөлу көзделген. Жүйнек ауылдық округіне қарасты Жүйнек және Шыпан елді мекендеріндегі қолданыстағы су қоймаларына сыйымдылығы 50 текшеметр су мұнарасын орнатуға жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Жоба дайын болған соң, орталық су жүйесіне қосылып, елді мекен тұрғындары тұрақты ауыз сумен қамтылатын болады.
- Бұл жұмыстар алдағы уақытта «Сауран-су» компаниясы арқылы атқарылады. 2025 жылға дейін бұл жұмыстар толығымен аяқталуы тиіс. Жүйнек, Қарашық су лотоктары 50 пайызға дейін ескірген. Оны жаңалау қажет. Қосқорған су қоймасын тиімді пайдалану жөніндегі ұсыныстарыңыз ескеріледі. Төрт трансформаторды да ауыстыру керек, - деді аудан әкімі.
Тұрғындар тарапынан табиғи газбен қамту мен жол жөндеу сияқты бірқатар басқа да мәселелер көтерілді. Ғани Құрмашұлы бүгінгі таңда, аудан әкімдігі тарапынан Жүйнек ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша облысқа қаржы бөлуге бюджеттік өтінім берілгенін, құрылыс жұмыстарын 2022-2024 жылдар аралығында жүргізу жоспарланып жатқанын айтты.
- Жақында Теке, Қожанов, Жалаңтөс, Нұртас ауылдарын газға қоса бастадық. Алайда, көп үйлердің құжаттары дұрыс емес. Осы мәселелер газдандыруға кедергі келтіріп отыр. Оранғай, Қарнақ жобаларын жасап қойды. Жүйнекке газ 2023 жылы келеді, - дейді аудан әкімі Ғани Құрмашұлы.
«Биылғы жылы Жүйнек елді мекеніндегі Түркістан көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүрізіледі. «Ауыл ел – бесігі» жобасы аясында бірнеше жұмыстар жоспарлануда. Оның ішінде мектеп, балабақша, поштаға баратын жолдар алдымен қамтылады. Сонымен қатар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан Түркістан-Жүйнек-Қарнақ автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Көшелерге бақылау камералары орнатылады», - деді Ғ. Рысбеков.
Сондай-ақ аудан әкімі жөнделетін жолдардың сапасын қадағалау мақсатында тұрғындардан жұмысшы топ құрылып, халықтық бақылау жүргізілетінін жеткізді.
Ауылдық округтегі қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында бейнебақылау мен жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату жоспарлануда.
Сонымен қатар, Шекербұлақ елді мекеніндегі Абылайхан, Ғани Мұратбаев көшелерін, Шекербұлақ және Жүйнек елді мекендеріндегі Байтерек, Көктем, Абай көшелерін, Шыпан елді мекеніндегі Ордабасы, Бабыр көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сауран ауданы әкімімен кездесуде ең өзекті мәселе судың басындағыларға ағын су уақытында жеткізілгенімен жаз шыға, күздегі нағыз өнімдердің пісетін кезінде арналардың құрғап кетуі сөз болды. Есік алдындағы бау-бақшасын суаратын құдықтардың өзі де ол кезде 6-7 метрден 15 метрге дейін кеуіп кетеді екен. Сауран ауданының әкімі бұл мәселені шаруа қожалықтары, Қоғамдастық өкілдері, аудандағы сала басшыларымен және құзырлы орган жетекшілерімен бірлесіп бас қосып, сонда түпкілікті шешейік деп уағдаласты. Себебі, жылма жыл су тапшылығы күшейіп барады. Соған байланысты мүмкін бірқатар шаруа қожалықтары суды көп қажет ететін мақтадан гөрі қауын-қарбыз, бидай, жоңышқа егуге көшкендері жөн болар ма екен деген ұсыныс тастағандар да болды. Бірақ мұның барлығын жан-жақты, ғылыми тұрғыда екшеп барып, іске кіріскен жөн. Себебі, қазірдің өзінде су тапшылығынан миллиондаған қаржысы желге ұшып жатқан мақташылардың барлығы анықталды. Жақын маңдағы көнерген тоғанды қалпына келтіру жайы да айтылды.
Жүйнектіктермен болған кездесуде округ тұрғындарының пікірлеріне құлақ асқан аудан әкімі Ғани Рысбеков олардың рет-ретімен шешімін табатынын айтты.