Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында заң және тәртіп үстемдігін арттыруды тапсырды. «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет.
Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет» деді Президент.
Сот судьяларының мәдениеті мен біліктілігін қалыптастыру мақсатында Сауран аудандық сотында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бүгінгі таңда заң талаптарына қарар болсақ, ең басты мәселе адамдардың бір-біріне деген көзқарасы, қатынасы өзгере бастағанын байқаймыз. Қоғамда қандайда бір келеңсіз жайттар орын алған жағдайда тез ашу шақырып, жаман мінездерімізді көрсету арқылы жан-жағымызға теріс ықпал жасайтынымызды өздеріміз де байқамай қалып жатамыз. Әдеп сақтау, мәдениеттілікке көңіл бөлу жағы артта қалып барады. Мұның соңы жиі заң бұзушылыққа әкеліп соғатынын білеміз. Қазіргі таңда әрбір мекемелерде лауазымды азаматтар мен жай халық арасындағы кикілжіңнің көбеюі тайға таңба басқандай көзге көрініп тұр. Сол себепті әдеп нормаларын әрбір мекемелерде қатаң сақталуын қадағалаудамыз.
Біз бұл мақалада судья әдебі жайлы әңгімелемекпіз. Судья әдебі кодексінің жобасы бүгінгі таңдағы қоғамның судьяларға, олардың моральдық сипатына қоятын талаптарына сай және сот билігі мен судьяның қоғам алдындағы беделін нығайтуға ықпал ететін құжат болып табылатынын айтпақпыз.
Биліктің сот тармағына деген сенімді арттырудың маңызды элементінің бірі бұл судьялардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы. Судьялар мен экс-судьялардың моральдық-этикалық бет-әлпетіне қарап азаматтар Қазақстанның судьялар корпусына баға беретіні түсінікті. Осыдан алты жыл бұрын 2016 жылдың қараша айында Астанада өткен VII Қазақстан Республикасы судьяларының құрылтайында Судьялық әдеп кодексі қабылданған болатын. Кодекс қызметтегі судьялар мен отставкадағы судьяларға жүріс тұрыстың әдеп нормаларын бекітіп, оның қабылдануы Қазақстан Республикасы судьялар корпусы қызметінде маңызды оқиғалардың бірі болған.
Кодекс ережелерінің басым көпшілігі, Қазақстан Республикасы Конституциясының 77 бабында, және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңымен бекітілген судьялардың тәуілсіздігі қағидасымен тікелей байланысты.
Кодекстің 2 бабында, Судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға және кез келген сырттан ықпал етуге жол бермеуге, кімнен шыққандығына қарамастан қорқытуға, қысым жасау мен құқықтық емес әсерлерге, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұру қажеттілігі айтылған. Судья сот отырысын жүргізудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге, өзін лайықты, әдепті ұстауға және процеске қатысушылар мен өзге де сот отырысына қатысушы адамдардан сондай қарым-қатынасты талап етуге және сот төрелігінің әділдігі олардың күмәнін туғызбауы үшін шаралар қолдануға тиіс.
Және бір айта кететін мәселе, ол Судья әдебінің кодексінде «сот әдебі» және «судья әдебі» деген ұғымдар келтірілуі. Бұл екеуі – екі бөлек ұғымдар және сот әдебі мен судья әдебі нормаларының бұзылуы кезіндегі жауапкершіліктің ара-жігін анықтау зор маңызға ие екенін айта кетпекпіз. Сот әдебі тек судьяның сот ісін жүргізу ауқымына тартылған тұлғалар мен сот процесіне қатысушылардың өзара қарым-қатынастарын реттейтін заңдардың процессуалдық нормаларын сақтауға байланысты кәсіби қызметіне ғана негізделген.
Ал, судья әдебі дегеніміз – бұл кең ауқымды ұғым, ол бүкіл судьялар қауымдастығының жұмысына қатысты әріптес-судьялардан бастап, қарапайым азаматтардың, жұртшылық өкілдерінің тарапынан қызметте және қызметтен тыс уақыттағы, кәсіби қызметтегі қарым-қатынастарына баға беру критерийлеріне негізделетін және судьялар қауымына тиесілігіне байланысты шектеуші сипаттағы ұғым болып табылады. Сонымен қатар, Кодексте судьяның тәртібі, отырысқа қатысушылармен қарым-қатынасы, процесті жүргізу кезіндегі мәдениеті де қамтылады.
Судьялар процеске қатысушы тараптар өзінің әр қимылын, әрбір әрекетін, көзқарасын жіті қадағалап отырғанын ұмытпауы тиіс. Оның әдебіне қойылатын талаптар оның ұстамдылығы, мәдениеттілігі, байсалдылығы туралы ұғымдарды қамтуы шарт, бұл өз кезегінде судьяның адалдығын, туралығын және кәсібилігін білдіретін болмақ. Судьялардың құқықтық мәдениетінің ахуалы олардың әлеуметтік кәмілділігінің көрсеткіші болып табылады және олардың қол жеткізген кәсіби дамуының деңгейін көрсетеді. Судьялар үшін кәсіби құқықтық мәдениеттің маңызы ерекше, бұл заңдық кәсібилік пен кәсіби әдептілікті ұштастыратын қасиет. Істерді қарау кезінде заңдарды бұлжытпай сақтау мен сот процесін жүргізу мәдениеті өзара тығыз байланысты.