Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне мән береді. Мемлекет басшысы «Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Үкіметке кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды жайдан-жай тапсырып отырмағаны белгілі. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың аясында өнеркәсіп өнімі артып келеді.
Өнеркәсіп саласында 9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 99,6, ал өңдеу өнеркәсібінде 7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлемі индексі 98,1 пайызды құраған. Әрине мұндағы үлес негізінен аудандағы ондаған ет және сүт өңдеу шағын зауыттарына тиесілі.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2010-2021 жылдар аралығында жалпы құны 889 миллион теңгенi құрайтын 4 жоба iске қосылып, 164 жұмыс орны ашылды. Өндiрiлген өнiм көлемi 121 миллион теңгені құрады. Ал биыл осы бағдарлама аясында жалпы құны 9422 миллион теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылуда, оның аясында 218 тұрақты жұмыс орнын ашылады деп күтілуде.
Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Болысбек Шәріпбектің айтуынша, бүгінгі таңда шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 5196 субъектінің 5136-ы белсендi жұмыс істеп тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта несиеге қол жеткізген, екінші деңгейлі банктердің сүйемелдеуіне ие болған бизнес өкілдері жоқ емес. Мәселен, төмен пайызбен несиеге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы, «Оңтүстік» микро қаржы мен «ЫРЫС» микроқаржы ұйымдары арқылы 72 кәсіпкер ие болған. Берілген сомма жиынтығы 925,3 миллион теңге. Ал биыл мемлекеттік қайтарымсыз грантты ауданымызда 173 адамға беру жоспарланған. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын тауып, өтініштер қаралуда.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімі өңірлік «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, аудандағы 12 ауылдық округте тұрғындарымен кездесіп, оларға «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы – 2025» және шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелендіру бағдарламалары бойынша ақпараттар беріп, түсіндіру жұмыстары жүргізді. Ауданда кәсіпкерлерге арнайы бағыт-бағдар беріп отыратын «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы ашылды. Бүгінгі таңда бұл орталықта кәсіпкерлерге екінші денгейлі банктерден несие рәсімдеуге дейін кеңестер беріп, олардың ұсынған жобаларын сүйемелдеу қызметтері атқарылуда.
Бұл орталықтың қызметіне сүйеніп, несие алып, жұмысын жолға қойған кәсіпкерлер бүгінгі таңда республика және облыс деңгейіндегі іс-шараларға қатысып, өздерінің өнімдерін насихаттауда. Мәселен, ағымдағы жылы Алматы қаласында өткен «Атакент» көрме орталығына ауданымыздан жиһаз өндірісімен айналысатын «SEM BRAND» жеке кәсіпкерлігі мен «DIVALUX» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қатысып, ресейлік жиһаз жасаушылармен пікір алмасып қайтты. Ал Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен облыс орталығында орналасқан «Керуен сарай» туристік кешенінде Қазақстанның үздік тауары өңірлік көрме-байқауына ауданымыздан «Хабибулла-Ата», «SEM BRAND» жеке кәсіпкерліктері мен «DIVALUX» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Сол жиында ауданымыздың екі бірдей жиһаз өнеркәсібі үлкен нәтижеге қол жеткізіп, үздіктердің қатарынан көрінді. Атап айтсақ, «SEM BRAND» жеке кәсіпкерлігі «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша, ал «Хабибулла-Ата» жеке кәсіпкерлігі «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Осылайша аудан орталығында ашылып, жұмысын жаңа бастаған «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы өз нәтижесін беруде.