Сауран ауданын туризм орталығына айналдырудағы мақсат – туристік нысандарды көбейту, туризмнің даму деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу, туристік саладан түскен табысты көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондықтан, бұл мәселе ауданда күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр.
Бұл мақсаттарға жету үшін туризммен байланысты салаларын дамыту, инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызмет сапасын жақсарту міндеттері қойылып отыр. Жуырда Алматы қаласында Халықаралық KITF Туризм форумына ауданынан өкілдер қатысып, білімдерін жетілдіріп қайтқан болатын.
Бұдан бөлек, облыстың Туризм басқармасының туристік ақпараттық орталықтың тапсырысымен «TOURISM KZ» телеарнасы «Туризм додасы» реалити шоуының халықаралық нұсқасын жүзеге асырды. «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты туризм додасына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан мемлекеттерінің өнер майталмандары қатысып, соңынан көне Сауран қалашығына зиярат етті.
Ауданда туризм саласындағы туристік нысандарды көбейту бойынша да бірқатар жоспарлар жүзеге асырылуда. Яғни, ауданға келген туристер түсетін қонақ үйге, хостел және тағыда басқа нысандарды көптеп ашу үшін кәсіпкерлерге туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылған. Кәсіпкерлерге бұл нысандарды салу және реконструкциялау, жол бойындағы сервис объектілерін салу үшін 10, туристік кластағы көлік құралдарын сатып алу және тау-шаңғысы жабдықтарын сатып алу үшін 25 пайыздық жеңілдіктер қаралған. Санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға 83300 теңге, әрбір шетелдік турист үшін 15000 теңге жұмсау көзделген.
Биыл Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қаржыландыруымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК тарапынан Ескі Сауран қалашығының басынан «Сапар орталығы» ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Ораңғай ауылдық округінде жеке кәсіпкер тарапынан, жобалық құны 2 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын қонақ үй құрылысы басталды. Ескі Иқан ауылдық округінде жоба құны 50 миллион теңгені құрайтын Жүсіп ата кесенесінде «Сапар» орталығы мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Айта кетерлігі бұл орталық ауданымыздағы жеке кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының демеушілігі есебінен бой көтеруде.
Сонымен қатар, Бабайқорған ауылдық округінде жоба құны 50 миллион теңгені құрайтын демалыс аймағы салынып жатыр. Бүгінгі таңда құрылыстың 60 пайызға аяқталған.
«Мұның барлығы айтуға оңай болғанымен қыруар ұйымдастыру шараларын қажет етеді. Басты мақсатымыз – Сауран өңіріне туристерді көптеп тартатындай көрікті ету. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасын да көтеру көзделуде» дейді Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков.