Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы жеке кәсібін ашып, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып отырған жастарды жігерлендіріп отыр.
Кәсіпке ден бұрған жастар Сауран ауданында да аз емес. Соның бірін Яссы ауылдық округінің азаматы Бабыр Шереханұлы. Ол «Sem Brand» жиһаз цехын ашып, отандық жиһаз шығарумен айналысуда. Бұл салада кәсібін бастағанына бір жылдан асты.
Жиһаз цехінің жалпы жер көлемі 4500 шаршы метр, ал өндірістік цехтің алаңы 3000 шаршы метрді құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 80 мың орындық, 15 мың үстел шығаруға қауқарлы.
«Бұл цех іске қосылған күннен бастап, жүзден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Тауарларының сапасы көңіл қуантады. Өзімізде өндірілген өнім болғандықтан бағасы да қолжетімді. Өнімдерін тек елімізде ғана емес, шетелге экспорттауды да жоспарлауда, - дейді Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Болысбек Шәріпбек.
«Sem Brand» жиһаз цехі Түркия, Қытай және Ресей елдерімен бірлесіп жұмыс істеуде. Шетелдік соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған цех алдағы жылы жұмыс көлемін екі есеге арттырып, жұмысшы санын 300-ге жеткізуді жоспарлап отыр.
- Біз шетелдегі көрмелерге жиі барамыз. Мамандарымызды тәжірибе алмасуға шетелдегі түрлі ірі кәсіпорындарға жібереміз. Біздің мамандарымыздың шеберлігі өнімдеріміздің сапалы болуы үшін өте маңызды. Қазіргі таңда өнімдерді еліміздің көптеген қалаларымен қоса Қырғыз мемлекетіне де экспортқа шығарып жатырмыз, - деді цех директоры Бабыр Шереханұлы.