Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды топтастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелерінде елдің тарихи мұрасы мен мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға үлкен рөл берілетінін, бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіндіктері кең, оның ішінде халықаралық аренада тиімді жайғастыру мүмкіндіктері де барын айтқан болатын. Ал Мәдениет және спорт министрлігіне бұқаралық және балалар спортын дамыту, ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттау жөнінде бірқатар міндет жүктеді. Президент тарапынан ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттік қолдау көрсетіліп келе жатқан мәдениет саласында ауқымды істер атқарылуда. Түркістан қаласында салынып жатқан заманауи нысандар, ұйымдастырылып жатқан кездесулер мен көпшілікке ұсынылған жаңа қойылымдар сөзімізге дәлел.
Соңғы жылдары киелі қалада жаңадан ашылған мәдени нысандар, Қазақстанда теңдесі жоқ заманауи кітапхана, жаңа технологиямен жабдықталған мұражай және алғашқы қойылыммен елді елең еткізген театр Түркістанның мәдени жауһарына айналды. Осы ғимараттардың барлығы рухани шаһарға туристер тарту үшін ғана емес қаланың бай мәдениетін көрсету мақсатында салынған. Тарихи деректерде Түркістанның XVI ғасырдан, яғни Есім ханның тұсынан бастап үш ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болғаны айтылады. Сол тұста Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақ хандары отыратын орталыққа, яғни резиденцияға айналған. Мұнда Қазақ халқының ел болу жолындағы талайлы тағдырына қатысты түрлі шешімдер қабылданған. Сондай-ақ ел басына күн туған алмағайып замандарда қиян-кескі ұрыстар жүргені тарихтан мәлім. Сол кездегі қазақтың игі жақсыларының бәрі осы жерде жерленіп, жандары мәңгілікке тыныштық тапқан. Сонымен қатар мұнда атағы алысқа кеткен шығыс базарлары сауданың көрігін қыздырған. Яғни ғасырлар бойы дамыл таппаған Түркістан қазір бай мәдениеттің орталығына айналуда. Мысалы, өткен жылы ашылған көпфункционалды «Фараб» кітапханасы басқа кітапханаларға мүлде ұқсамайды. Өзінің заманауи қырларымен ерекшеленеді. Біріншіден, жаңа ғимарат еуропалық үлгіден салынған. Екіншіден, жарық әрі мұнда жанға жайлы классикалық әуен үздік ойнап тұрады. Үшіншіден, жастарға барлық жағдай жасалған. Қала тұрғындары бұл жерде жалпы жастар мен оқырмандар үшін үлкен мүмкіндіктер жасалғанын айтады. Студент жастарға да үлкен мүмкіндік. Кітапхана қорында 250 мың кітап бар. Олардың ішінде араб, түркі, шағатай тілдерінде жазылған көне қолжазбалардың көшірмелері де кездеседі. Сондай-ақ коворкинг орталығы, дыбыс жазу студиясы, компьютерлік сынып, фото және бейнетүсірілімге арналған мультимедиа залы бар. Одан бөлек дәмхана, сыйлықтар дүкені және 390 орындық концерт залы жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, заманауи технологиялармен жабдықталған ғылыми-әмбебап кітапхана жастардың сүйікті орталығына айналған. Төрт қабатты ғимаратта кітапқұмар жастар білім алып қана қоймай, шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асырады. Бірінші қабаттың ерекшелігі – әлемдік Фаблаб жүйесі бар. Роботатехника және шығармашылықпен айналысуға арналған. Фаблаб жүйесінің түпкі мақсаты – келген оқырмандар мен жастарды шығармашылығын шыңдап, кітаптан көрген дүниесін немесе өзінің қиялындағы дүниесін бес машинаның лазерлік аппарат көмегімен жасап шығарады. Тарихта Мысырдағы Александрия кітапханасынан кейінгі екінші бай кітапхана Отырарда болған деген аңыз бар. Оны Шыңғыс хан Отырарды жермен-жексен еткеннен кейін түгелдей өртеп жібергені айтылады. Ал Түркістандағы жаңа кітапханаға Фараб есімінің берілуі де тарихи заңдылық дейді мамандар. Себебі 33-ке жуық әл-Фарабиді тәрбиелеп шығарған өңірде «Фараб» кітапханасының болғаны рас. Сондықтан бұл жерден де талай оқымыстылар шығатынына жұрт сенімді.
Осы арада айта кетелік, ағымдағы жылдың 11 айында облыс кітапханаларында оқырмандар саны 396590 құрап, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда 4 пайызға артып отыр. Кітапханалар 54928 дана жаңа кітаппен толығып, жалпы қор – 6 млн. 46 мың данадан асқан. Соңғы 3 жылда «Ең көп оқылатын 100 кітап», «Алтын қорға үлес қос», «Кітапханаға сый» акциялары ұйымдастырылып, кітапханалардың қорына сыйға берілуде. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Парақ Times» кітап жәрмеңкесі, ең көп кітап оқитын оқырмандар арасында республикалық «Бір мектеп – бір кітап» байқауы өткізіліп, аудандық, қалалық орталық кітапханалардың қатысуымен «Рухани керуен – Түркістанда» іс-шаралары ұйымдастырылды.
Тарих пен мәдениетті ұштастыратын Түркістандағы тағы бір көркем ғимарат – «Ұлы дала елі» орталығы. Мұражай Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында ашылған. Орталық 9 экспозициялық залдан тұрады. Мұнда мақаладағы «Ұлы Даланың жеті қыры» толығымен қамтылған. «Ұлы Даланың жеті қыры» дегеніміз – металургия, екінші – атқа міну. Атқа міну мәдениеті біздің қазақтан шыққан. Оған дәлелді толық осы орталықтан аласыз. Алтын адам. Есіктен табылған алтын адамнан бастап, қалған алтын адамдардың жиынтығы осы жерде. Оралдан «Тақсай аруы» деген алтын адам осы орталыққа әкелінеді. Алма, қызғалдақ, одан кейін «Ұлы жібек жолы» толығымен қай жақтан басталып, қай жақтан аяқталғанына дейін осы жерден мәлімет алуғаболады. Одан кейін Қазақ хандығы. Орталық тас дәуірінен бастап қазақ даласының барлық тарихын қамтиды. Мұнда тек тарихи жәдігерлер көрсетілмейді, барлық әр залда 7D форматтағы интерактивті мониторлар қойылған. Онда батырманы бассаңыз болды қазақтың хандары мен батыр, билері өздері билік құрған кездердегі түрлі оқиғалар туралы үш тілде әңгімелеп береді. Қалға келушілер Түркістанда керемет өзгерістер болып жатқанын айтып, қазақ хандығының өзі бір ұлы хандық болғанына, тілі, мәдениеті дамыған өте мықты мемлекеттердің бірі болғандығына көз жеткізеді. Ал мәдени-рухани аймақта орналасқан Түркістан музыкалық драма театры өзінің бірінші маусымын көрнекті драматург, жазушы Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасымен ашты. Жалпы ағымдағы жылдың 10 айында 3 театрда 5 жаңа қойылым сахналанды. Жалпы қойылымдар саны – 180-ге жетсе, 5 рет гастрольдік сапарлар ұйымдастырылды. Атап айтқанда: Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры 10-19 маусым аралығында Румынияның Тырговиште қаласында өткен Халықаралық Х «Babel F.A.S.T» фестиваліне Қазақстанның атынан қатысып қайтты. Сондай-ақ, осы жылы Түркістан музыкалық драма театры елордадағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында «Қорқыт туралы аңыз» қойылымын сахналады. Түркістан музыкалық драма театры 13 қазан күні Алматы қаласында өткен драматург Д.Исабековтің 80 жас мерейтойының құрметіне орай ұйымдастырылған фестивальде Д.Исабековтың «Бөрте» қойылымы бас жүлдеге ие болды. Ш.Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVIII республикалық фестиваліне Е.Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымымен қатысып «Айрықша пластикалық шешім» номинациясын жеңіп алды. Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында Б.Есеналиевтің «Ана жүрегі» драмасы, Түркістан музыкалық драма театрында Е.Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымы, режиссер Әлібек Өмірбекұлының инсценировкасы бойынша У.Шекспирдің «Гамлет», М.Әуезовтің «Қарагөз», И.Гетенің «Фауст» спектакльдерінің желісімен «Триптих трагедиясы» қойылды. Екі кәсіби театрда қойылыммен қамтылған көрермендер саны 25 365 болып, 2021 жылдың 11 айымен салыстырғанда 15 пайызға артқан.
Түркістан қаласының орнындағы алғашқы қоныстар осыдан мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Оны ғалымдар қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлерді зерттеу барысында дәлелдеген. Бұрын киелі шаһар негізінен дін мен тарихтың, руханият пен қолөнердің орталығы ретінде танылып келсе, қазір Түркістанның жаңа мәдени даму кезеңі басталды. Яғни Жібек жолындағы ең көне шаһарлардың бірі бүгінде инфрақұрылымы дамыған, мәдени орталықтары көз тартатын жасыл желекті, көрікті қалаға айналып келеді. Иә, заманы туып, облыс орталығы болған қастерлі шаһар енді ұлтымыздың рухын көтеретін келешегі кемел Түркістан ретінде де танылуда. Өзгеріс көп, заманауи да ерекше архитектуралық шешіммен, шығыстық үлгімен салынған жаңа ғимараттар көз қуантады. Туризмнің дамуына, зияратшыларға сапалы қызмет көрсетуге септігін тигізер нысандар бой көтерген. Үкімет тарапынан 2022 жылы Түркістан облысына келетін ішкі туристер санын 261 000 мың адамнан, шетелдік туристер санын 7200-ден асыру, келушілер санын 1 млн 300 мың адамға дейін жеткізу міндеті жүктелген. Облыс әкімдігінің мәліметіне қарғанда, төрт айдың қорытындысы бойынша «Әзірет Сұлтанға» 180 мыңға жуық адам зиярат етіп келген. Яғни келушілер үшін көне қаладағы жаңа нысандарға қарағанда кесененің алар орны ерекше. Түркістанның бүгінгі келбетіне сүйсінген келушілерді киелі қала мен Қ.А.Ясауи кесенесінің тарихы көбірек қызықтырады.
Қазақстанның тарихы Түркістаннан басталады десек те қателеспейміз. Түркістан бүгінде еліміздің тарихы мен мәдениеті бай, адамдардың рухани күш жинауға келетін орынға айналған. Қалада туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Халықаралық көлік магистралінің желісінде орналасқан көне шаһардың жаңаруы халықтың ізгі ниет-тілегінен туындаған өзгеріс. Бүгінгі қарқынды құрылыс, салынған инвестиция елдің игілігі үшін атқарылып жатқан дүние екені мәлім. Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы шешім кездейсоқ емес, ежелгі қаланың жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстары туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойын дәл осы Түркістанда бөліскен болатын. Түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келген Президент көне қаланы еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руха¬ниятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмарына балады. Бұл қасиетті жерді көздің қарашығындай сақтап, дамыту қажеттігін айтты. Түркістан қаласын дамытуға және облыстың келешегін қалыптастыруға бағытталған заң мен қаулылар қабылданды. Ал облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына сай 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бөлінді.
Түркістан тек түркі әлемі ғана емес, әлем саяхатшылары мен жаһангерлер тәнті болған қасиетті мекен ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің ілімімен тығыз байланысты. Өзінің «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие Қожа Ахмет Ясауидің есімін Түркістаннан немесе керісінше Түркістанды Ясауиден ажыратып қарау да мүмкін емес. Қожа Ахмет Ясауи Түркістанға тұрақтап, сопылық идеяларын уағыздаған ислам дінінің аса ірі, көрнекті өкілі болды. Оны рухани көсем санаған мұсылмандар тоғыз жүз жылдан бері ілімімен бірге жасап келеді. Ясауи негізін қалаған исламның тылсым құпиясы – сопылықтың қарапайым халықтық нұсқасы тез уақытта еліміздің барлық аймағына тарады. Ол Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарына ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді. Түркі халықтарына исламды тарату ісінің басы ғана емес, сонымен бірге Тәңірге табынушылық пен ислам мәдениеттерінің өзара ықпал ету үрдісі де Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты. Ясауи ілімі арқылы ислам қазақтардың рухани өмір салтына айналды да, кейінгі сегіз ғасырдың өн бойында жебеп келді. Қазақ хандығы мен қазақ халқы құрылғанда, солардың бастау бұлағында осы ілім тұрды. Ясауи ілімі – ең алдымен рухани-моральдық ілім. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл Ясауи жасаған ілім өз бастауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Ол осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Өз ілімінің барлық қағидаларын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты. Ясауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да ислами дүниетанымына негіз болып қаланды. Қожа Ахмет Ясауи түркілерге иманды, исламды ғана қайтарып қойған жоқ, сонымен бірге, түркінің көнеден келе жатқан мәдениетін, тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін түгелімен қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өйткені, VIII ғасырдың екінші жартысында ислам дінін қабылдаған түркілер X-XII ғасырларға келгенде өзінің дәстүрлі мәдениетінен, тілінен, мемлекеттік жүйесінен толығымен ажыраған болатын. Ясауидің ұстазы Арыстан бабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенелері – қазақ халқының ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтарына айналды. Кесене қазақ мемлекеттігінің нысанына айналып, жалпыұлттық зиярат-қорым қызметін атқаруда. Халқымыздың ұлы перзенттерінің мүрделері осы жерде сақтаулы. Сондықтан осынау тамаша ескерткішке, бас біріктірер ортақ кіндікке бүкіл ұлттың назарын аудару маңызды.
Түркістан қаласы дүниежүзілік ұйымға мүше болып, 2050 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Даму жоспары бойынша халықаралық деңгейдегі қаланың қатарына қосылады, яғни әлемнің Ыстамбұл, Рим, Иерусалим шаһарларының деңгейіне жеткізу көзделген. Ал осы көне қаламен есімі бірге аталатын Қожа Ахмет Ясауи қазіргі Сайрамда ол кезде «Мадинат ал Байда» дүниеге келді. Сайрам ислам топырағына жататын рибат функциясын атқаратын гарнизон, яғни исламның шекара аймағын білдірген. Қожа Ахмет Түркістанға ол кезде Иасы жеріне дін исламды тарату үшін арнайы тапсырмамен келген. Ясауитанушылардың мәлімдеуінше, оған сопылық танымдағы «суфра тұтмақ» деген термин дәлел. Аңызда да бұл аймақта, Құл Қожа Ахмет Ясауимен қайшылықта болған «Саур» халқы туралы айтылады. Ол кезеңде Саур халқы исламға әлі кірмеген отырықшы ел болатын. Ясауи осы жерде өзінің уағыз-насихатын жүргізіп, «ислам аша» келген. Насабнама деректерінде «Ислам аша» тіркесі бұл дін тарату механизмі ретінде танылады. Тарихшылар, оның ішінде ясауитанушылар жазып қалдырған деректерге жүгінсек, тарихи және геополитикалық жағынан Иасы сол кездің өзінде саудаға да, егістікке де, экономикалық жағынан өте ыңғайлы қоныс, өте маңызды кеңістік болған. Иасы халқы Қожа Ахмет Ясауи ілімін мойындап, исламды қабылдады. Ислам дінін таратуда саяси билікпен де, халықпен де ортақ тіл тапқан оны барша түркі тайпалары өздерінің ұстазы, пірі ретінде мойындады. Ясауиге қатысты «Сұлтан ул арифин», «Шайхул машайых», «Хазрат Сұлтан», деген лақап аттар кеңінен тараған. Ол кемел адам ретінде танылып, әулиелік мақамын мойындатқан тарихи тұлға ретінде, Иасыда жерленді. Ясауидің өмірден 1166 жылы қайтқаны жөнінде дерек Кашифидің «Рашахатында» бар. Жерленген жеріне кесене орнатылғаны туралы тарихи дерек Йаздидің «Зафарнамасында» кездеседі. Ясауи атақты әулеттен шыққан болатын. Атасы да, анасы да Сайрамда жерленген еді. Бірақ діни қағида бойынша Иасы қаласы оның мәңгілік мекеніне айналды. Ал «Піри Түркістанға» құрмет көрсеткен Әмір Темір жаңадан қайта кесене салдырды. Орыс ориенталистері Әмір Темір бұл кесенені көшпелі түрік тайпаларын өз ықпалына алу үшін салдырды деген тұжырым айтады. Бірақ Йаздидің айтуына қарағанда, Әмір Темір өзі сопылық тариқат мектебінің өкілі ретінде Ясауиге деген «махаббаты мен фана фи шшайх» принципі негізінде салдырған. Әулиеге жарасатын кесене тұрғызуды қолға алып, өзі архитектуралық жобасын әзірлетіп, оған Убайдулла Садрды басына жауапты етіп тағайындауынан пірге қызметі мен құрметін көруге болады. Ғалымдардың дерегінде Ясауидің жерленген жері сопылық таным бойынша «астана» ретінде қабылданатыны айтылады. Қожа Ахмет Ясауи қасына жерлену қазақ діни танымында адамның о дүниедегі орнын да кепілдікке алу ретінде қаралған. Яғни Ясауидің шарапатынан үміт етілген. Ясауитанушы ғалымдардың деректерінде қазақтың игі жақсылары Ясауидің «астанасы» мен «шарапатына» сенгенін, бұл жер киелі мекен саналғаны айтылады. Жалпы түркі ислам өркениетінде кез келген қаланың артында осындай «аситане» мен «шапағат» иесі бір әулие жатқаны мәлім. Яғни қазақ игі жақсыларының кесене маңына, Ясауи қасына жерленуінде діни қағида жатыр.
Түркістан Әзірет Сұлтан кесенесімен де киелі мекен, қасиетті жер. Зиярат орны. Ал зиярат жасау діни қағида. Ол қағиданың мәнінде діни сенім, діни таным, діни сана және діни тәжірибе жатыр. Ғалымдар Яссы, Түркістан қалаларының атауы Қожа Ахмет Ясауи есімінен қалған атау екенін айтады. Себебі Ясауиге «Пери Түркістан», «Хазірет Сұлтан» деген атақ берген. «Пери» дегеніміз – Түркілердің пірі, ұстазы мағынасында қолданылған. Кейіннен «Пери» деген сөз түсіп қалады да Түркістан сөзі қалып, ақыр аяғында киелі қала осы Қ. А. Ясауи атымен аталады. Демек, бұл қаланың өзі «Ясауидің қаласы» деген мағынаға келеді. Орта Азиядағы және қазақ топырағындағы қалалардың атаулары ешбір адам атына қойылмаған, тек Түркістан қаласы ғана Қ.А.Ясауи бабамыздың атымен аталған. Түркістан қаласының ерекшелігінің өзі осы Ахмет Ясауи тұлғасынан көрініс береді. Ғалымдар тұлғаның атымен аталатын қала – біріншіден, Түркі, ислам өркениетінің көрсеткіші, екіншіден, түріктердің ислам дініне кіруінің баспалдағы, табалдырығындағы үлкен процестерді анықтауға мүмкіндік беретін ұғым екенін, кейіннен ХІХ ғасырларда Түркістан ұғымы Оңтүстік Түркістан, Солтүстік, Батыс, Шығыс Түркістан деген сияқты ұғымдар қалыптасып, бүкіл түркі халықтары өмір сүретін кеңістіктің барлығы географиялық аймақтарға бөлінгенін айтады. Ғалымдар Түркістан атауы VII ғасырда пайда болғанын айтады. Ол түркілер мекені, елі дегенді білдіреді. Алғашқыда оның шекарасы Әмударияға дейін жеткен. Батыстан арабтардың, мұсылмандардың жаулап алу жорықтарынан кейін оның аумағы тарылып, XIV ғасырда Сырдың орта ағысы ғана Түркістан деген атауды сақтап қалған. Басында Түркістан атауы қаланың емес, аймақтың аты болған. Сондай-ақ ғалымдардың дерегінде XVI-XVII ғасырларда Ясы қаласының аты Түркістанға айналғаны айтылады. Қ. А. Ясауи туралы тарихи деректер көп. Ясауидің хихметтерінде де және Манахиб риссаларында оның туған жері Ақтұрбат, Ақсу, Ақшекер, Ақшақар, Түркия атауларымен беріледі. Оның қала Түркістан емес, облыс көлеміндегі Түркістанда туғаны да айтылады. Сайрамда туғаны жайлы мәліметтер де бар. Исфиджаб-Сайрам – ислам дінінің Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың орталығына айналған қала. Бүкіл ислам дінінің ғылымдары осы Исфиджабта дамығаны да айтылады. Себебі Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасында оның әліппе танып, тәлім алған жері – Сайрам. Исфиджабта Бахауддин Исфиджаби деген кісіден ислам ғылымдарының пәндерін үйренген. Демек, Ясауидің бірінші ұстазы – Бахауддин Исфиджаби. Ясауидің сәби балалық шағында ұстаз болған Бахауддин Исфиджаб Ясауи кемел пір дәрежесіне жеткен кезде, яғни бүкіл «Түркі елінің пірі» деген мәртебеге ие болған кезінде жаңағы Бахауддин Исфиджаб келіп, Ясауиге шәкірт болады. Тарихи деректерде Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим осы Исфиджабта өмір сүріп, қызмет еткені, ғалым және өте атақты шейх болғаны айтылады. Анасы Исфиджабтағы Мұса шейх деген Хазрет Ибраһимнің жан досы, қызметтесінің қызы – Айша. Қазақ оны Қарашаш ана деп кеткен. Аңызда Ясауидің 7 жасында жетім қалғаны айтылады. Кейіннен әпкесі Гауһар Шахназдың тәрбиесінде болды. Қожа Ахмет Ясауидің Ибрахим, Абдулла деген ұлдары болған. Пайғамбарымыздың ұлдарының атауы. Бірақ екі ұлы да қайтыс болып кеткен. Кейбір деректерде Ясауидің хан тұқымынан шыққаны туралы да айтылады. «Ол қандай хан тұқымы» дегенде Ясауидің дәуіріндегі басты хан тұқымы Қарахан әулеті туралы айтады. Аңыз түбі – ақиқат. Түркі халықтарының Түркістанды киелі, қасиетті мекен санауы жайдан-жай қиялдан шыға салған түсінік емес, терең тарихи тамыры бар танымдар жүйесі. Сол себептен де Түркістанды түркілер әр кезде арқа тұтты. Мысалы, атақты ақын Дулат Бабатайұлының «Қасиетті Қаратау, Аса алмаған сенен жау» деген сөзінде үлкен мән бар. Ислам дінін VIII ғасырдың екінші жартысында қабылдап, XII ғасыр қарсаңына келгенде түркілердің өзінің дәстүрлі мәдениетінен, тілінен ажырап, арабтану, парсылану үдерісін бастан кешіріп жатқанда Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тарих сахнасына шығып, сопылық ілім негізінде Йасауи жолын қалыптастыруы түркілерді қайта өзінің төл мәдениеті мен тіліне қайтадан бет бұрғызды. Бұл күрделі бетбұрыс, түркілердің рухани қайта жаңғыруы өзге орталықтарда емес, Түркістанда жүзеге асуы бұл жердің киелілік сипатымен тікелей байланысты десек артық айтқандық емес. Қожа Ахмет Ясауидің өз дәуіріндегі ірі Отырар, Исфиджаб, Тараз сияқты орталықтарға тоқталмай, Түркістанға келіп, орын тебуі бекер емес, сол көне рухани орталықты қайта жаңғыртуды мақсат еткен. Яғни Түркістан қаласының қадым заманнан діни орталық болғаны баршаға мәлім. Сондау Самани, Ғазнауи, Қарақан дәуірінен бермен Яссы шаһары мұсылман әлемінің шамшырағына айналды. Әсіресе, түркі жұртының рухани темірқазығы – Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың Түркістан қаласында дамыл табуы шаһардың атақ-даңқын арттыра түсті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, XV ғасырдың басында Шағатай империясының билеушісі Әмір-Темірдің Құл Қожа Ахмет Ясауидің басына алып кесене тұрғызуы Түркістанды төрткүл дүниеге танымал етті. Халық көп келетіндіктен, шаһарда керуен-сарайлар, сауда-саттық орындары мен қолөнер орталықтары жұмыс істейтін.
Бүгін де халық көп келетін, туристер қызығушылығы арта түскен Түркістанда керуен сарай, қолөнер орталықтары мен мәдениет нысандары халыққа қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда Түркістан облысында 691 мәдениет және өнер мекемесі халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетіп келе жатқанын айта кетелік. Оның ішінде: 395 кітапхана, 254 мәдениет үйі мен клуб мекемесі, 24 музей, 1 көркемсурет галереясы, 3 кәсіби театр, 2 мәдениет және өнер орталығы, 1 облыстық филармония, «Конгресс Холл» көпсалалы кешені, «Оңтүстікфильм» мекемесі, 9 саябақ бар. Облыс аумағында қызмет көрсететін 691 өнер мекемесінің 33-і облыстық мәдениет басқармасына, 658 мекеме облыстың аудан, қала әкімдіктеріне қарасты болып табылады. Негізгі іс-шараларға облыстық бюджеттен 2022 жылға 271114,0 мың теңге қаржы қаралды. Биылдың 11 айының қорытындысы бойынша халықтың барлық жіктерінің отандық және әлемдік мәдениет туындыларына қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында іс-шаралардың саны 30 мыңға жуықтаған. Атап айтқанда, Түркістан қаласында ІІІ «Voice of Turan» Халықаралық қазақ әндерінің байқауы, халықаралық суретшілер симпозиумы, ІІ республикалық «Түркістан дауысы» жас эстрада әншілерінің байқаулары, «Бал таңдай» облыстық балалар өнер фестивалі аясында «Кел, билейік!» би байқауы мен «Бабадан қалған - асыл сөз» термешілер байқауы өтті. Ағымдағы жылдың 17-21 мамыр аралығында Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Рухани қазына – 2022» өнер фестивалі өтіп, облыс 2022 жылғы «Рухани өлке» статусына ие болды. Сондай-ақ, аталмыш фестивальде облыстық мәдениет мекемелері мен қызметкерлері 6 номинация бойынша – «Үздік экскурсия жүргізуші – 2022» номинациясы бойынша «Ұлы Дала Елі орталығы» жалпы экскурсия бөлімінің экскурсия жүргізушісі Дилорам Таусарова, «Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығы құрметіне кітапханалар арасында» номинациясы бойынша А.С. Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасы, «Креативті маман» номинация бойынша «Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы» директоры Мейіржан Алиакбаров жеңімпаз атанды.
Ал «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 26 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 15 806 көрермен қатысты. Биылдың 11 айында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өткізілген концерттік бағдарламалар саны 55 пайызға, көрермен саны 56 пайызға артқан. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 11 айында «Оңтүстікфильм» мекемесі 124 бейнематериал дайындап, Онлайн, офлайн форматта 168 кинокөрсетілім өткізіліп, 21455 көрермен қамтылды. Ал 24 музейде келушілер саны 231 637 болып, 2021 жылдың 11 айымен салыстырғанда 63 пайызға артты. Ағымдағы жылы облыстағы 8 музей және филилалдарда ағымдағы жөндеу мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өңірде жалпы 10 ескерткіш, оның ішінде, Түркістан қаласында Ахмет Байтұрсынов бюсті орнатылды. Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде Түркістан қаласындағы жаңадан түскен №30 көшеге Аднан Мендерестің есімін беру бойынша заңдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде қарқынды құрылыс мекеніне де айналған Түркістан – нағыз ұлылардың ордасы, руханияттың, мәдениеттің астанасы екені аян. Сонау ортағасырларда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауидан бастап, үш жүздің басын біріктірген хан Абылай мәңгі тыныш тапқан Түркістан бүгінде тәуелсіз еліміздің рухани астанасына айналды. Түркістанның тарихи қайта жаңғыруы – түркілік ортақ руханият пен құндылықтардың тарихи бастау-көздерінің жаңғыруы деген сөз.