Мемлект басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында Ұлы Даланың тарихын ежелгі дәуірден бастап қазірге дейін зерттеуді одан әрі жалғастыруға ерекше назар аудару қажеттілігі туралы баса айтқан болатын. Ұлттық тарихтың кейбір толық қамтылмаған немесе мүлдем қозғалмаған тұстары ескерілуі қажет. Яғни мемлекеттілік дәстүрінің практикалық үздіксіз тізбегі, қазақ халқының ежелгі заманнан бері автохтондылығы, Ұлық ұлыс пен Қазақ хандығының сабақтастығы және тағы да басқа өзекті мәселелер басты назарда болуы тиіс.
Осы орайда Түркістанның тарихы терең зерттелуде екенін айта кетелік. Өңірде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде тың мәліметтер көптеп жария етілері анық. Киелі Түркістанның жасына қатысты түрлі пікірлер де айтылуда. Мысалы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде шетелдік ғалымдар мен археологтардың қатысуымен өткен жиында Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаевтың Түркістан қаласына кемінде 3000 жыл екендігін айтқан дерегі де себеп болып отыр. Тарихы терең Түркістан қаласына 3000 жыл болғандығын деректер арқылы жұртшылыққа жеткізуді мақсат еткен «дөңгелек үстел» барысында тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев Түркістанның 1500 жылдығын атап өткен кездегі мәліметтер кеңестік дәуір деректері екенін айтып өткен болатын. «Ол кезде елімізде жүргізілген іргелі зерттеулер болған жоқ. Ежелгі Түркістан урбанизациясының өзіндік терең тарихы бар. Демек, біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырда тайпалар осы территорияда өмір сүрген. Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттей отырып, біз екі ежелгі қорымдарды ашамыз. Мұнда табылған жерлеулер мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататыны сөзсіз. Бұл жәдігерлер мұнда өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін көрсетеді», – деді Бауыржан Байтанаев. Алайда археолог, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа Түркістанға 3000 жыл деуге ғылыми негіз жоқ екенін айтады. «Қалалардың жасы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде анықталады. Бұл Түркістанға да қатысты. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Әзірет Сұлтан кесенесіне жақын жердегі Күлтөбеде қазба жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде қаланың ең төменгі мәдени қабатының бесінші, алтыншы ғасырларға жататыны анықталды. Осыған сүйене отырып, ғалымдар қаланың жасы 1500 жыл деген қорытынды берді. Археолог, ғалым Мадияр Елеуовтің жетекшілігімен 2000 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ археологтары Күлтөбенің бір бөлігіне стратиграфиялық шурф салды. Оның нәтижесі қала жасының 2 мың жыл екенін көрсетті. Бұл кезде Түркістанның 1500 жылдығына дайындық жүріп жатқан. Күлтөбедегі қазба жұмыстарын көп жылдар бойы белгілі археолог, марқұм Ерболат Смағұлов жүргізген. Ол бертінде қаланың табанында жатқан ең төменгі мәдени қабаттың осыдан 2200 жыл бұрынғыға тән екендігін анықтады. Мұның бәрі де нақты айғақтық жәдігерлермен нақтыланған. Қаланың жасын одан әріге ұзартатындай мәдени қабат табылған жоқ», – дейді Мұқтар Қожа. «Ақиқат пікірталастан туады» демекші, ғалымның киелі қаланың жасына қатысты бұдан басқа да айтар өз уәжі мен дәлелді деректері жоқ емес. Бауыржан Байтанаев Түркістанның айналасынан қола дәуіріне тән қорымдардың табылғанын алға тартады. Ал Мұқтар Қожа қорым қала емес, ғылыми тұжырым нақты негізге, айғаққа сүйене отырып жасалатынын, Түркістанның жасы 2200 жыл дегенге материалдар барын айтады. Бұл пікірін Мұқтар Қожа шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткен жиында да жеткізіпті. «2000 жылдары осы аймаққа белгілі жазушы, түркі әлемінің мақтанышы Шыңғыс Айтматов келді. Мұражаймен танысып болған соң ол менен мамандығымды сұрады. Менің археолог екендігімді білген соң Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласына 3 мың жыл деген тұжырымға қалай қарайтынымды сұрады. Мен Ош қаласындағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысқанымды, қала ортасында 3 мың жылға қатысты мәдени қабаттардың, елді мекен орны барын айттым. Міне, Түркістанның да 3 мың жылдық тарихы барын көрсететін, өзгелердің көзін жеткізетін осындай дәлделдер болуы қажет. Сол дәуірге тән елді мекен орны табылуы тиіс. Ал егер ертең ЮНЕСКО бізден 3000 жылды дәлелдерлік материал сұраса, не көрсетеміз? Қолымызда ештеңе жоқ»,– дейді археолог ғалым. Мұқтар Қожа бұған дейін ғылыми еңбектерінде Түркістанның ескі атауы Ясы екендігін, ал тарихтағы Шауғар қаласының орны қазіргі Қарашықта жатқанын жазған болатын. Мысалы, 2000 жылы қаланың мерейтойы кезінде шыққан «Ясы-Түркістан тарихы» атты кітабында тарихи деректерде Ясы ХІІІ ғасырдан белгілі болғанын, сол кезде армян патшасы Гетумның жүрген жолы туралы жазылған қолжазбада Сауран мен Отырардың арасында «Асон» деген қаланың бары келтірілгенін, тарихшылар Асон осы Ясы деген қорытындыға келгенін жазады. Бірақ Ясы ХІІ ғасырда да болған және солай аталған. Мұны сол дәуірде өмір сүрген Ясауи бабамыздың аты-жөні -лақабы дәлелдеп тұр. Сондай-ақ ғалым Түркістанның түркі әлемінің орталығы болғандығын айғақтайтын дәлелдер жөнінде де өз пікірін білдірді.
Күлтөбенің орталық бөлігін қазған кезде археолог Ерболат Смағұлов көне түркі руналық жазуы бар қыш ыдыс тапқан. Бұл жазулар ІХ ғасырдың қабатынан шыққан. Бұған дейін Ескі Сауранның орны – Қаратөбеден осындай көне түркі руналық жазуы бар құмыра шыққан еді. Яғни ІХ ғасырда арабтар жаулап, ислам діні таралды деген күннің өзінде Түркістанның төңірегінде халық түркі жазуын қолданған. Мұқтар Қожа бұл Түркістанның бүкіл түркі мәдениетінің орталығы болғандығының бір ғана дәлелі екенін айтады. Түркі халықтарына Қожа Ахмет Ясауи ортақ тұлға. Түркі халықтарының ислам дінін қабылдауына Ясауи идеясының ықпалы зор болған. Ол исламды өзіндік тілді, ұлттық болмысты сақтай отырып қабылдауға күш салған. Ясауидің еңбектерінде Құдай, Алла сөздерінің орнына Тәңірі деген сөздердің қолданылғаны да содан. Зерттеушілердің айтуынша, Ясауидің сопылық зікірлерінде көне түркілік дәстүрлер байқалады. «Түркістан атауы VII ғасырда пайда болған. Ол түркілер мекені, елі дегенді білдіреді. Алғашқыда оның шекарасы Әмударияға дейін жеткен. Батыстан арабтардың, мұсылмандардың жаулап алу жорықтарынан кейін оның аумағы тарылып, XIV ғасырда Сырдың орта ағысы ғана Түркістан деген атауды сақтап қалған. Басында Түркістан атауы қаланың емес, аймақтың аты болған. Уақыт өте келе XVI-XVII ғасырларда Ясы қаласының аты Түркістанға айналды. Жер шарында Түркістан біреу ғана. Мұндай жер атауы бізден басқа бірде-бір түркі мемлекеттерінде кездеспейді. XVIII ғасырда Түркістанда Қазақ хандарының отырғаны, елшілерді қабылдағаны, хан сайлау өткені белгілі. Ал Қытай шабуылына қарсы мұсылман елдерінің басшылары одақ құруды талқылайтын күллі қазақ бас қосқан жиынның осы Түркістанда өткені тарихи деректерде көрсетіледі. Қазақ тарихы үшін аса қымбат қала»,– дейді Мұқтар Қожа.
Соңғы жылдары Түркістанда тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қазір қызу жүруде. Қала өзгерген. Ал тарихи дүниелердің түпнұсқалығын сақтауда бірқатар өзекті мәселе бар. Бұл орайда ғалым асығыстықтың, науқаншылдықтың барын айтады. Жөндеу жұмыстары кезінде бір нәрсені қосып, жаңалық енгізгісі келетіндер де жоқ емес. «Мен 2000 жылдары Отырарда реставрация жұмыстарын жүргізген жапон ғалымдарымен араластым. Олар кез келген нысанның тарихи мәнін жоғалтпай, сол қалпында сақтап қалуға тырысады. Жапондардан осы жағына келгенде үйренетін нәрсе көп. Туристерге де жасанды нәрседен түпнұсқа қызық емес пе?! Ал бізде біраз нәрселерді артық қыламыз деп тыртық қылып жатады. Басқаны былай қойғанда басты байлығымыз Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілмеуі керек еді. Мұны уақтысында Өзбекәлі Жәнібековтің өзі айтып кеткен. Себебі көгал болған жер суарылады. Ал мұның бәрі де ылғалдың көбеюіне, жер астындағы су деңгейі көтерілуіне алып келеді. Ал ылғал дегеніңіз ғимараттың нағыз жауы. Ескерткіштің қабырғаларына тұз көтеріліп қышты, ғимарат бөліктерін бұза бастайды. Онсыз да 2000 жылы реставрациялау жүргізу кезінде терең фундамент құйып, кесенеге гидроизоляция жасалмаған. Ауылда қарапайым үй салғанда іргетастың астына қарақағаз төсейді. Мұнда ол да жасалмаған. Астындағы ылғалды осы цемент іргетас сорып, кесененің іргесіндегі қабырғалардан тұз шығып тұр. Отырар қалашығына қатысты да ойланатын мәселелер бар. Заң бойынша тарихи ескерткіштердің орнына құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Ал Отырар қалашығында қақпа, 200-300 метрлік қорғандарды шлакоблокпен қалап, сыртын сылап тастаған. Күллі қаланың тарихи пошымын бұзып тұр. Ол жерде ешқашан қорған болмаған», дейді ғалым. Сондай-ақ Мұқтар Қожа Археология институтының қызметкерлері тұрақты жалақымен қамтамасыз етілмегеніне қынжылысын жасырмады. Түймедей дүниелерді түйедей етіп көрсету, арзан сенсация қуу ғылымға, әсіресе, археологияға ешқандай да абырой әпермейді деп есептейді. Түркістанға 3000 жыл екенін айтушы түркістандық археолог-ғалымдар да баршылық. «Түркістанның жасы 1972-74 жылдардан бері талқыланып келеді. Қаланың жасын анықтауға бір шурф жеткіліксіз. Мысалы, Қазан қаласына татар ғалымдары 24 жерден шурф салып зерттеген. Былтыр күзде Күлтөбеде қазба жұмыстары жүргізіліп, үшінші шурф нәтижесінде бірқатар жәдігерлер табылды», деген археолог Марат Тұяқбаев өңірде жүргізілген қазба жұмыстары, тарихи мәліметтер, табылған құнды жәдігерлер Түркістанға 3000 жыл деуге негіз бола алатынын айтады. Сондай-ақ көпшілік арасында Түркістанның жасына қатысты неге дөңгеленген дата, яғни 3000 жыл айтылады, неге 2800 немесе 2775 жыл емес деген сұрақтың туындауы да заңды. Яғни Түркістанның жасы нақтылауды қажет етеді. Қалай болған күнде де бұл мәселенің тоқетерін тарихшы, археолог мамандардың еншісіне қалдырайық.
Тарихын түгендеп, одан тағылым ала білген елдің тамыры берік болатынын айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілгенін атап өткен. «Бұрын бәймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты. Дегенмен, сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқ па? Мұндай іргелі ізденістердің нәтижесі тек осы сала мамандарының игілігіне ғана айналуы орынсыз. Оны қалың жұртшылыққа түсінікті және қолжетімді ету қажет. Өйткені тарихшылардың ғана емес, барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс», деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда, яғни ел тарихына қатысты жаңалықтар Түркістанда бұқараға жария етіліп, насихатталып келеді. Мысалы, Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған ғылыми кеңесте тағы да 12 тұлғаның Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен маңына жерленгені туралы тарихи деректер мақұлданғанына жұрт хабардар етілген болатын. Тізімге енген он екі тұлғаның тарихын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде олар жайлы деректер мен мәліметтер толыққанды жинақталған. Сондай-ақ ғалымдар бұдан басқа да тізімге енбей қалған тұлғалар жайлы мәліметтер ұсынуда. "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жанынан құрылған кеңестің әр отырысында ғылыми тұжырымдамалар тарихшы, ғалымдардың жіті сараптауынан, зерттеп, талқылауынан өтіп барып бекітіледі. «Діни-рухани тұлға Қожа Ахмет Ясауидің айналасында жатқан хан-сұлтан, батыр, билеріміздің ішінде анықталмағандары әлі де көп болуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл бағытта зерттеу жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Сонымен қатар, күні бүгінге дейін кесенеде жерленген тұлғалардың игі жақсылар санатында тұрған Қоңыршұнақ Ердес Шүренұлы батырлар тізіміне ауыстырылды. Өз заманында беделді, атақты әрі би, әрі батыр, әрі датқа болған Ердес батыр Шүренұлы туралы жазба дерек аз болғанымен, ел арасына тараған ол кісінің палуандығы, батырлығы, датқалық қызметі жайлы аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі», – дейді қорық-музей қызметкерлері. Ал ғылыми кеңес мүшесі, тарихшы, ғалым М.Тұяқбаев осы уақытқа дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңында жерленген тұлғалар тізіміне Жолбарыс хан (Са’д Әулие), Әбділлә хан, Бибі Хисаб, Қазыбек би, Шоң би, Абылай хан, Сүйініш хан, Қоқырас хан, Әулие хан, Шорнағат хан, Ілияс хан сынды тұлғалар енгенін айтады. Алайда, неге екені белгісіз Марқаді Мүннавара Паклар, Фам ғашық зікірші, Шихаб ад-дин Сарвар, Шайх Наджим ад-дин, Баба Ғариб, Үндемес ата, Жеті Ата, Үшбас Ата, Сұлтан Ибраһим сынды тұлғалар енбей қалған. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорында зиярат әдебіне қатысты Садық Сапабекұлының қолжазбасы сақталған. Өкінішке қарай, оның туған және қайтыс болған жылы белгісіз. Ол 1907 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, зиярат әдебін қалай жасау қажеттігі жөнінде жазып қалдырған. Онда зиярат ету кезінде құран оқып, дұға қылған жерлерді ізімен көрсеткен. Олар: Жолбарыс хан (Са’д Әулие), мешітте екі бас намаз оқу, Бағдизан Ақ Топырақ әулие, «Фатиха», «Ыхылас», «әл-Курси», «Мүлк» сүрелерін оқу, Марқаді Мүннавара Паклар, Әбділлә хан, Бибі Хисаб, Қазақ халқының әзіздері – Қазыбек би, Шоң би т.б., Абылай хан, Сүйініш хан, Қоқырас хан, Әулие хан, Шорнағат хан, Ілияс хан, Құдықтан су ішу, «Халим-аба» тағамы дайындалатын жер, «Халауат» мешітіне кіру, Фам ғашық зікірші, Шихаб ад-дин Сарвар, Али Қожа Ата, Шайх Наджим ад-дин, Баба Ғариб, Үндемес ата, Жеті ата, Үшбас ата, Сұлтан Ибраһим, Имам Марғүзи-Көк тонды ата, Қошшы ата (Құшата), Гауһар ана, Арыстан бабқа зиярат етіп, түнеу қажеттігін жазып қалдырған. Садық Сапабекұлы бұл орындардың бәрін Түркістанға зиярат етіп келген кезде көзімен көріп, марқұмдарға құран бағыштаған. Бұлардың ішінен Фам ғашық зікірші, Үшбас атадан басқасының жерленген жерлері анық болып отыр. Ал Жәмилә шын мәнінде Қожа Ахмет Ясауидің өкіл қызы болып табылады. Бұл жайлы Гауһар ана кесенесін зерттеген жұмыс есебінде де жазылған», деді тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Марат Қымызұлы. Ғылыми кеңес мүшелерінің айтуынша, Жәмила жайлы М.Е.Массонның «Мавзолей Х.А.Ясеви» атты еңбегінде «1896 жылы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын жерде оның қызы Жамал ханымның мазары, ал кесенеден қашықтау жерде оның Гаухар-хуштадждың кесенесі бар», деген деректерді кездестіруге болады. Сондай-ақ басқа қолжазбаларда да Ясауидің өкіл қызы Жәмила жайлы мәліметтер бар. Ясауитанушы, ғалым Д.Кенжетай да түркістандық Нажимов Оразбайдың үйінде сақталған «Насабнамада» Қожа Ахмет Ясауидің Жамал есімді қызы жазылғандығын растайды. Ал, бүгінге дейін тізімге енбей келген Шахабаддин Исфиджаби (Әзіреті Молла) жайлы деректерде оның Қожа Ахмет Ясауимен бірге Исфиджабтан келгені айтылады. Кейбір мәліметтерде оны Ясауидің ұстазы ретінде де көрсетеді. Тізімге енгізілген тұлғаның бірі Қожа Әлидің құлпытасы Кіші Ақсарай бөлмесінде сақтаулы тұр. Құлпытастағы жазуды 1978-1980 жылдары текстолог Ә.Дербісәлиев аударған. Ол жерде «Тәшкенттік Мір Османбай мырза Кәрімбай 1916 жылы қайтыс болды», деген жазу сақталған. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметінің дерегінше, қазіргі таңда кесенеде жерленген діни-рухани тұлғалардың саны – 51-ге жетсе, Темір, Шәйбан әулеттері мен Қазақ хандығы тұсында жерленген 17 тұлға, қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 63 батыры, 5 әзіз анасы, 10 датқа мен болыс, 30 игі жақсының есімдері белгілі.
Сондай-ақ мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей ұйымдастырған «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициялық жобасы аясында Қожа Ахмет Ясауидің нағашысы Тағайын ата қолданған асатаяқ пен қолжазба табылғанынан жұрт жақсы хабардар. Бұл мұраларды Тағайын ата кесенесінде ата-бабаларынан бері шырақшы қызметін атқарып келе жатқан әулет сақтап келген. Өзбекстан Республикасының Наманган қаласындағы Ясауи бабамыздың ұрпағының қолынан Насабнама қолжазбасының бір үлгісі мен мөрі табылған болатын. Енді нағашы жұртынан қалған асатаяқ табылып отыр. «Қасиетті де киелі әулие Тағайын атамыздың қабірін күтіп, сақтап, басына құран оқып келушілерге қызмет ету бақыты оның жан жолдасы болған бабамызға бұйырған екен. Яғни ең бірінші шырақшы болған – Боғи шайық бабамыз. Бұл қызмет атадан балаға жалғасып келеді. Дін жолында тазалық пен адалдықты берік ұстаған бабаларымыз ұзақ өмір сүрген. Өздеріңіз білесіздер, Қожа Ахмет Ясауидің шешесі Қарашаш анамыздың шыққан тегі діни ілімді, батыр, қасиетті жандар болған. Қарашаш анамыздың бауыры Тағайын ата осы асатаяқты қолынан тастамаған екен. Қасиетті жанның қолданған затын шырақшы бабаларымыз да көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатыр. Асатаяқ 800 жыл өтсе де әлі күнге дейін шіріп, бұзылмай берік қасиетін сақтап тұр. Ал мына қолжазбада не жазылғаны жайлы беймәлім. Көне жазу және шеңбер, үшбұрыш, төртбұрыш етіп салынған белгілер ішінде түсініксіз жазулар. Бұл кітаптың құпиясын менен бұрынғы аталарым да шеше алмады», дейді Шарипулла Хайдарұлы жәдігердің тарихы жайлы. Тарихи деректерде Тағайын атаның шын есімі – Нуриддин екені айтылады. Оның батырлығы мен білімдарлығы, ерекше қасиетіне бас иген халық Қожа Ахмет Ясауидің шешесі Қарашаш ананың құрметіне орай «Тағайын ата» деп атаған. Тағайша бибі – Қарашаш ананың шын есімі. Бұл пікірді, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ясауитанушы Зікірия Жандарбек те қолдайды. «Ахмет Ясауидің анасы Тағайша бибінің лақап аты – Қарашаш ана. Кейбір кісілер Қарашаш ананың есімі Айша болған деп те жаңылысып жатады. Айша Мұсақожақызы – Ясауидің әйелі. Мұсақожа Ибрахим шайықтың шәкірті және Түркістанға жіберген өкілі. Қожа Ахмет Ясауи сол кісінің қарамағына қызметке келіп, қызы Айшаға үйленеді. Бұл деректер Насабнама қолжазбаларынан алынған. Насабнама қолжазбалары Ясауи жолының тарихы болып табылады», дейді тарихшы Зікірия Жандарбек. Шығыстанушы Н.И. Веселовскийдің жазбасынан Қожа Ахмет Ясауидің әкесін Ибрахим шайық анасын Тогайбича деп көрсеткенін кездестіруге болады. Бұл туралы мәліметтер ғалым М.Мирхалдаровтың "Сайрам тарихы" туралы кітабында да бар. Сондай-ақ, белгілі ғалым Мұхтар Қожа мен Ю.А.Елгиннің еңбектерінде де Тағайша бибі жайлы деректер көрсетілген. Тағайын ата (Нуриддин шайық) мен Тағайша бибінің туыстық байланысы туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар. Бір деректерде Нуриддин шайық елдің тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтаған батыр, мейірімді әрі қасиетті жан болғандығы айтылады. Сондықтан да қазіргі күнге дейін оның мазарына түнеп, құран бағыштап, Алладан бала тілеген ерлі-зайыптылар көп келеді екен.
Ел сыртындағы жәдігерлерді елге қайтару, бабадан мирас болып келе жатқан мұралар мен деректерді іздеп тауып, қорық-музей қорына жинақтау, ғылыми тұрғыда зерттеу музей әкімшілігінің алға қойған негізгі мақсатына айналған. Иә, Қожа Ахмет Ясауидің нағашылары қолданған асатаяқтың табылуы жұрт жақсы қабылдаған қуанышты хабар. Тәуелсіздік алғанға дейін тарихи деректердің, соның ішінде Ясауиге қатысты діни-рухани мәліметтердің көптеген бөлігі жойылып, талан-таражға түсті. Кесененің өзі қандай халде болғандығы баршаға мәлім. Тәуелсіздік жылдары тарихымыздың тамыры қайта оянып, суалған, қуарған үміттер оянып, жоғалған мұралар табыла бастады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен мұраларын қайта жаңғырту мақсатындағы жұмыстардың нәтижесінде көптеген игі істер атқарылып, қазіргі күні төрткүл дүние тамсанатындай келбетке ие болды. Ғалымдар түркі жұртының орталығы Түркістанның түлеп жатқан тұсында рухани тұлғаға тән тарихи мұралардың да табылуы Ясауи әлемін зерттеуге, тануға ашылған қақпа деп біледі. «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясы да өз нәтижесін беруде. Қазыналы қариялардың қолынан табылып жатқан барлық мұралар тиісті сала мамандарының көмегімен зерттеліп, анықталатын болады. Асатаяқ пен қалың қолжазбадағы жазулардың мән-мағынасын мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің мамандары анықтайтын болады.
Түркістанда соңғы кездері танымдық та, бірлік-ынтымаққа үндейтін де, экономикалық қарым-қатынасты нығайтатын да түрлі деңгейдегі іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Соның бірі «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық конференцияда Қарахан мемлекеті дәуірінде (Х ғасыр) Түркістан топырағында көне түркі тіліне аударылған алғашқы Құран кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған бұл бірегей басылым біздің заманымызға жеткен Құран аудармасының ең көне әрі толық нұсқасы саналады. Бүгінде бұл қолжазба Ыстамбұл қаласындағы Түрік және Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр. Түмен ғасыр талай әулиелер мен ғұламалар сусындаған мыңжылдық мұраның жарық көріп, туған топырақпен қайта қауышуы Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы атануымен тұспа-тұс келгені де бекер емес. «Алаштың ақиық ақыны Мағжан «Түркістан ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі» деп жырлағандай, Түркістанды түгел түркінің рухани астанасы санаудың айғақтары жеткілікті. Соның бір айғағы – мың жыл бұрын аударылып жазылған осы Құран кітабы. Ғалымдардың пікірінше, Құран алғаш түркі тіліне 950 жылдары аударылған. Басқаша айтқанда, біздің тіліміз Құран алғаш аударылған екі тілдің бірі. Бұл біздің тіліміздің бай, қуатты, құнарлы екенін көрсетсе керек. Сонымен қатар сол тұстағы түркі ғалымдарының білімі мен біліктілігін де айғақтай түседі. Өйткені Құранның бай тілі мен мазмұнын сөзбе-сөз, жолма-жол аударып шығу үлкен біліктілікті қажет ететіні белгілі. Бұл Құран аудармасының бірнеше нұсқасы қазірге жеткен, бірақ солардың ең толық нұсқасы тұңғыш рет жарық көріп, Түркістан жерінде тұсауы кесілуі - рухани астанамызға тамаша тарту болды деп ойлаймыз», деді Халықаралық Түркі академиясының президенті. Ал ТҮРКСОЙ ұйымының Бас Хатшысы Дүйсен Қасейінов Түркі әлемінің тарихы, әдебиеті, тілі мен мұрағаты тұрғысынан аса маңызды жұмыстар атқарып келе жатқан ұйымдардың бірі – Түркі академиясы екенін атап өтті. «Түркі академиясының шамамен мың жыл бұрын Қарахан мемлекеті дәуірінде Түркістан аймағында түркі тіліне аударылған «Құран Кәрімнің» ғылыми көшірмесін қайта дайындап, басып шығарғаны, «Түркі тілі және Жүніс Әміре жылы» аясында Қожа Ахмет Ясауидың шәкірттерінің бірі, сопылық ағым өкілі, ақын Жүніс Әміренің өлеңдерін қазақ тіліне аударып басу және Түркістан аймағын жан-жақты сипаттайтын көп томдық «Түркістан» энциклопедиялық кітаптар сериясын дайындау жұмыстарын жалғастырып жатқаны туралы хабардар болдық. Бұл хабар бізді айрықша қуантты. Түркі академиясына осы маңызды жұмыстары үшін алғыс білдіріп, шын жүректен құттықтаймыз!», деді Дүйсен Қорабайұлы. Сондай-ақ ол Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ мен ТҮРКСОЙ арасындағы ынтымақтастық байланыстардың күн өткен сайын артып келе жатқанын айтып өтті. Тарихтың ауыр сынақтарынан өтіп, бөлініп-бөлшектеніп, қаншама қиындықты артқа тастаған бауырлас түркі елдері мен түркі халықтарының бүгінгі таңда келешекке бірге қадам басуға деген ұмтылысын Түркі кеңесі Бас Хатшысының орынбасары Өмер Кожаман ХХІ ғасырдың стратегиялық тұрғыдан аса маңызды өзгерістерінің бірі ретінде атады. Идеалымыз, мақсат-мұратымыз – ата-бабаларымыз бірге өмір сүрген Түркістан аймағында кезінде жалындап тұтанған бірлік пен ынтымақтастық алауын келешекке жеткізу, оны күшейте түсу. «Алдағы кезеңдерде Түркістанда түркі мемлекеттерінің жеке-жеке инвестицияларына куә боламыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Арнайы экономикалық аймақ» құру мақсатында тиісті жұмыстар басталады. Түркістанның үлкен экономикалық, сауда және инвестициялық әлеуетін түркі мемлекеттері пайдаланатын болады. Түркістанның түркі өркениеті тұрғысынан тарихи маңызын одан әрі аша түсу мақсатында ТҮРКСОЙ және Түркі Академиясының жетекшілігінде археологиялық қазба жұмыстарын жандандырамыз. Сондай-ақ Түркістанды және Қожа Ахмет Ясауиды әлемге кең таныта түсу үшін ықпалды халықаралық ұйымдарда ортақ іс-шаралар өткіземіз. Осы кезеңде Түркістанның рухани астана деген сипатын одан әрі күшейе түседі. Мысалы, Түркі мемлекеттері арасындағы институалды ынтымақтастықты көрсететін көп тарапты ұйымдардың Түркістанда өз кеңселерін ашу немесе Еуропа Парламенттік Ассамблеясына ұқсас бір Парламенттік Ассамблеяны Түркістанда құру мәселесін қарастыру. Осындай бастамалар мен жұмыстарымыз арқылы көздеген басты мақсатымыз – Түркі әлемін ХХІ ғасырдың ең маңызды экономикалық, мәдени және өркениетті орталықтарының біріне айналдыру. Осы істерде атажұртымыз Түркістанның және Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мирасын өзімізге жолбасшы етіп алғымыз келеді», деді Өмер Кожаман. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова өз сөзінде оқу орнының білікті маман даярлаудағы маңызы мен міндетіне тоқталды. «Яссы» және «Түркістан» атауларының тарихын, бұл жер ежелгі түркі тайпалары үйсін, қаңлы, қарлұқ, қыпшақ, оғыздардың ата мекені, Сыр бойы мен Қаратау барша көшпелі түркі халықтарының панасы болғанын еске салды. Түркістан қаласының «Түркістан» деп аталуы тікелей Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тарихи тұлғасына қатысты екенін жеткізді. «Құран кәрімнің Түркі тіліндегі алғашқы аудармасы, Ахмет Ясауи бабамыздың Түркілік мәдениеті мен Ислам діні арасында салған рухани көпірі біздерге үлкен өнеге. Біз бұл тарихи және рухани байлықтарымыздан үлгі алып, олардың ашып берген жолдарын одан әрі дамытуға тиіспіз. Дамытып жатырмыз да деп ойлаймын. Киелі Түркістанның мәртебесіне және университетіміздің атына сай «Теология» факультетін ашқалы отырмыз. Кешегі советтік жүйеден бас тартып, тәуелсіз демократиялық, құқықтық, зайырлы, әлеуметтік республика құру жолындағы маңызды бетбұрыс «рухани жаңғыру» стратегиясы бізге осынау бастамаға ұйытқы болуға күш қуат берді. Теология факультеті елімізде тұңғыш болуымен де құнды. Бұл факультетте Қ.А. Ясауи бабамыздан мирас болып қалған ілім мен ғылым түсінігі негіз болады. Дін социологиясы, дін философиясы және Ислам өнері сынды елімізде бұған дейін мән берілмей келе жатқан маңызды салаларға ғылыми назар аударып, бұл салаларды зерттейтін ғалым тұлғаларды қалыптастыру факультетіміздің негізгі миссияларының бірі», деді Жанар Темірбекова. Ал Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ержан Мұқаш тарихи басқосуды ұйымдастырып, қасиетті Құран Кәрімнің көне түркі тіліндегі алғашқы нұсқасын қайта баспадан шығарған Түркі академиясы мен ұйымдастырушыларға министрліктің жалынды сәлемі мен терең алғысын жеткізді. Ясауи ілімі ізгілік пен мейірбандылықтың туы болған. Түркістан ғұламалары дәстүр сабақтастығын жалғастырып, ежелден адамзатты білім мен өнерге, адамгершілік пен ынтымаққа, адалдық пен ауызбіршілікке үндеген. Мыңжылдық тарихы бар Құран Кәрімді аударған ғұламалар ғибраты да тәуелсіз мемлекетіміздің рухани кемелденуіне нәр берері сөзсіз. Халықаралық конференцияға қатысушылар Түркістан аймағының киелі жерлерін аралады. Киелі қаланың күн сайын өзгеріп, абаттанып-көркейіп келе жатқанына көз жеткізіп, экономикалық-әлеуметтік дамуына куә болған ғалымдар осындай нәтижелі істерді үйлестіріп, атқарып отырған облыс әкімдігінің жұмысына ризашылықтарын білдірді.
Түркістанда өткен Ясауи хикметтерін жатқа айтудан жарыстың, яғни өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыруды мақсат еткен «Ясауитану–2022» республикалық байқауының да жас ұрпаққа берері мол. Алматы, Шымкент, Түркістан қалалары мен Абай, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыстарынан іріктеліп келген 42 оқушы қатысқан байқау қатысушылары Ясауи бабамыздың бір хикметін жатқа айтумен қатар, кез келген жерінен ары қарай жалғастырып алып кету талап етілді. Осылайша үміткерлерден 70 хикмет түгелдей сұралды. Бұл сында хикметті жалғастырып алып кете алмай, кідіріп тоқтап қалған оқушыларға үш рет мүмкіндік берілді. Үш ретте де жаңылысқандар сайыстан шеттетілді. Қатысушылар Ясауидің әкесі Ибраһим шайық пен анасы Қарашаш туралы айтты. Арыстан бабтың Ясауиге құрманы беру туралы аңызды баяндады. Аңыз бойынша Қожа Ахмет Ясауидің 6-7 жасқа толғанда Сайрамда білім алған ұстазы жайлы айтылды. Сондай-ақ «Әнтәл хәди» сөзінің мағынасын ашып, тура жолдың мұсылмандар үшін маңызы қандай екендігін түсіндірді. «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» сөзіне талдау жасады. Аталмыш сайыстың киелі шаһарда ұйымдастырылып келе жатқанына келер жылы 25 жыл болады. «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы қызметкерлерінің мәлімдеуінше, байқау алғашқыда қалааралық және ауданаралық деңгейде ғана өткен. 2001 жылы облыс көлемінде, кейіннен республика көлемінде ұйымдастырыла бастады. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде Ясауидің ілімі мен мұрасын насихаттап жүрген жас жеткіншектердің білімін сарапқа салатын сайыс бір кездері халықаралық деңгейге дейін көтерілген. Аталмыш музей қызметкерлерінің айтуынша, «Ясауитану» байқауында осы уақытқа дейін 1000-нан астам оқушы бақ сынапты. «Фараб» кітапханасында өткен байқаудың бірінші кезеңі «Баба мұрасы – балаға аманат» деп аталды. Онда қатысушылар Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін жатқа айтудан сынға түсті. Ал «Білімді мыңды жығар алысқанда» деп аталған екінші кезеңде ел тарихына, Қожа Ахмет Ясауидің жүріп өткен жолына, кесенеде жерленген тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Байқау нәтижесінде бас жүлдені Түркістан облысы Ордабасы ауданынан келген Сабина Сәрсенбай жеңіп алды. Бірінші орынды сарыағаштық Аруна Рысбекова иеленді. Екінші орынды ақтөбелік Жаннұр Зейнелғабылова мен жамбылдық Ұлдана Оралбай өзара бөлісті. Үшінші орын шымкенттік Жанель Тәңірберген, мақтааралдық Нұрдана Бейсенбай мен ордабасылық Ұлмекен Өтебекке бұйырды. Сондай-ақ шымкенттік Қарақат Қонарбай, ақтөбелік Жансая Қауысова мен жетісулық Аяулым Тастыбай ынталандыру сыйлығын. Қостанай облысынан келген Нұрсила Әдебова «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды. Білім бәйгесінде оза шапқандардың барлығына қаржылай сыйлық берілді. Мәреге жете алмаған оқушылар да назардан тыс қалған жоқ. Оларға «Ясауитану–2022» республикалық байқауына қатысқаны үшін арнайы диплом және музей-қорығының баспа өнімдері сыйға тартылды.
Жоғарыда айтылған конференциялар мен түрлі тақырыптардағы басқосулар киелі қалаға келушілер санының артуына да өзіндік үлесін қосуда. Дегенмен биыл Түркістан облысына келетін ішкі туристер санын 261000 мыңнан, шетелдік туристер санын 7200-ден асыру, келушілер санын 1 млн 300 мың адамға дейін жеткізу міндеті жүктелген болатын. Міндеттемені артығымен орындау мақсатында атқарылған іс аз емес. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше алғашқы 4 айда «Әзірет Сұлтанға» 180 мыңға жуық адам келген. Осы арқылы өңірдегі санаторилерге келушілер де көбейді. Мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту есебінен «Керуен сарайға» келетін туристер мен қонақтар ағыны артты. Мереке күндері қонақ үйлердің нөмірлік қоры толықтай сатылды, наурыз және сәуір айларында қонақүйлердің орташа жүктемесі 41%-ға жетті, республика бойынша орташа жылдық жүктеме – ¬ 20%. Туристік сала кәсіпкерлерімен байланыс күшейіп, туристік нысандарды әлеуметтік желілерде насихаттау күшейген. Алматы облысының «Лимон» туристік операторы бір-екі күндік шығу турын ұйымдастырады, аптасына екі рет 50 адамнан келеді. «Визит Түркістан» туроператоры наурыз және сәуір айларында қала бойынша 300-ден астам экскурсия өткізген. Жалпы облыста туризм саласындағы көрсеткіштер айтарлықтай өсті. Шектеулер мен карантиндік шараларға қарамастан, былтыр туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 3.85 млрд теңге болды және 2019 жылмен салыстырғанда 209%-ға өскен. Өткен жылы өңірдің туризм саласына 102 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш бойынша облыс ел көлемінде алдыңғы қатарда. Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, өңірде ішкі және сыртқы туризмді дамыту, келушілер мен туристер санын арттыру, салаға инвестиция тарту және өзге де міндеттер жүктелген. Түркістанда мереке күндері «Керуен сарайда» атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, еліміз бен шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді. Жыл соңына дейін әншілер мен жұлдызды топтардың қатысуымен 17 іс-шара ұйымдастырылмақ. Үкімет бекіткен «Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі кешенді жоспарға» сәйкес «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан 25 іс-шараны өткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта туризм басқармасы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы және «Керуен сараймен» іс-шаралар тізбесін пысықтауда. Іс-шаралар тамыз айында басталады деген жоспар бар. Биыл басқарма тарапынан өңірдің туризм саласын ілгерілетуге бағытталған «Karavan Statue Street Art» мүсіндер фестивалі, «Taiqazan» гастрофестивалі, «Батыр Батлс» фестивалі секілді жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Түркістанда құрылысы жүріп жатқан «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығының жағажай туризмін дамытуға серпін берері анық. Аталмыш орталықта демалуға, шомылуға, су спорты түрлерімен айналысуға мүмкіндік жасалады. Жалпы ауданы 85 гектар жерде орналасатын ерекше кешеннің құрылысы үш кезеңге жалғасады. Жасанды көлдің сыйымдылығы – 2,5 млн текше метрге жуық. Нысанның жер жұмыстары толық аяқталған. Көктемгі суды қабылдайтын, су жіберетін каналдар да дайын. Жағажайда емдік қасиетке ие шағыл құм төселіп, ағаш отырғызылып, балалар демалыс аумағы, элиталық коттедждер мен қонақүйлер, аквапарк салынады. Ал құрылысы жүріп жатқан ескек есу базасына сынақтан өткізу үшін су жіберіле бастады. Осы арқылы мамандар каналды толық сараптап, кем-кетіктері болса, толықтырады. Сондай-ақ қала қонақтары мен туристердің демалуына жайлы да қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс орталығында көгалдандыру жұмыстары құрылыспен қатар жүргізілуде. Қаладағы саябақтар мен гүлзарлар аумағы 500 гектарға жетеді. Ағаш пен бұталар саны миллионнан асады. Көгал аумағы – 3 млн шаршы метр. 70 мың шаршы метр жерге гүл егілген. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің баяндауынша, биыл қала аумағында 250 мың ағаш көшеті мен 128 гектар көгал егілетін болады. Түркістанды көркейтіп, абаттандыру аясында қала секторларға бөлінген. Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты. Яғни Түркістан облысының барлық аудан, қалалары бірігіп, киелі қала аумағын көркейтуде.
Осылайша қарқынды құрылыс мекеніне де айналған Түркістан – нағыз ұлылардың ордасы, руханияттың астанасы екені аян. Сонау орта ғасырларда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауидан бастап, үш жүздің басын біріктірген хан Абылайдың мәңгі тыныш тапқан Түркістан бүгінде тәуелсіз еліміздің рухани астанасына айналды.