Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркістандықтармен кездесуінде Түркістан – еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмары екенін, ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсететінін атап өткен болатын.
Ал реапубликалық басылымдарға берген сұхбатында Мемлекет басшысы Түркістанды қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені ретінде бағалады. «Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары. Қарап отырсаңыз халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған, – дей келе Президент ендігі жерде мемлекет Жібек жолы бойында жатқан Түркістан қаласын, өңірін жаңартып-жаңғыртуды уақыт оздырмай қолға алуы керектігін айтты. – Өңірдегі инфрақұрылымды дамыту, туристік саланы жандандыру, өндірісті өркендету, осының бәрі халқымыздың әл-ауқатының барынша жақсаруына негіз болады. Оның үстіне оңтүстік өңір – еліміздегі тұрғындар саны ең көп аймақ. Осы өңірді ұлтымыздың «демографиялық алтын діңгегі» десек те жарасады. Ал адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор екені айтпаса да түсінікті. Сапар барысында мен облыстың даму жоспарымен, жалпы жағдайымен мұқият таныстым. Алда атқарылатын шаруа бастан асады. Ол шаруалардың барлығын асықпай-аптықпай, жүйелі, кешенді түрде атқаруымыз өте маңызды».
Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер біртіндеп жүзеге асырылып, Жібек жолындағы ең көне шаһарлардың бірі Түркістан бүгінде, инфрақұрылымы дамыған заманауи қалаға айналуда. Иә, Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала Түркістанның қазақ хандығының астанасы болғаны мәлім. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, мұнда сан мәрте ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған. Қаланың іргетасы V-VІ ғасырларда қаланып, атауы бірнеше рет ауысты, бірнеше рет іргесі сөгіліп, бірнеше рет қайта түледі. Қазақтың тарихы, Қазақстанның тарихы Түркістаннан басталады десек те қателеспейміз. Бүгінде Түркістан еліміздің тарихы мен мәдениеті бай, адамдардың рухани күш жинауға келетін орны. Облыс орталығына айналған қалада туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Халықаралық көлік магистралінің желісінде орналасқан көне шаһардың жаңаруы халықтың ізгі ниет-тілегінен туындаған өзгеріс. Иә, заманы туып, облыс орталығына айналған қастерлі шаһар енді ұлтымыздың рухын көтеретін келешегі кемел Түркістанға айналуда. Бүгінгі қарқынды құрылыс, салынған инвестиция елдің игілігі үшін атқарылып жатқан дүние екені мәлім. Түркістанға ерекше мәртебе берілуі кездейсоқ еместігін, ежелгі қаланың жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсететінін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстары туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойын дәл осы Түркістанда бөліскен болатын. Бүгінде киелі қалада мақтан ете айтар нысандар көп.
Мысалы, Түркістан өңірін шет мемлекеттермен байланыстырып тұрған, облыс орталығынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан әуежай заманауи технологияларды қолдана отырып, халықаралық стандарттарға сай етіп салынған. Әуежай жалпы 900 гектар аумақты қамтиды. Терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салынған халықаралық әуежай құрылысын «YDA Group» компаниясы жүргізген. Туризмнің дамуына септігін тигізетін әуежай терминалы жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежай терминалының жолаушыларды өткізу мүмкіндігі – сағатына 450 жолаушы, аумағы 10,5 мың шаршы метр, ал ұшу-қону жолағының параметрі 3300х45 метрді құрайды. Сондай-ақ жаңа әуежай ғимараты әлемдегі ең жылдам салынған аэропорт ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін екені айтылуда. Әуежайдың туризмді дамытуға үлкен септігін тигізері аян. Ал Түркістанның Өзбекстанға жақындығын тарихи жағынан да, экономикалық жағынан да қарастыруға болады. Түркістанның интеграциялық жағдайы келісетін болса сауда орталығына айналмақ. Бұл орайда, туризм саласын дамыту туралы Ташкент облысының әкімдігімен меморандумға қол қойылғаны, оның аясында жалпы туристік маршруттарды дамыту көзделгені мәлім. Бұдан басқа, «Узбекистон темір жолы» АҚ басқарма төрағасымен кездесуде «Түркістан-Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол құрылысы туралы меморандумға қол қойылған болатын. Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстанның ірі қалаларының арасында белгілі бір байланыс, жүйелі түрде ұйымдастырылған «туристік пакет болса» сол туристерді тартуға болатыны айтылған-ды. Яғни Түркістанды рухани, интеллектуалды орталыққа айналдырып, ішкі туризмді де дамытуға болады. Міне осы орайда теміржол вокзалының ішкі жүйесі де заманауи талапқа сәйкестендірілді. Сондай-ақ Түркістанда «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен салынған бірқатар нысандар да елге және туристерге қызмет көрсетуде. Мысалы, «Түркістан-арена» спорт нысаны трибуналары жеті мың көрерменге арналған. Ашық аренаның батыс және шығыс трибунасы бар. Сонымен қатар акробатика, бокс және ауыр атлетика жаттығу залдары орналасқан кешен кәсіби спортшылардың дайындығына ыңғайланып салынған. Стадионның негізі футбол алаңынан, жеңіл атлетикаға арналған жабық аренадан тұрады. Осы арада айта кетелік, жаңа нысан құрылысы 2019 жылдың қазан айында Қор мен Түркістан облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум аясында басталған болатын. «Самұрық-Қазына» Қоры әлеуметтік маңызы бар бес нысанды облыс әкімдігіне тапсырды. Яғни әлеуметтік бес нысан – атқарылған жұмыс нәтижесін көрсетеді. Қор салып берген бес әлеуметтік нысанның аймақ үшін маңызы зор. Мәселен, халықтың рухани азығы үшін салынған Қожа Ахмет Ясауи атындағы музейдің экспозициясы Ясауи мұрасынан мол сыр шертеді. Жалпы музей аумағы 3000 шаршы метрді құрайды және 3 қабаттан тұрады. Облыстың білім саласын дамытуға үлес қосатын Оқушылар сарайы Түркістан қаласындағы балаларға қосымша білім беруге бағытталған. Нысанда зертханалы экологиялық-биологиялық музей, әртүрлі секциялар, роботехника, нанотехнология сияқты сыныптар бар. Қор тарту еткен нысанның бірі – Конгресс холл өңірдегі көпфункционалды жалғыз кешен. Концерттер, театрландырылған қойылымдар және басқа да іс-шаралар ұйымдастыруға арналған мәдени нысанда отырыс өткізетін зал, 1000 көрерменге арналған концерт зал, 1900 шаршы метр аумақты алып жатқан көрме алаңы бар. Ал отандық инвестор қаражатына салынған «Rixos Turkistan» әлемдік деңгейдегі қонақүй. Іргетасы Түркістан қаласының туған күніне орай қаланған, 120 орынға арналған қонақүйде 3 бірдей мейрамхана, SPA салондар, кинотеатр және іскер топ өкілдері үшін бизнес орталықтар бар. Иә, Түркістан қаласын дамыту мақсатында өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері 26 нысанның құрылысын іске асырды. Нақтырақ айтсақ, әкімшілік - іскерлік орталығында – 15, тәрихи-мәдени орталықта – 9, «Әзірет Сұлтан» тарихи мәдени қорығы аймағында 2 нысан. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы құрылысы жүргізілген 15 нысанның 4-уі, яғни облыс әкімдігінің ғимараты (BI Group), халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар облысы), музыкалық мектебі (БҚО) және олимпиадалық резервке арналған спорт мектебі (СҚО) бірінші болып пайдалануға берілсе, кейіннен басқармалар, департаменттер ғимараттары (BI Group), медиа орталығы (Алматы қаласы), Нұр-Сұлтан алаңы (Астана қаласы), қалалық саябақ (Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстары) және Самұрық-Қазына АҚ тарту еткен бес нысан ел игілігіне табыс етілді. Сондай-ақ рухани-мәдени орталықта Қ.А.Ясауи мұражайы әмбебап кітапхана (Шымкент қаласы), Ұлы дала елі орталығы (BI Group, Атырау облысы), драматеатр (Ақтөбе облысы, Түркістан облысы) құрылысы да белгіленген мерзімде аяқталды. Бұдан бөлек, «Әзірет Сұлтан» қорығының айналасын абаттандыру, Күлтөбе қалашығындағы тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Түркістанды дамытуға атсалысу – елге, халыққа салған инвестиция. Мәдениет және спорт министрлігінің болжамынша, 2030 жылға қарай туристердің әлеуетті ағыны 3,5 млн адамды құрамақ. Осы орайда Халықаралық туризм және спорт университеті Түркістан қаласында бой көтерді. Университет жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асатын заманауи құралдармен жабдықталған ғимараттармен қамтамасыз етілген. Олар: шығыс стилінде жасалған бас корпусы, жатақханасы бар оқу ғимараты және спорттық жаттығу орталығы. Стратегиялық серіктестік орнату мақсатында жетекші университеттердің үздік әлемдік тәжірибесі негізінде нарықтың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, Австрия, Сингапур, Түркия, Малайзия сияқты бірқатар елдердегі танымал шетелдік білім беру мекемелерімен келісімдер жасалды. БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік Туристік Ұйымының Испания мен Португалиядан кейінгі әлемдегі үшінші Халықаралық білім беру орталығын Түркістанда құруы туралы келісім – маңызды жетістіктердің бірі болып табылады. Келісім аясында студенттер мен оқытушылар алмасуы, ғылыми-зерттеу орталығын құруы және Халықаралық TedQual UNWTO стандарты шеңберінде білім беру бағдарламаларын сертификаттауға мүмкіндік береді. Осылайша, қосарлы білім беру, тәжірибеге бағытталған оқыту, тілдер орталығы, қос дипломды бағдарлама сияқты заманауи әлемдік үздік әдістерді қолдану – түлектерге теориямен қатар терең практикалық білім алуға және еңбек нарығында сұранысқа ие болуға жол ашады. Жалпы Түркістандағы жаңа нысандар қаланың көрікті орнына айналып, қала тұрғындарын, қазақстандықтар мен әлемдік туристерді тартуға мүмкіндік береді. Түркістандағы ауқымды құрылыс Қазақстандағы халық тығыз қоныстанған өңірдің дамуына жаңа экономикалық серпін береді. Сондай-ақ соңғы жылдары жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілер саны арта түсті.
Бүгінде өңір қарқынды дамудың жолына түсіп, облыс орталығы жаңа кейіпке еніп келеді. Түркістанға бірінші рет келген адам қаланың өзіне тән ерекше аурасын, қасиетін сезінеді, Қ.А. Ясауи кесенесі мен оған қатар жатқан тарихи орындар өзгеше бір сырлы әлемге, оқшау ортаға жетелейді. Бүгінгі қаланың тарихи, рухани болмысы бөлек. Киелі қала көп өзгерген, ел мақтанышына айналатын іргелі нысандар бой көтеріп, құрылыс жалғасуда. Яғни Түркістан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінде, қоғам өміріне көзқарасында оң өзгеріс көп. Аз уақытта жаңа шағын аудан бой көтерді, көне шаһар көркейіп, абаттандырылды. Облыс орталығының дамуы аудандарға оң ықпалын тигізді. Өңірде ауыл шаруашылығында тың бастамалар қолға алынып, аз қамтамасыз етілген тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағытындағы тың бағдарлама жүзеге асырылды.
Оң өзгерістерді еске түсіріп, шегініс жасасақ алғаш болып, жаңа атауға ие болған облыс әкімдігінің құрамы мен аумақтық орган өкілдері Шымкенттен жаңа облыс орталығы – Түркістан қаласына көшіп келді. Ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болған, тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанға облыс орталығының көшірілуінде үлкен мән болғаны анық. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін білдіреді. Сол себепті, Түркістанды Түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыру мүмкіндігі көп және ол мүмкіндіктер бүгінде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістанды дамыту мақсатында Үкімет пен жергілікті әкімдік қыруар жұмыс жүргізуде. Үкімет деңгейінде Түркістан қаласын дамытуға және облыстың келешегін қалыптастыруға бағытталған заң мен 5 қаулы қабылданды. Ал облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына сай 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бөлінді. Облыс құрылған алғашқы айларда -ақ өңірді жан-жақты дамыту жолында 5 бағыт айқындалған болатын. Бұлар – Түркістан қаласын дамыту, Түркістан облысының мәдени-рухани саласын, аудан, қала және ауылдарды, агроөнеркәсіп кешенін және индустриялық аймақтарды дамыту. Осыған сәйкес өңірдің кешенді даму жоспары қайта қаралып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Жоспарлар нақтыланып, инфрақұрылымды жақсарту бағытында тиянақты жұмыстар қолға алынды. Қаланың ескі бөлігін дамыту мәселесі де жүйеленіп, инфрақұрылымын дамыту, су және газ, кәріз жүйелеріне жөндеу жұмыстары басталды. Артезиан сулары тартылып, арық-атыздардан су аға бастады. Көшелер жөнделіп, жарықшамдар орнатылды. Аз уақытта Түркістан облысы ауыл шаруашылығы, құрылыс, мәдениет, спорт, инвестиция тарту және өзге де салаларда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа райы қолайлы аймаққа айналдыру мақсатында шаһардың айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, шаһар айналасынан 7 700 гектар алқапқа «Жасыл белдеу» құрылды. Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту тұрғысында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобалары іске асырыла бастады. Киелі Түркістан қаласының айналасында құрылған азық-түлік белдеуінің аумағы – 11 мың гектар. Мұнда негізінен құны – 27 млрд теңге 6 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделді. Өңірде ағын су тапшылығын шешу мақсатындағы кешенді жоспар аясында 5 ірі су нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілді. Облыста тиімділігі дәлелденген жаңбырлатып суару тәсілі кең көлемде қолданысқа ене бастады. Жалпы жоба шеңберінде 1 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суғару технологиясымен құны 31,6 миллиард теңге болатын 7 ірі инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Түйе шаруашылығының дамуына да ерекше көңіл бөлінді. Ал Түркістан қаласындағы қарқынды құрылыс, игі бастамалар облыс аумағына үлгі бола отыра жалғасын тауып, жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Сөзімізге бір ғана мысал, Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы көршілес Кентау қаласына да оң әсерін тигізуде. Сол жылы қала бюджетінің кіріс бөлігі 40 млрд теңгеге орындалған. Қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 24,4 млрд теңгеге жеткен. Деректерге жүгінсек, мұндай көрсеткіштер 65 жылдық тарихы бар қалада бұрын - соңды болмаған екен. Кентаудағы индустриалды аймақта 2,9 млрд теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Кентау қаласы Қотыр бұлақ елді мекенінде күн сәулесінен қуат алатын электростанция салынды. «Hevel Kazahstan» ЖШС-ы жүзеге асырған жобаның құны –15,9 млрд теңге. Сондай-ақ, Кентауда полиэтиленді құбыр, радиатор шығару цехтары және «Темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты» іске қосылды. Кентау қаласында «АБН Альянс» ЖШС-ының полиэтиленді труба шығару цехы өз жұмысын бастады. Жобаның құны 600 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 1500 тонна труба шығаруға қауқарлы. Онда 50 адам жұмыспен қамтылған. Осылайша киелі Түркістан бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етуде. Тарихи Жарлық шыққаннан кейінгі жылдары Түркістан дамудың жаңа сатысына қадам басты. Бұл уақыт аралығында облыс жеткен жетістіктер аз емес. Ары қарай да ел игілігі үшін атқарылатын шаруа да шаш-етектен. Аграрлы аймақ болып саналатын Түркістан облысында осы саладағы еңбек өнімділігін арттырып, дамыту үшін нақты нәтиже беретін 3 негізгі бағытта жұмыс жүруде. Бірінші бағыт, агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологияларды енгізу. Екінші бағыт, кооперативтерге бірікпейтін 2-3 гектар жері бар агроқұрылымдар үшін бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын ендіру. Үшінші бағыт, жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру. Бұл бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтиже бере бастады.
Түркі әлеміне әйгілі ғұлама, дін және қоғам қайраткері Қожа Ахмет Ясауи мен қазақ хандары мен билері, батырлары мен ұлы тұлғалары мәңгі қоныс тапқан Түркістанның өзіне тән ерекше қуат көзі мен адамға жігер беретін қасиеті бар. Сондықтан осы қалада өмір сүру, қызмет ету – басқа қонған бақ. «Түркістан шаһары кезінде Ұлы Жібек жолының бойындағы өзгеше өре-өрісті, кестелі һәм келісті, басшылары да, қосшылары да иманды, ұлдары намысты, қыздары ибалы, қай-қандай өлшемдермен қарағанда да қайырымды қала болған. Әл-Фараби бабамыз «Қайрымды қала тұрғындары...» туындысында әмірші әкімдер де, қарапайым тұрғындар да алғыр, аңғарымпаз, ғылымға, өнер-білімге құштар, сауыққұмарлықтан, жалғандықтан аулақ болмағы керектігін ерекше ескертеді. Түркістан шын мәнінде текті төрге, қайырымды қалаға айналуы тиіс. Сонда ғана сакралдылық сапасы артады», деген еді жазушы-драматург, «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт. Осы орайда қайырымдылықты дәріптейтін, бауырмалдыққа баулитын тың бастама Түркістаннан бастау алды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды кедейлік деңгейден шығуға ұмтылдыратын «Қамқорлық» бағдарламасы жүзеге асырылды. Тиімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлік қызметті дамытуға ерекше назар аударылған, тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етіп, отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан кезең-кезеңмен шығару көзделген бағдарлама аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жағдайы тым төмен, кризистік және қанағаттанарлықсыз деңгейде өмір сүріп жатқан 1643 отбасы анықталып, олардың әрқайсысына материалдық көмек пен қажетті кеңес беретін арнайы кураторлар тағайындалған болатын. Бағдарлама басталған алғашқы айларда 900-ден астам отбасыға 45 млн теңгенің демеушілік көмегі көрсетіліп, 4 отбасыға кәсіпкерлер тарапынан үй сатып алынды. «Қамқорлық» жобасы аясында қиындық шегіндегі жанұяларды сауықтыру жүйелі түрде 4 мәселені қамтыды. Яғни, қажетті азық-түлікпен қамту, науқастары болса толыққанды медициналық көмек көрсету, ауруханаға жатқызып емдеу, жұмысқа орналастыру, мамандығы жоқ болса кәсіптік білімге оқыту шаралары атқарылды. Жобаға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы қаралды. Әсіресе, бұл жоба әлеуметтік жағдайы осалдау, көпбалалы отбасылар бойынша республикада алдыңғы орынға шығатын Түркістан өңірі үшін аса маңызды болғаны анық.
Түркістанға зиярат етіп келушілер қатары да жыл сайын арта түсуде. Бұл орайда, Қ.А.Ясауи кесенесінің алар орны ерекше. Десек те, киелі қаланың аумағында туристер, еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар жиі баратын киелі орындар да көп. Мысалы, Үкаша атаға мыңдаған зияратшы-турист келіп, құдықтың құпиясына қанықты. Қарт Қаратаудың қатпар-қатпар сілемдері мен сұлу Сырдың арасына кең жайғасқан Түркістан өңірінің әр тасы шежіре. Түмен баптың ордасы – Түркістан Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен, онда мәңгілік тыныстаған хандар мен билер, батырлар мен игі жақсыларымен Саурандай қамалымен, үш жүздей сақ қорғандарымен, қос мүйізді мүйізтұмсық сүйегі табылған, тарихта аты қалған Қосқорған қазбасымен, рухани-діни орындарымен, қайталанбас құбылыс Жылаған ата, Үкаша ата, Садуақас сахаба, Ер Қоян сахабаларымен, шипа суы мың ауруға дауа Гауһар ана, Рәбия сұлтанымен туристер көзайымына айналуға толық құқы бар киелі де қастерлі өлке. Түркістан төңірегінде ел аузында жүрген мәнді аңыз, әпсана мен әңгіме көп, көненің көзі, асылдың сынығы – құнды жәдігерліктер мол. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі ғылыми қызметкерлерінің жазбаларындағы деректерге жүгінсек, қорық-музейге қарасты республикалық маңызы бар Сауран қалашығы, Гауһар ана кесенесі сынды, Үкаша ата кесенесі мен құдығы да сол тізімге енген. Ондағы атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Кесене және құдық маңындағы автотұрақ жанынан ерлер және әйелдерге арналған арнайы тағаратхана бой көтеріп, пайдалануға берілді. Зияратшылар мен туристер демалатын орындар салынған, құдық басына баратын жолға асфальт төселіп, автотұрақ іске қосылды. Құдыққа шығатын жолға мүгедектерге лайықталған жол төселіп, пандус орнатылды. Тазалық жұмыстарына байланысты арнайы қоқыс жәшіктері жасалынды. Үкаша ата бауына мәуе ағаштары мен шырша талдары отырғызылды. Сондай-ақ, музейлендіру жұмыстары бойынша, «Үкаша ата тарихы» музейі келушілерге есігін айқара ашты. Мұндағы музей экспозициясына 70-тен астам археологиялық, этнографиялық, құнды заттар фотолар және Үкаша атаға қатысты деректі жазба жәдігерлер қойылды. Зияратшылардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында, отын, су қоятын үлкен бастырма жасалып халық иелігіне пайдалануға берілді. Баба басына баратын жүргінші жолдар қайта жөнделді.
Түркістан руханиятқа оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашты және ұлтты ұйыстыратын мекенге айналып келеді. Жалпы өңір халқы мұсылман әлемі қасиетті санаған Түркістанның екінші тынысының ашылуын ғасырдың жағымды жаңалығына балап отыр.