Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше мәртебеге ие болғаны мәлім. Бүгінгі күні әлемнің бірде-бір мегаполисі бірегей мазмұнмен толтырылған және сұранысқа сай кәсіби мамандар даярлауды дамытудың бағыттарын анықтайтын ғылыми және білім беру мекемесі болмаса, экономикалық орталық бола алмайды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге, яғни, білім беру сапасын арттыруға, оның халықаралық стандарттарға сай болуына, ғылым мен білімнің интеграциясына баса назар аударып отыр. Бұл, әсіресе, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы болу және Түркістан облысының білім беру - ғылыми хабы ретінде даму міндеттері тұрған Түркістан қаласы үшін өте маңызды.
Университеттің ерекше мәртебесі оған үлкен академиялық және басқарушылық дербестік бере отырып, Ph.D. философия докторы мен сала бойынша доктор дәрежесін тағайындауға, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және жеке үлгідегі дипломдарды беруге мүмкіндік жасайды. Білім беру грантының құны да артатын болады. Бұл профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл шаралардың барлығы университетке ғылыми және педагогикалық кадрларды тартуға, осы аймақтың дамуына серпін беріп, оның алдына қойылған мақсаттарға жетуге ықпал ететін болады.
Иә, 1990-жылдардың аяғында Түркі¬станның 1500 жылдығына байланысты дайындық шаралары басталды. Қаладағы Әзірет Сұлтан кесенесі мен оның төңірегінде көп іс атқарылып, Түркістан шаһары танымастай түрленіп, сән-салтанат құшағына бөленді. Қасиетті Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Зәулім құрылыстар бой түзеді. Көше, аяқжолдар ретке келтірілді. Облыс, аудан, қала басшылары нақты көмек көрсетті. Жан-жақтан құрылыс материалдары ағылып, университет оқытушы - профессорларына арналған соңғы үлгідегі кең де жарық, жайлы коттедждер де бой көтере бастаған еді. Сол үйлерге Алматы, Шымкент қаласы мен Өзбекстаннан, Монғолиядан, өзге де жерден бекем бел буып, біржолата келген атақты профессорлар қоныстана бастады.
Ал 1991 жылғы 6 маусымда Түркістан Мемлекеттік университетінің шаңырақ көтеріп, оған ұлы ойшыл-ақын, алғашқы түрік-ислам сопысы Қожа Ахмет Ясауидің есімі берілуі тек елімізде ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде тарихи оқиға болды. Бұл бастама Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне негіз болды. Кеңестік дәуірде шаң басқан шағын шаһар қазір мәдени орындары көз тартатын жасыл желекті, келбеті көрікті қалаға айналды. Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отырғанын ешкім жоққа шығара алмас. Білім ордасы күллі түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениетінің алтын бесігіне айналып келеді. Тұңғыш Президент тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап Түркістанды қайта түлету идеясын көтеріп, оны жүзеге асыруға ден қойғандығының айқын бір дәлелі университеттің ашылып, оған халықаралық мәртебенің берілуі. Түркиядан қомақты қаржы тартылды. Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруына, өсіп-өркендеуіне Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті зор рөл атқарып отыр. Бұл білім ордасы Қазақ елі тәуелсіздігінің символына, Қазақстан мен Түркия достастығының, білім мен мәдениетінің алтын бесігіне айналды. Университет қысқа мерзімде Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы ең ірі оқу орындарының қатарына қосылды. Рухани астана – Түркістанда шаңырақ көтерген түрік халықтарының ортақ оқу орны – Халықаралық университеттің қабырғасынан түлеп ұшқан жастар халықтар ынтымағы, береке-бірлігі жолында қызмет етіп, түрік дүниесін қалыптастыруға лайықты үлес қосып келеді. Қазір Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ тек республика ғана емес, Орта Азиядағы ірі оқу орындарының бірінен саналады.
1992 жылғы 30 сәуірде республикалық газеттерде Түркістан Мемлекеттік Университетіне Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мәртебесі берілгендігі жөнінде хабар жария етілді. Осылайша Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін құру туралы Келісімге қол қойылды. Сөйтіп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынас нығая түсті. Ал 1995 жылдың 14 маусымында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсімі өтті. 1998 жылы тұңғыш Президент Н.Назарбаев Түркістан қаласына жасаған сапарында ХҚТУ-да болып, Түркия Президенті Сүлеймен Демирелмен «Түркістан – Стамбул» телекөпір арқылы тікелей сұхбаттасты. Телекөпір барысында екі ел президенті университеттің бүгіні мен ертеңі туралы сөз қозғап, Ясауи кесенесін көркейту, жөндеу және болашақта мәдени-рухани орталыққа айналдыру мәселелері жайында пікір алмасты. Сондай-ақ университеттің студенттер қалашығында болып, ондағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Ал 2015 жылы сәуірде Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстанға ресми сапары барысында Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-ға барды. Университет қалашығының макетімен танысты және музейді аралап көрді. Сондай-ақ екі ел президенті Түркістан қаласындағы түрік тарапының қаражатына салынған 2 мың адамдық мешітті аралап көрді, дін өкілдерімен және қала тұрғындарымен әңгімелесті. Міне осылайша екі елді жақындастыра түскен білім ордасы бүгінде Орта Азиядағы іргелі оқу орындарының бірі саналады. Қазірге дейін оқу орнын 80 мыңнан астам түлек бітіріп шықты. Университет барлық бағыттар бойынша іс-шараларды толық көлемде модернизациялауды бастады. Университетті 2023 жылға дейін дамытудың жаңа Стратегиясы жасалып, ХҚТУ-дың Үкіметаралық Өкілетті Кеңесі тарапынан қабылданған. Соның аясында 2018–2019 оқу жылында барлық процестерді жан-жақты қайта құру жүзеге асырылды. Студенттер негізінен қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде оқытылады. Сондай-ақ барлығы 54 мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік болса, 30 мамандық бойынша магистратура, 4 мамандық бойынша резидентура және 11 мамандық бойынша докторантура (PhD) ашылған. Жыл сайын қазақстандық талапкерлерге Түркия Республикасы тарапынан 500 білім гранты беріледі. Биыл университетті таңдап, мемлекеттік грант иегері атанған студенттердің саны артқан, яғни 2021-2022 оқу жылымен салыстырғанда грант саны 18% өскен. 2021-2022 оқу жылында бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура деңгейін қоса алғанда, 21 білім беру бағдарламасы жаңартылған. Білімнің қайнар көзі – университет кітапханасының қорын толықтыру үшін бюджеттен 61 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, жаңа оқулықтар сатып алынды. Сондай-ақ, электронды кітапхана жүйесінің жұмысы жандана түскен. Жеке клиникасы бар бірден-бір оқу орнындағы клиника-диагностикалық орталықтың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, дәрігерлердің білімін арттыру үшін шетелге жіберу жұмыстары жыл бойы жүрген.
Ақарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде білім ордасы Quacquarelli Symonds (QS) Emerging Europe and Central Asia (EECA) University Rankings рейтингінде бірден 45 позицияға алға жылжып, 2020 жылғы 175-ші орыннан 2021 жылы 130-шы орынға көтерілді. Сондай-ақ, алғаш рет Qs World University Rankings 2023-ке алғаш рет еніп, 714-ші орынға жайғасты. Осылайша, университет 2026 жылға қойған межеге уақытынан бұрын қолжеткізді. Өткен оқу жылында шаруашылық қызметтін реттеуге де көп мән берілген. Университет ғимараттары мен жатақханалардың шатырлары тозығы жетіп, ішке су өтетін болғандықтан, 40 жылға жарамды жаңа материалдармен қайта жабылды. Студенттер үйінің біреуі толық жөндеуден өтіп, жиһаздары жаңартылса, тағы біреуі жартылай жөндеуден өткен. Бұдан өзге де жөндеу, тозған материалдарды қайта жаңғырту жұмыстары көп. Мысалы, биыл Халықаралық қазақ-түрік университетінің 30 жылдығына орай 30 жоба қолға алынды. Университет ректоры Жанар Темірбекова университеттің негізгі миссиялары – білім беру және ғылым-инновацияны дамыту, ал сан саланы қамтитын жобалардың университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасы мен ғылыми әлеуетті және облыс пен қала халқының кәсіби біліктілігін арттыру екенін айтады. Маңызды 30 жоба құрамында «Ана жұрттан ата жұртқа – денсаулық көпірі», «Ана жұрттан ата жұртқа – білім көпірі: 100 оқулық», «Ана жұрттан ата жұртқа – «Алтын білезік» кәсіби білім курстары» және Теология факультетін ашу, «Ясауи көктемгі мектебі», «Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығы», университеттің 300 студентінің Түркия Республикаcына жазғы мектепке жіберілуі, 100 студенттің Түркияда туризм саласы бойынша тағылымдамадан өтуі сынды және тағы басқа да маңызды жобалар бар. Қазіргі таңда бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Бүгінде кең өріс алған Қазақстан-Түркия арасындағы іскерлік байланыстар түбі бір туыстықпен тығыз астасып жатыр. Соның бір ғана жарқын дәлелі ретінде Қ.А. Ясауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді Түркия Республикасы өз мойнына алып, қыруар іс атқарғанын айтар едік. Яғни Түркістан қаласы ажарының ашыла түсуінде түрік бауырларымыздың да үлесі мол.