Халықаралық сахналарда ұлтымызды танытып жүрген әнші-күйшілер жайлы жиі сөз болады. Алайда, өнер адамдарын әуенмен әрлеген қосалқы топ жайлы, аспаптар жайлы сөз қозғалмайды. Әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген таланттардың аспабы Түркістанда жасалады десе, сенгім келмейтін. Ал, оны жасаған шебермен тілдескен сәтте әуеннің сахнада емес шеберханада қалыптасатынын ұғындым. Ұлттық аспаптармен қатар ағаштан жасаған туындылары шетелдік өнер мұражайында сақталатын түркістандық шебер Дәурен Миншариповпен сұхбаттасқан болатынбыз. Сондай-ақ өзге елден келетін саяхатшылардың көзін қыздырар кәдесый жасаумен айналысатынын біліп, таңданысымызды жасыра алмадық.
- Ағаштан түйін түйген шебердің тұрмысы қалай? Сіздің табысыңыз күнкөрісіңізге жетіп, материалдық қажеттіліктеріңізбен тұтас қамтамасыз ете ме, әлде қосымша табыс үшін өзге саланы игердіңіз бе?
- Бастапқыда О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде мүсінші мамандығын алдым. Оқуды аяқтаған соң 15 жылдан бері ағаш шебері ретінде еңбек етіп жүрмін. Шүкір, табысым жақсы. Бұл саладан тыс өзімді елестете алмаймын. Қызығы, мен туындыларымды дүкендерге, сауда орталықтарына қоймаймын. Адамдар өздері үйге іздеп келеді. Кей тұтынушылардың талғамының биіктігіне қарап таңданамын. Биік талғам бар жерде төмен нарық болмайды. Қолөнер - ақшаға айырбасталмайтын қазына. Туындыларымды тұтынушыға аманаттаймын. Себебі, әр компазиция - менің перзентім іспетті. Әрі эскиздерімді ешқашан жоғалтпаймын.
- «Сұлулық құрбандықты талап етеді» деген тұжырым бар. Ағаштан бұйым жасау барысында жарақат алып, барлығына қолыңызды бір-ақ сілтеп басқа кісіппен айналысуға шешім қабылдаған сәт болды ма?
- Үш рет қобыз жасамаймын деп кәсібімнен баз кештім. Бірақ менің руханиятым қобыз жасауды сұранып тұрады. Әр қобызды жасауға бір ай уақыт жұмсаймын. Одан дұрыс үн шыққанын бақылау үшін өзім қобыз тартуды үйреніп алдым. Ең алғаш қобыз жасап жүрген кезімде 2003 жылдар ғой ел бұл аспап жайлы білмейтін. Өзімді шебер ретінде сезініп, туындыларымды көрмеге қоятынмын. Сөйтіп көрермен секілді кейіпке еніп туындыма ел қалай қарайды деп сырттай бақылайтынмын. Бір адамдар қобызыма « Не деген ерекше, керемет ожау» деп баға берген (Дәурен аға ақтарылып күліп алды.). Мен ондай көзқарасқа жасымайтынмын. Қалайда, осы аспапты танытамын деп ниет ететінмін. Қазір музыкалық мектепте білім алатын шәкірттерге қарапайым аспапты 60 мың теңгеге, отандық және әлемдік сахнада өнер көрсетіп жүрген таланттарға ерекше дизайнмен 1000 АҚШ долларынан жоғары бағада қобыз жасаймын. Тараз, Шымкент, Астана, Алматы қалаларында қобызға сұраныс жоғары. Маған баға маңызды емес.
- Қобызды сатып алушылар қандай сапаға мән береді?
- Музкалық мектеп оқушылары болса, олар аса күрделі шығармалар орындамайтындығын ескеріп қарапайым қобыз сатып алады. Ал, кәсіби мамандар әр нотаның дауысына мән береді. Қылы қандай, үні қандай, аспап қолына ұстағанға ыңғайлы ма назар аударады. Кәсіби мамандармен жұмыс істеу тәжірибеңді арттырады. Ал, бір адамдар болады тек сувенир ретінде сатып алады.
Музыкалық аспаптарды танытуда халықаралық сахналардың көмегі зор. Қобызды «ожау» деп ойлайтындардан «Тұран» секілді этно-фольлорлық топтардың әлемдік сахнаға шығуы азат етті. Экраннан қобыз аспабын көріп, үнін ұнатқан америкалық турист келді бір ай алдын. Қобыздың жасалу процессін жіті бақылап, біреуін сатып алды. Оның қызығушылығын көргенде, өз кәсібіме деген махаббат беки түсті.
- Өзіңізге ерекше ұнайтын композициялар жөнінде сөз қозғасаңыз?
- Маған мынау ұнайды деп айтсам, шығармашылығыма деген құрметсіздігім болады. Әзірлену кезеңі өзгеше эмоциялар сыйлаған, мағынасы ауқымды туындыларымды атап өтейін. «Таңғы әуен» композициясы – «Шебер» байқауында қолтаңба қалдыруыма мүмкіндік берді. Таңертеңгілік уақытта оятқыш қызметін табиғаттың төл перзенттері орындайды ғой. Құстардың әуезді үні ешкім өшіре алмайтын, тыңдай бергің келетін әуен. Бала кезімде бұлбұлдардың түйе өркешінде салған әні санамда сақталыпты. Өзіне тән жағымдылық, сағыныш арқылы бұл туынды аяқталды. Жүректің туындысы көзде емес көңілде мекендейді ғой. Сондықтан жақсы бағаға ие болды деп ойлаймын.
«Саяткерлік» композициясын ұнатамын. Тәуелсіз еліміздің болмысын еркіндіктің ауқымына сыйдыруға талпыныс жасаған еңбегім. Бүркітті қолына қондырып, көкті аңсаған саятшы бала әр қазақтың ауылға деген сағынышын арттырады. Қазақ пен ауыл егіз ұғым ғой. Ұлты қазақ азаматтардан тыс шетелдік туристер елең етіп , халықаралық көрмелерде туындының алдында сағаттап тұрып алады.
- Әрбір бұйымыңыздың эскизін жасауға идея қалай туындайды?
- Өнер санаңды тұрмысқа билетпеген ауқымға сияды. Тіршіліктің түйіткілі бәсеңсігенде шабыт пен жанда гармония пайда болады. Ол - ымырт үйірілген сәт. Шеберханасына кірсе, идея қойнауына кіргендей сезінетін шеберлер бар. Бірақ менде ойдың салмағы басым. Барлық жұмысыма жауапкершілікпен қарап, автор ретінде қолтаңба қалдырамын. Нобайды сызып болған соң да, композицияға өзгеріс енгізу кезеңі жалғасады. Қолөнер шеберден асқан ептілік пен махаббатты талап етеді. Сіз тек қолыңызбен емес жаныңыз арқылы эстетикалық композиция жасай аласыз.
- Тұтынушылар еңбегіңізді қалай бағалайды?
- Тек Түркістан қаласы емес, Қазақстанның көптеген облыстарынан тапсырыс түседі. Тек әлеуметтік желі арқылы емес, арнайы сапарлап келіп тапсырыс береді. Сұраныстың болуын, іздеушілердің көптігін де еңбегіме берілген баға деп есептеймін.
- Сіз «жан бітіргенге» дейінгі ағаштардың күтімі қалай болады? Туындыларыңызға қандай ағаш қолданасыз?
- Үй құрылысында қолданылатын қарапайым ағаштардан бөгделеу сападағы ағаш қолданамын. Арнайы тапсырыспен еліміздің басқа өңірлерінен алдырамын. Қарағаш, үйеңкі, жаңғақ ағашын қолданамын. Ағашты арнайы қоймада 1 жыл сақтаймын. Қыстың салқынын, жаздың ыстығын көрсе шірімей жақсы сақталады. Дайын туындымды лактамаймын. Олай безендіру өзбек халқына тән ғой. Ас дайындағанда қосатын майды қолданамын. Сонда табиғи түс сақталады. Облыс әкімі Ө.Шөкеев Түркістанға келген әр турист тұтас қазақтың тарихымен таныс болуы керек деді ғой. Ал менің кәдесыйымнан ұлттың болмысы айқындалғанын қалаймын.
- Бір компазицияны дайындауға шамамен қанша уақытыңыз кетеді?
- Қарапайым, кіші көлемдегі (20-30 см) кәдесыйға 3-4 күн жұмсаймын. Ал, күрделі байқауларға арналған композиция болса, 1 жыл уақыт эскизін сызуға кетіп қалады.
- Сіз туындыларыңыздың бағасын белгілегенде қандай тенденцияға мән бересіз?
- Оның көлемі мен кеткен материалын есептеп баға белгілесем, базардағы сатушыдан парқым қалмайды ғой. Өзім жұмыс барысында қандай күйде болғаныма байланысты баға белгілеймін. Жасыратыны жоқ, көп данамен тарайтын жұмыстарымның құнын төменірек бағалаймын. Себебі ол дағдылы түрде жасалады. Көп адамдар үй интерьері үшін авторлық туындылар жасатады. Біздің қазақта шыңырақ киелі ғой. Сол ұлттың бояуын бойына сіңірген туындыларға сұраныс жоғары. Қазіргі отандық үй интерьер-дизайнерлеріне ризамын. Ұлттық нақыштағы детальдарды трендке айналдырғаны - үлкен жұмыс.
- «Әр туындым-перзентім» деп қалдыңыз. Ешкімге қимайтын, композицияңыз бар ма?
- Етікші етікке жарымайды дейді ғой. Үйіме қонақ боп кеп, затымды ұнатып алып кететіндер көп. Мына қобызды ешкімге бермей жүрмін (Дәурен аға ерекше дизайнға ие қобызын мейірлене көрсетті. Б). «Мына зат менің үйімде тұрсын» деген шебердің мені болса, өнердің ауқымы тарылады. Менің туындымды адамдар көп көрген сайын сұраныс артады. Сұраныс бар жерде жаңа шеберлер қалыптасады. Мен жаңа буынның өсіп-жетілгенін қалаймын. Маған не тиесілі деген сауалға 15 жылдық тәжірибеме сай жауап берсем, ағаш шебері маған дейін болған, менен кейін де болады. Дәурен Миншарипов ағаш қолөнершілігіне өзінің эскиздерін ғана қалдыра алады.
- Ойыңыздағы туынды мен қолыңыздан шыққан туындының ара салмағы қандай. Екеуі сәйкес келе ме?
- Мен өзімнен көп нәрсе талап етемін. Ойымдағы дүниенің ауқымы кең. Ал аяқтаған туындымда аздап ауытқушылықтар байқалады. Десек те, шығармашылық шеберханам ылғи дамып - жетілу үстінде. Шымкент қаласында 2011 жылы Ұлттық аспап жасайтын қолөнершілер байқауы өтті. Сонда қылқобыз және нарқобыз жасап байқауға қатыстым. Нарқобыздың көлемі виолончель секілді үлкен ғой. Сахна төрінен нарқобыздың үні естілгенде, тыңдармандар таңданысын жасыра алмапты. Көрмедегі қонақтардың ыстық ықыласына бөленген нарқобыз сол байқауда жеңіс сыйлады. Бұл оқиғаны бір деммен айтып бердім. Нарқобыз ары кетсе 4 минут таңданыс тудырып, қошеметке бөленді. Бірақ мен ол аспапты қаншама уақыт зерттедім. Қолжазбаларды қарадым. Ол тек қаңқасын ұқсатуға көмек береді. Үнін әуезді етудің қандай қиын екенін айту-тым күрделі. Менің жүйкемде аспап ойнайды, аспаптың қылында қобызшы ойнайды.
- «Бағаға мән бермеймін» деп айттыңыз. Сіздің шаңырақта қанттың бағасы қалай, ұнның бағасы қандай екенінің маңызы жоғын ұғындым. Сіздің, яғни шығармашылық адамының жанына не керек?
- Менің жұмысымды алғаш шығармашылықпен айналысып жүргенде түкке тұрғысыз деп бағалаушылар жиі кездесетін. Қазір барлығы басқаша кейіпке енді. Кейбір адамдар «Болатын тірлікпен айналысшы» деп сөгіп жатады. Бірақ, ата-анам ылғи қолдау білдірді. Жарысқа әзірленіп жатсам ойын білдіріп, кеңес беретін достарым бар. Олардың ақылын құп алмасам да, дұрыс тұстарын ескеремін. Менің ойыма шығармашылық идеялар жиі келеді. Тұрмыстық ойларды санамнан аластатқанмын. Жарым - менің қолдаушым. Барлығын ұқсатып отырған сол кісі. Менің жаныма тыныштық қажет. Шабыт деген өзі де Ақан серінің Құлагеріндей жүйрік қой. Сөресі - тыныштық, мәресі - Барақбай мен Бөрібай өлтірмесе ғана өңгерілетін меже. Барақбай мен Бөрібайдан ада жер - тыныштық, шабыттың мекені.
- Кәдесыйлар мен қобыз жасаушы Дәурен Миншариповты он жылдан соң қалай елестетесіз?
- Қолөнершілерге деген қоғамдық стереотип пен барьерлерден тыс көзқараста өмір сүретін жан ретінде қараймын. Туризм дамуда, демек кәдесыйға сұраныс артады. Ұлтты шетелден тасымалданатын арзан заттар танытпайды. Ол тек кәдесый сатушысын байытады. Ұлтты құндылығын безеп көрсеткен бұйымдар, аспаптар, қолөнер туындылары танытады. Мен Түркістанға 2004 жылы көшіп келдім. Ол кезде қала әлі бүгінгідей өзгеріске ұшырамаған кезең болатын. Сол кезде болашағымды жарқын деп елестете алатынмын. Сенімім ақталды. Ал, қазіргі даму кезеңіне бет бұрған қалада бұдан әлдеқайда жақсы болашақты елестетемін. Алдағы уақытта шеберханамды үлкейтіп, шәкірт тәрбиелесем деп ниет етемін. Демек, Алла бұйыртса, 10 жыыдан соң үлкен шеберханада шәкірт дайындайтын ұстаз боламын.
- Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет, аға!