Түркістанға табан тіреген туристердің терракот (күйдірілген балшық) күйінде сақталған кәдесыйларға құмарта қарайтынын аңғардым. Шетелдіктер қызығатын, саздан жасалған балбал, сазсырнай, құмыралардың қай шеберханада жасалғанын анықтау қиынға соқпады. Сондай-ақ, Әзірет Сұлтан қорық-мұражайына келген әр адамның ойына «Неліктен ғимараттар бұзылмаған. Зымыраған уақытқа қарсы қасқайып қалай сақталған?» деген сұрақтың келері де заңды. Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, «Шебер 2018» байқауының «Ұлттық кәдесый» номинациясының жеңімпазы Абайхан Рысбаев ағамен сұхбат барысында осы сұрақтардың жауабына қанықтық.
- Бұрынырақ «керамист болу үшін, балшықпен ойнау керек» депсіз. Шалғайдағы ауыл баласына керамист, яғни қыштан керамикалық бұйым жасаушы болу жөніндегі арман қалай орнықты?- Түркістанға жақын маңдағы Майдантал ауылында өстім. 1965 жылдар ғой, 4-5 жастағы кезім. Ол кезде ойыншық қат. Шыбыққа мініп шабу секілді ойын ойнайтынбыз . Сығымдалған шөпті буатын сымдар ауылда шашылып жататын. Сол сымды иіп трактор-комбайн жасайтынмын. Қолымның ебі сол кезде байқалды. Өзіммен тете әпкем қуыршақтармен ойнайтын. Барлық ойыншығы қолдан жасалған ғой енді. Сол қолдан жасалған ойыншықтарымен бір отбасын жасақтап алды. Сөйтті де маған қаңырап тұрған «қорасына» мал жасауға тапсырыс берді. Ауылдың шетінде артезиан құдық болатын. Соның маңында саз бар. Сазды алып кеп қой-қошқар, сиыр, түйе жасап бердім. Ол ойыншықтардың қаншалықты ұқсағаны есімде жоқ. Бірақ әпкем ерекше мақтанатын. «Менің қойым, сиырым, түйем бар!», деп шын малы бардай көретін (ақтарылып күліп алды). Бала ойнау арқылы дамиды. Менің керамист болуыма сол бала кездегі ойындар ықпал етті. Бала кезімізде техника аса дамымаған. Мектепте қабырға газетін шығару, іс-шаралардағы плакаттар салу бәрі фантазияға келіп тірілетін. Мұндайда алдыма жан салмайтынмын. Жазуын безендіріп, суретін қиялда шарықтатып салу менің талғамымды шыңдады. Асан Бижанов атты суретші немере ағам болатын. Сол кісіге еліктеу де мені осы өнерге жетеледі. Өнердің шегі жоқ. Мен әлі күнге ұстаздарыммен шығармашылық байланыстамын. Білгенімнен білмейтінім көп.
- Шығармашылық шеберханаңыздың Түркістанда орналасуына қандай фактор әсер етті?
- Алматыда көркем сурет училищесінің керамика факультетін бітірдім. Оқу бітіргеннен соң Қайта жаңғырту шеберханасында, яғни реставрация саласында жұмыс істеймін. Қалпына келтіру - ескірген, тозған, бастапқы сынын жоғалтқан архитектуралық ескерткіштерді жөндеумен айналысамыз. Ғимараттардың ою-өрнегін қалпына келтіремін. Маған табиғаты мамыражай жерлер жайлылық сыйламайды. «Ер-туған жеріне, ит-тойған жеріне» деген тәмсіл маған жақын. Сондықтан да туған өлкемдегі бабалар аманатын, ұрпаққа мирас етіп қалдыруды мақсат еттім.
- Қайта жаңғырту (реставрация) саласында қандай жетістіктерге жеттіңіз? Архитектуралық ескерткіштерді қалпына келтірудің маңызы қандай?
- Архитектуралық ескерткіштерді қалпына келтіру арқылы тарихты жандандыра түсеміз. Өзіміздің жаны қазақ азаматтардан тыс, туристерді қызықтыруға болады. Туристердің келуі-ел экономикасына айтарлықтай табыс әкелетіні мәлім. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалалардың басым бөлігінде туризм саласы жақсы дамыған. Тоғыз жолдың торабындағы Түркістан халқы да ұлттық құндылықтарды шетелдіктерге көрсетуге қауқарлы. Жалпы реставрация саласында Тараздағы Айша бибі кесенесін қалпына келтіруге қатыстым. Кесененің оюланған кірпіштерін біздің Түркістандағы шеберханада жасадық. Менің Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы аймағындағы еңбегім Рабия Сұлтан бегім кесенесімен байланысты. Күмбездің ернеуіндегі оюланған кірпіштерін жасадым. Кесененің бояулары ерекше көз тартады ғой. Соның бояуын қалпына келтіріп, жасап жүрмін. Бояу құрамының химиялық анализін ғылыми тілмен айта алмаймын, әрине. Десек те, маған дейінгі зерттеулерді мұқият оқып шықтым. Кесенеде қолданған бояудың негізгі құрамы: кварц құмы, қорғасын тотығы, калий, қалайы. Бояу жасау - өзі қызық шаруа. Мыстың тотығы жапырақ көк пен аспан көк аралығындағы түсті бере алады. Кобальт пигменті қанық көк түс шығарады. Темір тотығы қызыл, қызыл- қоңыр түс береді. Сүрме химикатынан сары түс алуға болады. Қалайыны көп қолдансаңыз, ақ түс береді.
- Тарихи, зерттеу еңбектерді көп оқитыныңызды айтып қалдыңыз. Орта ғасырлық архитектуралық ескерткіштерді қалпына келтіргенде табиғи қалыбы қаншалықты өзгеріске ұшырайды?
- Дәл бұрынғы шеберлердің бояуын жасау қиын шаруа. Себебі ол -тарих құрсауындағы құпия. Қанша зерттесе де, ақиқатқа жету қиын. Аңыз басым. Ол заманның ауасы, топырағы басқа ғой. Қазір бәрі шаруашылық, тұрмыстық өзгеріске ұшыраған. Топырақ-минерал. Ол әртүрлі заттар мен реакцияға түседі, құрамына тікелей әсер етеді. Ал, құрам сапаны жасап шығарады. Мен жаңғырту жұмысында аспанкөк бояу жасадым. Ғалым-археолог кісі сонда маған былай деді: «Сен қанша тырыссаң да, дәл сол қоспаны жасай алмайсың! Әмір Темір Ауғанстанның тауында өндірілетін мыс тотығын қолданған». Ол тау бүгінге дейін бар. Ондағы мыс тотығының құнын алтынмен бірдей етіп қытайлық әріптестерім қолөнер үшін сатып алады екен. Өйткені аспан асты елінде фарфордың сыртына ашық көк түсте жазу жазады ғой. Міне, сол мыстың ерекше қасиеті бар екен. Қолөнер тек эстетикалық талғаммен өлшенбейді. Онда сапа да бар. Біз қазір дайын әшекей-жылтырақтар қолданамыз. Сондықтан бұрынғы бояуды айнытпай жасау мүмкін емес!
- Қолөнерде қолданылған ескі әдістерді өз шеберханаңызда байқап көрдіңіз бе?
- Түркістан мен Отырардың арасында үлкен жазық бар. Сол жерде балықкөз деген шөп өседі. Өсімдік маусым-шілде айларында шаруашылыққа жарамды болады. Сол кезде жинап өртейді. Құрамында ылғал басым болғандықтан, балықкөз бықсып жанады екен. Өртеніп біткен соң, кішігірім шлак болып қалады. Оны ұнтақтап 30 пайыз кварц қосып балқытады. Сонда түссіз глазурь шығады. Түрлі пигменттер қосу арқылы қалаған түсіңізде жылтырақ жасауға болады. Өзім тәжірибемде жасап көрдім. Бұл көне әдіс. Қазірде дайын өнім пайдаланамыз.- «Шебер 2018» байқауында «Ұлттық кәдесый» номинациясы бойынша жеңімпаз атандыңыз. Кәдесый жасауда қандай тенденцияға мән бересіз?
- Мен реставрациямен қатар құмыра жасаймын. Әр ұлттың өзіне тән мінезі, менталитеті бар. Ол қолөнерде айқын көрінеді. Мен керамика өнерінен ұлттың мінезін іздегім келді. «Қазақы құмыра болған ба?» деген сауалға жауап іздедім. Отырар қаласына бардым. Онда сынықтар өте көп. Археологтармен бірлесіп қалпына келтіріп қарадық. Дүниежүзілік қыш ыдыстар жасауда әр ұлттың қолтаңбасы бар. Біздің құмыралардың мойыны жіңішке. Үйлесімділік тұрғысынан күрделі бұйым шеберден аса ептілікті талап етеді. Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың X-XI ғасырдағы қолөнер дамуына жоғары баға беруге болады. Әр ұлттың өзінің керамикасы бар. Туристер көп баратын өзбекстандық Регистан, Бұқара, Хиуа қалалары құмыраларының ерекшеліктері бар. Ала тақиялы ағайын - Орта Азиядағы ең үздік шеберлер, қолөнерін жақсы сақтай білген. Түрлі түстердің үйлесімі арқылы талғамын танытады. Олардағы архитектуралық ескерткіштен тыс атлас мата, қыш бұйымдарын көру үшін келеді. Отырар мен Сауран құмыраларының өзінде ерекшелігі бар. Сарайшықтағы құмыралар мүлде бөлек. Таразда үлкен керамикалық орталықтар болған. Түркістандағы қазба жұмыстары кезінде табылған ыдыстар формалық тұрғыда ерекше. Орыстар фарфор-фаянстан ыдыс жасайды. Тіпті ойыншықтары да бар. Көрші мемлекеттердің керамикасын зерттеуге ерекше құмартамын. Мәдени ғана емес, рухани жағынан да мән табамын. Қазба жұмыстарынан табылған тұрмыстық бұйымдардан талғамды байқаймыз. Бұйымдар терракот күйінше қалады. Немесе аңдар мен өсімдіктер бейнеленеді. Өзбектер көбіне күлім қаққан адамдарды, көзтартар өсімдіктерді бейнелеу арқылы безендіреді. Кәдесый жасағанда бағзы заманғы шеберлердің талғамымен санасамын. Ұлттың болмысынан, тарихынан дерек беретін кәдесый әрқашан трэндтте.
- Туризм саласында кәдесый қаншалықты маңызға ие? Көп туристердің мұздатқышқа жапсыратын магнит секілді типтегі бұйымдарға құмар болуы кәдесыйлардың жұтаңдығынан туындайды ма, әлде қалта көтеретін қолжетімділігімен байланысты ма?
- Шеберлер орталығына шетелдіктер жиі келеді. Оларға қолөнершінің мінсіз жасаған өнімінен, айқыш-ұйқыш болса да өзі жасаған бұйым таңсық. Құмыра жасайтын ұршыққа отырып, кесе жасайтын мөлшердегі саздан бұйым шығарғысы келеді. Басым бөлігі кесенің пішімін шығаруға тырысады. Көптеген мемлекеттерде арт-терапия кең тараған. Яғни, адамның психикасындағы күйзелісті өнер салалары арқылы жеңуге тырысады. Глинотерапия шетелдіктерді ерекше қызықтырады. Саз-топырақпен физиологиялық емделу де пайдалы. Бірақ, құмыра жасау арқылы жүйкені тыныштандырудың ләззаты бөлек. Франция, Таиланд секілді туризмі кең тынысты елдерден көрмелерге шақырту алдым. Архитектуралық ескерткіштен тыс адамдарды қолөнер бұйымдары қатты қызықтыратынын ұқтым. Құмыра жасайтын ұршығымды өз дүңгіршегіме қоямын да, қонақтардың көзінше ыдыс жасаймын. Шетелдіктер ерекше ықыласы ауып, қызығушылық танытады. Тіпті сол көрмеден соң бірен-сараны Түркістанға іздеп келді. «Кәдесый былай болуы керек» деп кесіп айта алмаймын. Талғамға талас жоқ. Нарық бағамы туристерге әсер етпейді. Көне шаһарға табиғилықты сүйетін қонақтар құштарлық танытады. Түркістанға туристер өнермен емдеу (арт-терапия) үшін де келеді.
- Қазақтың қай өнері туристерді қызықтыратын мәдени емге тұздық бола алады деп пайымдайсыз?
- (Аға қолына өзі жасаған сазсырнайды ұстап отырды. Б.Ж.). Отырар қаласынан қазба кезінде «уілдек» аспабы табылады. Ол аспап Болат Сарыбаевтың қолына тиеді. Болат Сарыбаев аспапты жетілдіріп, үш дыбыс шығаратын халге жеткізеді. Кейіннен қазақтың көне аспаптарын жинап оркестр құруға талпынып жүрген Нұрғиса Тілендиевке табыстайды. Сонымен, үскірікті «сазсырнай» деп атайды. Сазсырнаймен байланыстырып, оркестрді «Отырар сазы» деп құрады. Қолөнердің қай саласын алып қарастырсақ та, арт- терапияда маңызға ие. Саздан жасалған бұл аспаптың конструкциясы өте қарапайым. Бірақ дауысы жанға жағымды. Балалардың әуен сезінуге қабілетін арттырады. Музыка - жан емі, әуенге әуес адамдардың болмысы таза келеді. Кілем тоқу, көзе - құмыра, киізден түрлі бұйым жасау шетел азаматтарына қызықты. Қолөнер адамды ішкі болмыстың үйлесімділігіне жетелейді. Әрбір сала тарихтан терең сыр шертеді.