Ұлы Жібек Жолының бойындағы Түркістанға қызығушы туристер көп

Screenshot_24.jpg

Әлемде туризм саласы - ең жемісті, ең пайдалы салалардың бірі болып табылады. Саяхаттаған еліңнен алған әсерің ұмытылмастай болуы үшін кәдесыйлардың алар орны-бөлек. Қазақстанғы туризм саласы жолға қойылған қалалардың бірі, Түркістандағы туристердің талғамын таразылап көрген болатынбыз. Шетелдік туристерге қандай кәдесый ұнайды?

Түркиялық турист Иылмаз Саты-Нұр Түркістанды Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи қала ретінде болғаны үшін таңдағанын айтты.

"Мен етжақындарыма қазақтың ұлттық нақышындағы тоқыма бұйымдарды алып барамын. Өзім  Анталияға жақын орналасқан елді мекенде тұрамын. Түркияға туристер демалу үшін келеді ғой. Түркістанға Ұлы Жібек бойында орналасқан тарихи қала ретінде таңдауым түсті. Орта Азияның бірнеше қаласында болдым. Өзбекстан, Қырғызстан секілді мемлекеттер жақын орналасса да әрқайсы өзіне сай кескін-келбет қалыптастырған. Сіздердің кәдесыйларыңыздың қарапайымдылығы ұлттың мінезіне тән секілді. Қонақжай пейілдеріңізді де ерекше айтып өткім келеді. Мен достарыма міндетті түрде Қазақстанға келуді ұсынамын. Біздерге Әзірет Сұлтан қорық-мұражай аймағынан көрген түйе таңсық болды. Түйеге отырып көру мен үшін естен кетпес естелік болады", - дейді турист.

Ал Абубакир Туткын Түркістан қаласы ежелгі мәдениетті тануыма ықпал жасады дейді. 

"Өзім де туризм саласының маманымын. Түркістан қаласына жаңа нысандардың салынып жатқанын байқадым. Алдағы уақытта көне шаһарға тағы да келіп көремін деген ниетім бар. Осы жолғы сапарымнан естелік ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің полотносын алдым. Кенептегі майлы бояу менің Түркістандағы көрген-білгенімді сабақтай түседі. Сіздердің ұлттық нақыштағы тақияларыңызды да еліме ала баруды жөн санадым", - дейді ол. 

Айта кетейік, Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихына үңілсек, осынау тарихи жолдың жібек саудасына байланысты «Жібек жолы» атанғаны түсінікті. Ал «Ұлы» сөзінің оған қосылуы жолдың кең байтақ Шығыс пен Батыс өлкелерін байланыстыруында болды. Сондықтан бұл жол «Ұлы Жібек жолы» деп аталды.

Біздің заманымыздан бұрынғы екінші ғасырдың орта шенінде Жібек жолы елшіліктің және сауда-саттықтың тұрақты желісі ретінде қызмет атқара бастайды.

Ұлы Жібек жолының тарихи маңызын атап көрсетсек:

мұсылмандық діни орындар (мешіт, шығыс моншалары, ғибадатханалар, мавзолейлер тағы басқа) салынды;

жер жаһанның барлық территориясын белгілі бір дәрежеде қамтыды;

әлемдік өркениеттер осы осы жол арқылы бір-бірімен ассимиляцияға түсе отырып, жаңа саяси-мәдени өркениеттердің қалыптасуына әсерін тигізді.

Ұлы Жібек жолының басы Қытай жеріндегі Хуанхэ өзенінің аңғарындағы аймақтан басталады. Ол Ұлы Қытай қорғанының батыс шетінен өтіп, Іле мен Ыстықкөлге жетеді. Керуен жолдары алғаш рет император Удидің тапсыруымен батысқа саяхат жасайды, бұл жолмен дипломат Чзян-Цянь жүріп өтеді. Қытай елшісінің соңынан іле-шала жібек артқан керуендер батысқа қарай бет алады. Уақыт өткен сайын керуен жолдарының тармақтары жергілікті саяси-экономикалық жағдайларға байланысты жанданып немесе керісінше құлдырау кезеңдерін басынан кешіріп отырған.

Алтыншы ғасырдың екінші жартысында Ұлы Жібек жолы Кореядан Қаратеңізге дейін созылып жатқан орасан зор, көшпелі империя Түркі қағанатының құрамына енеді. Алтыншы ғасырдың соңғы кезеңінде Ұлы Жібек жолының Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды қамтитын бөлігі өзгеше жанданып, осы аймақтағы қала мәдениетін өркендетуге көп көмегін тигізеді. Жетісуда ол бірқатар қалалық орталықтың тууына әсер етсе, Қазақстанның оңтүстігінде қалалардың тез көркеюіне себепші болады. Орта Азия арқылы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуға келген сауда жолы он төртінші ғасырға дейін Қытайға баратын теңіз жолы игеріліп, бұрынғы көне жолдың жұлдызы сөнгенге дейін жұмыс істейді.

Жетінші-он төртінші ғасырларда елшілік сауда керуендерінің дені Жібек жолымен жүретін. Сан ғасырлар бойы тынымсыз өзгеріп отырған оның бір бөлігі айрықша маңызға ие болып, көркейіп жатса, екінші бір бөлігі жабылып, ондағы қалалар мен сауда бекеттері қаңырап бос қалып отырған.

Он бір-он екінші ғасырларда Қытайдан шығып, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы батысқа қарай өтетін жол бәрінен де ерекше жанданады. Жолдың бұлай ауытқуын бірнеше себеппен түсіндіруге болады: біріншіден, Жетісуда Орта Азиямен жүретін сауда жолдарын бақылайтын Түркі қағандарының ордалары болатын; екіншіден, Ферғана арқылы жүретін жол жетінші ғасырда ішкі қырқыс салдарынан қауіпті болған еді; үшіншіден, аса бай түркі қағандары  мен олардың айналасындағылар жолды аса көп пайдаланатындар қатарынан саналатын.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер