Кезінде бүкіл КСРО халқы ел астанасы – Мәскеуге Лениннің мүрдесін көруге барған екен. Ление – КСРО-ның негізін қалаушы тұлға. Оның мүрдесі талай адамның қызығушылыған оятқан. Нәтижесінде Мәскеуге ағылған туристер санында есеп болмаған.
Қазақстандағы Түркістан қаласы да тарихи тұлғалардан кенде емес. Қаладағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін – қазақ хандары мен сұлтандарының мекені деп айтуға болады. Мұнда 300-ден аса тарихи тұлғалар жерленген болса, қорық-мұражай мамандарының зерттеулері нәтижесінде 184-нің кім екендіктері анықталды.
Кесененің қақ төріндегі қабірханада Қожа Ахмет Яссауидің сүйегі жатыр. Қабірханаға жанама Абылай дәлізінде қазақтың ханы Абылай жерленген. Оның қабірі Яассауидің қабірінің оң жағында шамамен бес метр жерде тұр. Дәліз тар болғандықтан қабір мен қабіртас екі бөлек қойылған. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Орта Азия елдерінен Қазақ хандығының тарихында өзіндік орны бар Абылай ханның қабірін көруге келетін туристер өте көп. Оның қабірін бір көру арқылы эстетикалық сезімге бөленеді. Ал, зияратшыларды көбіне қазақ жеріне дінді алып келушілердің бірі – Қожа Ахмет Яссауидің қабірі қызықтырады.
Сонымен қатар, кесенеде қазақ тарихында ойып тұрып алар орны бар – Есім хан, Жәнібек хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан, Әбілмәмбет хан, Бөкей хан және тағы да басқа хандар жерленген екен. Осының өзі-ақ қазақ халқының рухын асқақтатады.
Ал кіші Ақсарайда көптеген танымал адамдар жерленген. Шамамен 350-дей адам жерленгені айтылады. Кіші Ақсарайға апаратын дәліз бойында да қабірлер бар. Дәлізде кімдер жерленгені арнайы тақтаға толыққанды жазылған.
Айта кетейік, кесенеде жерленген Абылай ханның қазақ тарихында алар орны ерекше. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан Көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Ш.Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек. Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі.
1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қонтайшы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.
Абылайдың жиырма жасы қай жылға сәйкес келуіне байланысты, қай шайқасқа қатысқаны туралы болжам айтуға болады. Бұл, әрине, Абылай қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Аңырақай шайқасына қатыспады дегеннің өзінде де, Абылайдың 1730-33ж. болған бір ірі шайқасқа қатысқаны дау тудырмайды. Тарихи деректерден Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында 1730 жылы да, 1731 жылы да бірнеше үлкен ұрыстар болғаны белгілі. 1732 жылы жоңғарлардың 7 мыңнан астам әскері Орта жүздің шығыс шетіндегі ауылдарына шабуыл жасап, тегеурінді тойтарысқа тап болады. Абылайдың жиырма жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерінде атап көрсетілген. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 30-40 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп...» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет ханнан өтіп, Абылайдың қолына көшеді. Абылайдың ерлігі мен ақыл-парасатына бас ұрған Әбілмәмбет ақылшы аға болып қалып, кеңесші хан дәрежесімен шектеледі. XVIII ғасырдың 30-жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.И.Левшин: «1739 ж. Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген»,- деп жазды. Ш.Уәлиханов та осы пікірді қолдайды.