Түркістан музейлерінің туристік әлеуеті зор

Screenshot_8.jpg

Түркістан қаласының тарихи маңызы сауда-саттықтың ауқымынан кеңірек. Руханият пен ғылымның қойнауын қазынаға толтырған алыптардың Атажұрты да. Өзбекстанның Самарқанд, Бұқара секілді қалаларына  барған туристер Әбу Райхан әл Бируни, Ибн Сина секілді ғұламалардың шығармашылығы мен ғылыми еңбегіне таңдай қағып, ала тақиялы ағайынның тарихи интелектіне жоғары баға  қойып кетеді. 

Түркістанның құндақтаған перзенттерінің ел тарихында құны жоғары болғаны дау тудырмайды. Түркістан қаласының аумағында С.Ерубаев, Н.Төреқұлов, Н.Оңдасынов, Р.Сейтметов секілді тау тұлғалардың мемориалды музейі орналасқан. Қалада мұражайлар бір-біріне өте жақын, әрі келушілер қиналмай таба алатын жерлерге шоғырланған. 

Саттар Ерубаев мемориалдық мұражайы 1995 жылы Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени мұражайы болып қайта құрылды. Мұражай орналасқан ғимарат ХХ ғасырдың басында күйдірілген кірпіштен салынған архитектуралық ескерткіштер қатарына жатады.Жалпы ауданы 335,4 шаршы метр. Жалпы ауласының алаңы 1573,8 шаршы метр.Мұражай қорында 2114 жәдігер тіркелген. Жәдігерлердің ең құндысы - Саттардың өзі отырған мектеп партасы мен патефоны.

Арқалық тақтайына ірі–ірі латын қаріптерімен жазылған жазуға көзіңіз түседі. Бұл  жәдігерді түркістандық қайраткер қария  Елтай Бимағанбетов тапқан екен. Яғни, Саттар бала осы партада отырып білімге сусындаған. Соның арқасында  алғашқы ұлттық техникалық интеллигенция өкілдерінің бейнелері сомдалған «Менің құрдастарым» сынды романды дүниеге келтірген. Тұлға 23 жыл ғұмыр кешіп те із қалдыра алатынын Саттар Ерубаев мемориалды музейінің қонақтары санасына шегелеп шығады.

Қаланың спорты туралы сөз қозғағанда алдымен еске түсетін Әбдiсалан Нұрмаханов, Октябрь Жарылқапов, Бекзат Саттарханов, Қайыс Аққалиев секілді қазақ спортының майталмандары жайлы мәліметтер орналастырылған. Голливудтың Даңқ аллеясына ұқсастығын көбейтетін де осы тұсы. Даңқ аллеясынан ерекшелігі ерлердің есімдері аяқ астында емес ұлттың құндылығы ретінде қабырғада жайғасқан. Музей келушілерге қолжетімді бағамен ақылы қызмет көрсетеді. Билет құны жасөспірімдер мен мектеп оқушылары үшін - 50 теңге, ересектер үшін - 100 теңге, шетелдіктер үшін - 200 теңге. Музей әкімшлігінің хабарлауынша, мұнда І-жарты жылдықта бірлі-жарым шетелдіктерді қоса есептегенде 1400-ден аса қонақ келді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая бермек. 

Айта кетейік, Саттар Ерубаев қазақ әдебиеті көгінде жарық жұлдызша жарқ етіп жанып, көзді ашып-жұмғанша ағып өте шықты. Әдебиеттің алтын қорына қосылған өлмес туындыларын жиырма үш жылмен ғана шектелген қысқа ғұмырында жасап үлгерді. Ол дүниеге келгелі, міне, бір ғасыр болды. Жүз жыл. Ал өмірден өткеніне жетпіс жетінші жыл боп барады. Осы жүз жылдық мерзімнің үш ширегінен астам уақыт. Осынша мезгіл бойы оның екінші өмірі – рухани өмірі маздап жануда. Бір ширекке де жетпеген келте ғұмырында берген тамаша шығармаларынан өрілген екінші өмір, мәңгілік өмірі елімізбен бірге жалғасып келеді. Саттар жазған «Менің құрдастарым» өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бері халқымыздың әлденеше ұрпағының сүйікті кітабына, жансерігіне айналған. Атақты романы өз алдына, сырға тұнған мөлтек әңгімелері, оқиғаға құрылған лирикалық өлең-жырлары, әжуә-сықақтары, сын мақалалары мен көсемсөздері әлденеше ондаған жылдардан бері талай жас жанның дүниетанымын, өмірге көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесіп жүр.

Дау-дамайсыз ақиқат сол – Саттардың «Менің құрдастарымы» тоталитаризм дәуірінде қалыптасқан стандартты заманда өмір сүрген қыз-жігіттердің жан дүниесіне айрықша әсер еткен кітаптар қатарында болды. Оны қайыра оқыған сайын алғашқы алған әсеріңнен айнымай, ризашылыққа бөленесің де отырасың. Бұл роман адал, берік достықтың, шын жүректен сөйлеушіліктің символына айналып, нағыз жансерігің секілденіп кеткен. Қанша қайыра оқысаң да – сүйсінесің, алғашқы алған әсерің әрбір қайта оқыған сайын үстемелене түседі. Баяғыша қанды қыздырып, жүректі тулатады. Оның жеткіншек, жасөспірім, жас біткенді былай қойғанда, жасамысқа да «құрдас» болып қала беру сыры, тартымдылығының құпиясы, басты күші – адал көңілден, шын жүректен жазылғанында. Сонысымен де жүрегіңнің түкпіріндегі асыл сезіміңді тербейтінінде. Бас әріппен жазылатын шынайы адамгершілікті, жаңа дәуірдің жаңа адамына тән болмақ асқақ та әсем, ең адамгершіл сезімді қозғайтынында. Ақ жүректен ақтарыла жазылғандықтан да – замана рухы шағын романға қарапайым сөздермен-ақ көркемделіп, бедерлене тоқылған. Қарапайым сөздер болғандықтан да –эстетикалық әсері айрықша пәрменді болып, замана суреті шағын бір туындыға қаз-қалпында сыйып кеткен. Ақ жүректен ақтарыла жазылғандықтан да – «Менің құрдастарым» сыр шертетін отызыншы жылдар жастарының бойындағы тамаша қасиеттер күні бүгінге дейін біздің тұла-бойымызды шымырлатып, ғажап күйге бөлейді, сүйсінтеді, елітеді, еліктетеді.

Бейнелегені бұдан әлденеше ондаған жылдар ілгергі кезең болғанмен, «Менің құрдастарым» – баршамызбан әрдайым замандас, мәңгі жас туынды. Ол халқымыздың әр жылдарғы жас толқынына әрдайым құрдас, сырлас, жолбасшы, жетекші болып келеді, келешек ұрпаққа да тап солай қызмет етері даусыз ақиқат. Осынау ғаламат романның авторы, жастар жазушысы Саттар Ерубаев пен оның ақтық әніне, аққу әніне айналған, бейне-бір өзіне, өзінің тамаша замандастарына қойған өлмес ескерткіші сынды «Менің құрдастарымы» әрқашан біздің арамызда. Демек, ол өзінің туындысымен бірге мәңгі тірілер қатарында. Біздің өскелең ұрпағымыздың сенімді тәрбиешілері қатарында. Төңкеріс дәуірі тәрбиелеген осынау албырт ақынның жан сыры – оның тамаша романы, мөлдір сезімге тұнған поэзиясы, ақ көңілден туған мөлтек әңгімелері, әжуә, сықақтары, замандастарын замана талабына сай болуға шақырған сыни және публицистикалық еңбектері имандық-идеялық сананың әрі көркем ескерткіші, әрі пәрменді оқулығы ретінде ұрпақтар зердесінде жасай береді, жасай береді.

Саттар өз заманында жасампаз революция он бес жыл ішінде тәрбиелеп, қалыптастырып шығарған жаңа адам санатына жатқызылған-ды. Мұнда ешқандай асыра айту, әсіре бояма жоқ еді, бұл шын болатын. Өйткені ол өзгерген заман адамдарынан, өзгерген заманның мектептерінен қаршадайынан оң сипатты тәлім алды, сондықтан да төңкеріспен келген ұлы өзгерістің биік мұраттарына қалтқысыз сенді, құлай сенді. Сол себепті оның шығармашылығы айналасындағы жан біткенді от-жалыны шарпи шалқыған революциялық көңіл-күйдің асау да тегеуірінді толқынында шыңдалды. Тиісінше Саттар да, революцияның жасампаз идеяларымен баулынған жаңа адамдардың өкілі ретінде, жаңа заманның жаңа адамына тән болуға тиіс жаңа сезімді айрықша асқақ пафоспен жырлады. Сөйтіп ол өзінің көркем сөзінің қуатын жаңа өмірдің жасампаздық идеяларын насихаттауға бағыттады.

Алғаш 1939 жылы жарық көргеннен бері «Менің құрдастарым» талай буынның асыл сезімін ұштауға септесіп келеді, бұдан әрі де солай бола бермек. Мұны Орталық комсомол комитеті фунционерлерінің отыз жылдан кейінгі буыны мойындап, Саттар Ерубаевқа жастар сыйлығының алғашқы лауреаты атағын берді. Сөйтіп, тоталитарлық кезең билеушілері Саттарды аяққа таптап та, аспанға көтеріп те үлгерді. Жазықсыз жазғырғанын жасырып, әдебиет төріндегі мәртебелі орнына қойды. Сол мәртебелі орында Саттардың халқына сіңірген еңбегіне сай тұрғанына қазіргі таңдағы егемен дәуірде ешкім күдіктенбейді. Сондықтан да жалынды жас ақынның, озық ойлы қаламгердің жүз жылдық мерейтойын жұртшылық жер-жерде үлкен қуанышпен атап өтуде. Оның поэзиядағы, прозадағы жаңашылдық ізденістері бүгінгі талай ақын-жазушыға үлгі болуда.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер