Түркістандағы «Жұма мешітіне» мұсылман елдерінен арнайы келетін туристер бар

Screenshot_29.jpg

Түркістан қаласындағы "Әзірет Сұлтан" қорық-музейі турист тартуда зор үлесін қосып отыр. Мұнда Әмір Темір заманынан сыр шертетін көптеген жәдігерлер бар. Бүгінде қорық-музейдегі "Жұма мешіті" музейі туристердің зор ықыласын тудырып отыр. Мұнда түрлі құнды жәдігерлер бар. Мұнда келген туристер әбден сарғайған жәдігерлердің, кітаптардың, Қоқан дәуірі тұсындағы зеңбректердің қасында ұзақ бөгеліп жатады. Діни һәм туризм туризмі қанат жайып келеді.  

«Жұма мешіті» музейі — Түркістан қаласындағы көне ескерткіштерінің бірі саналады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 160 м. жерде орналасқан бұл ғимараттың ХІІ ғасырда Қожа Ахмет Ясауидің үйі болғандығы жайлы деректер аңыз-әфсаналарда көптеп кездеседі. Ол үй кейіннен шәкірттері арқылы мешітке айналдырылып, бірнеше рет қайта жаңартылған. Соңғы рет баспана 1878 жылы тұрғызылып, алдыңғы бастырмасы 1958 жылы қосылған. 1982-1998 жылдары «Жұма мешіті» археологиялық музей қызметін атқарған. Кейінгі жылдары ағымдағы жөндеу жұмыстарына байланысты жәдігерлері жұтаң тартып, елеусіздеу күй кешкен бұл музей келушілерге есігін бүгін қайта айқара ашты. 

Түркістандағы ірі орталық болғандығымен аса құнды бұл «Жұма мешіті» қазіргі таңда да музей ісінде қала тарихын шынайы ашып көрсетер белгілі бір нысан болып қала бермек. Мешіттің жаңа экспозициясындағы аса құнды діни қолжазбалар мен сирек басылымдар, жайнамаздар, діни бағалы этнографиялық жәдігерлер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдағы Түркістан өңіріндегі мешіттердің көріністерінен, өзіндік ерекшеліктерінен сыр шертеді.

Айта кетейік, Ислам діні Қазақстанға VIII ғасырдың соңынан бастап IX ғасырдың басында тарай бастады. 766 жылы Қарлұқ Ханы Қазақстанның Жетісу және Оңтүстік аймақтарын жаулап алып, мұсылман мәдениетін таратты. X ғасырдың басында Қарахандықтар мемлекетін кұрған Сатұқ Абд әл-Керим Боғра ханның (915-955) баласы 960 жылы исламды мемлекеттік дін ретінде жариялады.

Оңтүстік өңірге орныққаннан кейін қазақ даласының қалған өлкелеріне исламның таралуы бейбіт жүзеге асты деуге болады. Байырғы тәңірлік сенім мен жаңа ислам дінін бірқұдайлық қағидалары мен имандылық ұстанымдары біріктірді. Ислам діні мен тәңірлік сенімнің астасуы ғасырлар бойы жүрді. Нәтижесінде дүниенің бір түкпірінен тау асып, тас басып жеткен ислам діні ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен терең үйлесім тауып, бірте-бірте біздің мәдениетімізді құрушы, болмысымызды қалыптастырушы дінге айналды.

Қазақ халқының тарихында ұлттық-мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілген біртұтас ілімдерді жасаған даңқты тұлғалар болды. Ұлтымыздың болмысын қалыптастырған, құндылықтық бағдарын белгілеген осындай ілімдердің бірегейі – Қожа Ахмет Ясауи ілімі.

Ясауи ілімін бірыңғай діни-мистикалық ілім ретінде бағалау орынды емес. Ясауи ілімі – ең алдымен рухани-моральдық ілім. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл Ясауи жасаған ілім өз бастауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Қожа Ахмет Ясауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Ясауи өз ілімінің барлық қағидаларын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты. Ясауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да ислами дүниетанымына негіз болып қаланды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Ясауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі ролін атқарған Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз. 

Ясауи ілімі өзге рухани ілімдерден ұлттық ұстанымдарымызбен терең қабысуымен ерекшеленеді. Рухани тазалық пен кемелдікті мақсат еткен Ясауи жан тазалығы, ар тазалығы, жүрек тазалығы қағидаларын бірінші орынға қойды. Ол өз ілімін қоғамды тәрбиелеуші, түзетуші ар ілімі ретінде түсіндірді. «Жаным – арымның садағасы», «Жарлы болсаң да арлы бол» деген қазақ халқы да осы ілімді жан-жүрегімен қабылдаған. 

Ясауи ілімі ағартушылыққа, ғылым-білімге шақырады. Ясауи: «Адамды ақиқатқа жеткізетін бірден-бір жол – ғылым жолы» деп жазған. Ясауи еңбектерінде ғылымға ұмтылу, надандықтан қашу мәселелері жиі көтеріледі, шынайы ғалымдар ерекше құрметтеледі. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Ақыл – азбайтын тон, Білім – таусылмайтын кен», «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деп мақалдаған ұлтымыздың ұстанымдары да осы қағидалардан қиыс кетпейді.

Ясауи ілімінде «Халыққа қызмет ету – Хаққа қызмет ету» деген ұстаным бар. Бұл қағида қоғамға адал қызмет етуді насихаттайды, отаншылдыққа, елді сүюге, бауырмалдық пен жанашырлыққа, өзара құрмет пен сыйластыққа тәрбиелейді. Осы бір қағида өзгеге қол ұшын беруге қашанда құлшынып тұратын біздің халқымыздың болмысына сіңген деуге болады. «Өз үйінде ою оймағанның кісі үйінде сырмақ сыратыны» да осыдан болса керек.

Қожа Ахмет Ясауи көшпелі түркі халықтарының ағайындық, бауырмалдық сезімдерді басты орынға қоятын ізгі дүниетанымымен, туыстық қатынастарға негізделген рулық-тайпалық құрылымымен етене таныс болған. Сондықтан ол ашық зікір тәжірибесін қолданып, әйелдер мен ерлердің зікірге бірге қатысуына мүмкіндік берген. Осы әрекеті үшін өзімен замандас дін ғұламалары Ясауиді «бүлікшіл», «дінсіз» деп қатаң айыптады. Бірақ Ясауи олармен күрес барысында өз ілімінің дұрыстығын дәлелдеп, сол арқылы халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын қорғап қалды. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер