Шыңғыс ханның жәдігері сақталған

1002.jpg

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің нумизматикалық жәдігерлер коллекциясындағы Шыңғысхан атымен соғылған алтын ақша бетінде де Ислам дінінің негізгі ұстындарының бірі – «Калима» жазбасы да тиын алаңын түгел ала түсірілген. Осы тиынды көру үшін келетін туристер саны жылдан-жылға артуда. 

Тиын музей қорына 2006 жылы келіп түскен. Тиынның салмағы 5.90 г., диаметрі — 22.2 х 21 мм. Қосарланған шеңбер сызықтардан түзілген жиектеменің бедер қалдықтары бар.

Жазбасының бедерлері мен ең төменгі қатарда өрме пішіндегі өрнек-виньетка түскен. Жиектерін бойлай түсірілген жазба бедерлері сақталмаған.

Келесі беті жиектеме ішіндегі алаңға 4 қатар етіп жазба бедерлері түскен.Әдетте, тиын жиектеріне түсіріліп отыратын ақшаның соғылған жылдық жазбасы ақшаның ұзақ уақыт қолданыста болуы немесе ақша соғуға арнап жасалған штемпель беттеріндегі бедерлердің тиын шеңберіне түгел түспей қалып отыруы себебімен көп жағдайда толық сақталмайды.

Алтын динардың негізгі бетінде Шыңғысхан жазбасының бөліктері сақталған. Әлемде Самарқанда соғылған Шынғысхан лауазымы жазылған екі тиын ғана белгілі. Олардың екеуі де Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда сақтаулы. Бұл тиындар жайында кезінде В.Г.Тизенгаузенның жазып қалдырған еңбектері бар. Бірақ біздің қорымызда сақтаулы тиынның типологиялық қатынасы ол тиындардан өзгешерек.

Тиын бетіндегі ﺟﻨﻜﺯ (Женгиз) сөзінің тек ортаңғы екі әрпінің сақталып, алғашқы және соңғы әріптерінің жойылып кетуі, бұл сөздің ﻤﻨﮑﻭ (Менгу-Мөңке) атауы болуы да мүмкін деген ойға жетелейді. Бірақ, Мөңке қаған атымен соғылған тиындарда Менгу атауы тек ﻘﺍﺍﻦ (қаған) лауазымымен ғана беріліп отырған. Ал музей әкімшлігі ұсынып отырған тиындағы ﺟﻨﻜﺯ атауыخان (хан) сөзімен берілген. Сондықтан, бұл дирхемде көрсетілген атау Шыңғысхан болуы керек деген тұжырымға келді.

2004 жылы Отырар аумағынан шамамен хижра жыл санағы бойынша 640-шы жылдары (1240-шы жылдар) көмілген алтын динарлар көмбесі табылған болатын. Көмбе тиындарының көпшілік бөлігі қолды болып кеткен. Музей қорындағы бұл тиын да сол көмбе тиыны болуы мүмкін.

Қаратөбеде (Көне Сауран) жүргізілген қазба жұмыстары кезінде алтын динарлар сынықтары табылған. Бұл табылған алтын ақшалар бөліктері Моңғол шапқыншылығынан кейін де Түркістан аумағында қалалық өркениет жалғасын тапқанына және Отырар мен Түркістан аумағы арқылы Қытайға өтетін сауда жолының барынша қарқынды дамығандығына дәлел бола алады.

Музей әкімшілігі мен ұжымы музей қорындағы осындай құнды жәдігерлерді насихаттау мен келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында сақтауды өзіне зор міндет санайды. Осы мақсатта музей қорларындағы құнды жәдігерлерді цифрлық форматқа көшіру ісі де күн тәртібіндегі ең маңызды міндеттердің бірі болып отыр.

Айта кетейік, Шыңғыс хан (өз аты – Тэмуджин, Темучин) – Азияда тұңғыш біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері. Ежелгі ру басшысы Есугей батырдың отбасында туған. Өзінің әскери таланты арқасында және дұшпандарының әлсіздігі мен бытыраңқылығын пайдаланып, 1183-1204ж. өкімет билігі үшін күресте негізгі жауларын (Меркіт тайпасының көсемі Тохтадан бастап, Найман тайпасының басшысы Таян (Даян) ханға дейін) талқандады да, кең-байтақ территорияны басып алды, сөйтіп онда мекендейтін көптеген ру-тайпалық одақтардың бірден-бір билеушісі болды. Осы жеңістері және тайпа көсемдерін өз маңына топтастыруға бағытталған бірсыпыра әлеуметтік шараларды жүзеге асыруы нәтижесінде Тэмуджин дала ақсүйектері құрылтайының шешімімен 1206 жылы барлық тайпалардың ұлы ханы болып жарияланды да, «Шыңғыс хан» (түрікше «теңіз, мұхит» деген сөзден шыққан) лауазымын алды. 

Ішкі саясатта Шыңғыс хан мемлекетті басқару ісін бір орталыққа бағындыруға күш салды, түркі-моңғол тайпаларын «мыңдық» деп аталатын әскери-әкімшілік бөліктерге бөлді (өйткені хан талабы бойынша, бұл бөліктердің әрқайсысы 1000 атты әскер беруге тиісті болды). Шыңғыс хан бұларды жайылым жерлерімен қоса өз туыстары мен нояндарға еншіге бөліп берді. Ұлы хан жазбаша іс жүргізуді ұйымдастырды. 1206 жылы ол әдеттегі құқық (яса) ережелерін бекітті. Мемлекет ішіндегі наразылықтарды басу үшін 10 мың адамдық жеке гвардия (кэшиг) құрды. Әскерде өте қатаң тәртіп орнатты: сәл кіналы немесе қорқақтық көрсеткен әскери адамдар өлім жазасына кесілді. Шыңғыс хан әскери стратегия мен тактикада мұқият барлау, жауды жекелеп талқандау, тұтқиылдан шабуыл жасау, дұшпанды алдау үшін арнаулы отрядтардан тосқауыл қою, қыруар атты әскермен маневр жасау, т.б. әдістерді қолданды. 

1207-11ж. Шыңғыс хан Сібір мен Шығыс Түркістанды (буряттарды, якуттарды, ойраттарды, қырғыздарды, ұйғырларды) бағындырды. 

1211ж. Цзинь мемлекетіне жорық жасады. 1215 ж. Пекинді алды. 1217 ж. Солтүстік Қытай түгел Шыңғыс ханның билігіне көшті. 1219 ж. Корея патшалығы Шыңғыс хан әскерлерінен тізе бүкті. Моңғол әскерлерінің Солтүстік Қытай мен Корея патшалығына жорықтарын ірі қолбасшы, әмір Мұқылы Гауин Жалаири басқарды. Қытайға қарсы шабуылдан кейін Шыңғыс хан әскерлерінің бір тобы 1218-1219ж.ж. Жетісуды, 1219-21ж. Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алды. Басып алынған жерлерді Шыңғыс хан ұлыстарға бөлді де, ұлдарына үлестіріп берді. Жошыға Ертістен Орал тауына, одан оңтүстікке қарай Каспий мен Арал төңірегіне дейінгі жерлер, Орта Азиядағы иеліктерінен Солтүстік Хорезм мен Сырдария аймағы, Шағатайға Мауераннахр, Жетісу, Қашқария, Үгедейге Батыс Моңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді. Төле әкесінің ұлысы Моңғолияны мұраға алды. Шыңғыс хан Тұнғұстарға кезекті шабуылы кезінде қаза тапты. Соғысты Шыңғыс ханның мирасқорлары, Шыңғыс әулетінің хандары азды-көпті үзілістермен үсті-үстіне жүргізе берді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер