Құнды жәдігер үшін мұхит асып келетін туристер баршылық. Оларға бағзы заманда марқасқа батырлар ұстаған әрбір зат өте құнды. Қазақ тарихындағы хандар мен батырлардың, билер мен датқалардың Түркістан қаласына ат басын тіремей кеткендері кемде-кем. Қайсар жүрек Қабанбай батырдың да табаны тиген өлкеде оның құнды мұрасы сақтаулы. Қаншама шайқастарда қолынан түспеген қару сапы «Əзірет Сұлтан»мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейі қорының этнографиялық тобынан берік орын алған. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей қорына сапыны сексенінші жылдары Қабанбайдың ұрпағы, халық суретшісі Сахи Романов әкеліп тапсырған.
Жәдігер негізгі екі бөліктен тұрады: сапы және қыны. Сапының ұзындығы-34 см, болаттан соғылған жүзінің ұзындығы-21,4см. Жүзінің жоғарғы жағында-жетесінен бастап ұшына 3 см-дей жетпей кідірген екі кертік сызығы бар, сабының қоспасы жартылай «овал» пішіндес таза күміспен көмкерілген, онда қаралау әдісімен гүлді ою бедерленген. Бұдан кейінгі жете бөлігі 2 см. көлемде қорғасынмен қапталған, оған күміспен жиектелген көк және жасыл түсті жартылай бағалы асыл тасты (бирюза) төртбұрышты тізбек әшекей ұласқан. Сарғыш тартқан сабының ұзындығы-11см, ол батыр ұрпақтарының айтуынша пілдің тісінен жасалған.
Жәдігердің екінші бөлігі-оның былғары қыны. Қынның-ұзындығы-52см, ол «алақан», «қын» және «белдемеден» тұрады. Бесбұрышты алақаны, төртбұрышты белдемесі қынға сән беріп қана қоймай, арнайы қызметтер атқарған. Қынның өне бойы өсімдік тектес қазақы оюмен өрнектелген. Сапының жүзін мұқалтпас үшін әрі қару қынды кесіп кетпес үшін ағаштан жонылған «кіші қын» негізгі қынға нығыздала кигізіліп, өрме шашақты белдемеге таспамен біріктірілген. Жәдігер мұражай қорының қор сақтау бөлмесінде көздің қарашығындай сақтаулы.
Айта кетейік, Қабанбай - батыр, талантты қолбасшы. Азан шақырып қойылған есімі — Ерасыл. Ол 1692 ж. қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 ж. сонда дүние салған. Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан. "Қазақта Найман Қабанбайдан асқан батыр жоқ Үйсін Төле биден асқан би жоқ",-деген екен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Жастайынан жаугершілік пен шапқыншылықтың зардабын көріп өскен Ерасыл бүкіл еліне, жұртына төнген зұлматтың қандай екенін, бойына сіңіріп, сезініп өскен қазақ ұлдарының бірі. Кейбір мәліметтерде Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра ортасындағы Қабанбайдың Үшбұлағы аталатын жерде дүниеден өткен деседі. Ал сүйегі Үшбұлақтан 3 шақырым жерде «Найман қорым» аталатын қырдың үстінде. Батырдың өмірбаянына қатысты тарихи деректерді Амангелді Төлемісов жинақтап, өз баяндамасында қалың қауымға ұсынды. «Ту көтеріп, ел қорғаған сүйікті батырына халық Ерасыл, Нарбала, Ізбасар, Қабанбай, Хан батыр, Дарабоз, Көкірек әулие деген ат-есімдер берген», – дейді тарихшы.
Баяндамашының деректері бойынша, Қабанбай батыр Қытай жазбаларына 1757-1758 жылдардан бастап «қазақтың туму батұлы – яғни бас батыры» ретінде хатқа түсіп, Қазақ хандығының Абылай, Әбілпейізден кейінгі 3-ші ірі тұлғасы, кейде Абылай, Әбілпейіз, Әбілмәмбеттен кейінгі 4-ші ірі тұлғасы ретінде аталып отырады. Циянлұң патшаның 1760 жылы 25 наурыз күні Қазақ хандығына жолдаған хатында: «Қазақтың Әбілмәмбет, Абылай, Әбілпейіз және Қабанбайларына…» деген есімдердің аталуына қарап біз осындай тұжырымға келеміз. Мұның өзі сол Абылай заманында өткен қазақтың ұлы жыраулары Бұхар, Үмбетей, Саршуаш, кейінгі Мәшһүр Жүсіп, Құрбанғали аталарымыздың Қабанбай батырды бар батырдың басына қойып жырлаған жырларымен және жазба деректерімен бірдей шығып отыр.
Орыс деректеріндегі Қабанбай батыр туралы деректерді тарихшы былай тізеді. «Орыс тарихшыларының жазбаларында Қабанбай батыр айрықша аталып отырады. Орыс тарихшысы Кузнецовтің 1750 жылдардағы жазбаларында: «Қазақ қолының солтүстік шығыс бөлігін Қабанбай батыр бастап, оңтүстік шығыс бөлігін Абылай бастап жоңғарларды шығысқа қарай тықсырып барады…» – деп жазса, тағы бір орыс тарихшысы Веляминов-Зернов 1752 жылдары Еділ қалмақтары Қытайға қоныс аудармақ болған кезде іргелес отырған Қарақалпақ елін өздерімен бірге зорлап көшіріп әкетпек, болғанда сол елді қалың қол бастап, құтқарып қалған адам қазақтың Қабанбай батыры екендігін жазған.
1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналады. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанады. 1751 жылы Арқадан Оңтүстік Қазақстанға — Ханбаба (Барақ сұлтанның үлкен ұлы) жорығы жасалды. Ұлы жүз жасағын өзіне қосып алған 2 түмен қазақ әскері, Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билікке келуіне көмектесті. Шыршық өңірінде Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады. XVIII ғасырдың орта шенінде қазақ хандары билік үшін жүргізген күрес шиеленіскен шағында Барақ сүлтан Кіші жүздің ханы Әбілқайырды өлтірген. Қабанбай батыр Барақ сұлтанға кінә тағып, оның Жоңғар хандығымен жақындасуына қарсы әрекет жасады. Осыған орай Қабанбай батыр тек Орта жүздің ішкі жағдайларына ықпал етіп қана қоймай, Кіші жүзде болып жатқан тарихи оқиғалардың да бел ортасында болды. 1752-1754 жылдары Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Ӏле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысқан. Осыдан кейін қазақ жасақтары Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінде екі бағытта шабуылға шыққан. Күнгейдегі өскер тобын басқарған Қабанбай сарбаздарымен Қаракөл мен Нарынды, Ұржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылған. Баспан-Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат еткен.