Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 23 наурызында Президент сайлауынан кейін алғашқы іссапарын киелі Түркістан қаласынан бастағаны белгілі. Ел басшысы сол сапарында Түркістан тұрғындарымен кездескенде «Басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек» деп, жергілікті билік өкілдеріне халықпен тығыз байланыста болуды тапсырған болатын. Ал, биыл наурызда Мемлекет басшысы әкімдерді өздері басқаратын аумақтағы жұртшылықпен жылына кемінде төрт рет кездесіп, есепті кездеуслер өткізуді міндеттейтін Жарлық шығарды. Президент Жарлығымен бекітілген тапсырманы орындау мақсатында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардың барлық секторлары мен шағынаударына барып, ел аралап есепті кездесулерін өткізіп келеді. Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, келесі кездесулерде олардың орындалуын баяндап, халықпен кеңесіп, тиісті бөлімдермен игі істерді атқаруда. Бұл Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс» деген тапсырмасының орындалуының жүзеге асуы. Сондай шаһар басшысының бір жыл ішіндегі тұрғындармен нәтижелі төртінші кездесулерінің алғашқысы Сауран секторының жұртшылығымен өтті.
Түркістан қаласы әкімнің есебіне айтылған деректерге сүйенсек, жалпы жыл басынан бергі Сауран секторының жұртшылығымен кездесулерде 112 мәселе көтерілген. Оның 67-сі орындалған. Тарқатып айтқанда шеімін тапқан 67 мәселенің 9-ы жол мен көлік саласына, 17-сі инфрақұрылымға, 6-ауы қоғамдық көлікке, 8-і абаттандыруға және 13 басқа да мәселелерге қатысты. Ал, 9 мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде екен. Қалған 36 мәселе бойынша заңға сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті.
Осы жылы Сауран секторындағы екі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұлар – заман талабына сай қайта жаңарған Төле би атындағы №19 мектеп және М.Пошанов атындағы №21 мектеп.
Алдағы уақытта қала аумағында 11 мектептің құрылысы жоспарлануда, оның ішінден Сауран секторында 600 орынды құрайтын бір мектеп құрылысын бастау көзделуде.
Тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында Сауран секторында үш нысанның құрылысы аяқталып, жеті мыңға жуық адам сапалы электр энергиясын тұрақты тұтынуға қол жеткізген. Одан басқа, тағы бір нысанның құрылысы жалғасуда.
Сонымен қатар, алдыңғы кездесулерде тұрғындардың жасаған өтінішіне сәйкес, Жұбанов, Мыңбасы, Байсейтов, Ыбырайұлы және Балақаев көшелеріне бес трансформатор орнатылыпты.
Сауран мөлтек ауданы аумағында жаңадан қоныстанған аумақтарды және ауыз су жүгізілмеген көшелерді су құбырымен қамту жобасы кезең-кезеңімен жүйелі іске асырылуда. Бірінші және екінші мөлтек аудандар және мақта зауытының шағын ауданының ауыз су желілерін жаңа полиэтиленді құбырмен алмастырып жаңалау, қысымдылығын арттыру, кіші диаметрлік құбырларды үлкен диаметрлік құбырларға қайта ауыстыру және орталық су магистральдеріне біріктіру мақсатында қолға алынған екі нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Облыс орталығына сапалы жылу беру үшін тозығы жеткен жылу жүйелерін кезең-кезеңмен жаңарту жоспарланған. Осыған орай, бір нысанның жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп мемлекеттік сараптамаға ұсынылыпты. Аталған жобаны іске асырған жағдайда қала аумағындағы тозығы жеткен желілердің үлесі 30 пайыздан 10 пайызға дейін төмендейтін болады.
Сауран секторында 175 шақырымды құрайтын 156 көше бар. Оның ішінде 39 көше асфальт жол, 109 көше тас жол, 8 көше топырақ жол. Ағымдағы жылы 1,38 шақырымды құрайтын үш көше орташа жөндеуден өткен. 21,7 шақырымды құрайтын 34 көшеге тас төселген. 9,1 шақырымды құрайтын 10 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді. Ал, Әліби Жангельдин көшесінің құрылыс жұмыстары мемлекеттік тапсырыстардың бекітілген кестесіне сай қарқынды жүргізілуде.
Сондай ақ, Баянауыл елді мекенінің аумағына қарасты 16 көшеде жарықтандыру жүйесінің құрылысы іске асырылуда екен. Түркістан қаласының бірінші және екінші мөлтек аудандарын абаттандыру нәтижесінде аула арасындағы жалпы көлемі 8,0 гектарды құрайтын алаңға асфальт төселген. Жалпы 2,5 гектарды құрайтын алаң аумағы көгалдандырылған. Сонымен қатар, 35 дана ойын алаңшалары мен воркаут, бес жерге спорт алаңшасы орнатылған.
Сауран секторының тұрғындары бұған дейінгі кездесулерде айтылған талап-тілектерінің орындалуына ризашылығын білдіріп, Түркістан қаласы әкімдігінің басшылығына, тиісті бөлімдерге және игі істерді атқарған азаматтарға алғыстарын айтты. Сонымен қатар, көкейде жүрген өзге де түйіткілді мәселелерді айтып, сұрақтарына лайықты жауаптарын алды.