Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген аудан-қалалардың басшыларына әрбір елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп есеп берулерін міндеттейтін тапсырмаларын орындау мақсатында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жыл басынан бергі кезекті төртінші рет кездесулерін "Яссы" секторында тұрғындармен өткізді.
Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 23 наурызында Президент сайлауынан кейін Мемлекет басшысы ретінде алғашқы іссапарын киелі Түркістан қаласынан бастағаны белгілі. Сол сапарында Түркістан тұрғындарымен кездескен Президент «Басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек» деп, жергілікті билік өкілдеріне халықпен тығыз байланыста болуды тапсырған болатын.
Президент Жарлығымен бекітілген тапсырманы орындау мақсатында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардың барлық секторлары мен шағынаударына барып, ел аралап есепті кездесулерін өткізіп келеді. Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, келесі кездесулерде олардың орындалуын баяндап, халықпен кеңесіп, тиісті бөлімдермен игі істерді атқаруда. Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс» деген бұл тапсырмасының орындалуы Түркістан қаласында нақты істермен жүзеге асуда.
"Яссы" секторында тұрғындармен өткен бүгінгі кездесуде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков атқарылған жұмыстар барысын баяндап, жоспарлармен бөлісті.
Жалпы жыл басынан бері бұл секторда үш кездесу өткізіліп 93 мәселе көтерілген болатын. Оның ішінде 64 тапсырма шешімін тауыпты. Тарқатып айтқанда, орындалған 64 тапсырманың 8-і жол мен көлік саласына қатысты болса, 11-і инфрақұрылым, 26-сы абаттандыру мен тазалық мәселесі, 6-ауі қоғамдық көлік және 13 басқа да мәселелер. Ал, айтылған 11 мәселе бойынша бүгінде жұмыс жүргізілуде екен. 25 мәселеге байланысты заңға сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті.
Алдағы жылы "Яссы" секторында 1200 және 900 орынды құрайтын екі мектеп құрылысы жоспарланған. Көпқабатты 11 үйдің тұрғындары табиғи газ пайдалануда. Тағы көпқабатты 8 үйді газдандыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының талабы бойынша көпқабатты үйлерге коксиалды түтін шығатын мұржа орнатылуы тиіс. Қазіргі таңда көпқабатты бір үйге коксиалды мұржа орнатылып, қысымдаудан өткізіліп жатыр екен.
Сектор аумағында екі нысанның құрылысы аяқталып, төрт мыңға жуық тұрғын сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Одан басқа, тағы қосымша нысанның құрылысы жүргізілуде екен. Сонымен қатар, алдыңғы кездесулерде тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер бойынша 4 трансформатор орнатылыпты.
"Яссы" секторында 197,3 шақырымды құрайтын бір жүз сексен көше бар. Оның ішінде қырық алты көше асфальт жол, сексен көше тас жол, елу төрт көше топырақ жол саналады. Ағымдағы жылы 11,9 шақырымды құрайтын он екі көше орташа жөндеуден өткен. 28,8 шақырымды құрайтын отыз алты көшеге тас төселген. 6,7 шақырымды құрайтын жеті көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол салынған.
Сонымен қатар, Қожабаев көшесінде және Қазыбек би – О.Жарылқапов көшелерінің аралығында жол құрылысы жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы Тоқаш Бокин көшесі бойындағы көп қабатты тұрғын үйлердің аумағы абаттандырылу қолға алынған, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сақ қорған көшесінде ойын алаңшасы салынды, "Тұран" және "Шатқал" шығармашылық саябағы көгалдандырылды.
Кездесу барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді.
Ынтымақпен іс қылу – өсетін елге тән дүние. Көптің тілегіне тірек болып, бастама көтеріп жүрген, тірліктердің басы-қасында жанашырлық танытып жүрген тұрғындарға қала әкімі алғыс айтты.
Нұрбол Әбдісаттарұлы мәселелердің заң аясында, кезегімен, сәтімен шешімін табатынын атап өтті. Бір жылдың өзінде талай түйткілдердің түйіні тарқатылғанын тілге тиек етті.
"Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды" демекші, біткен істің артында елдің тілектестігі мен көп адамның еңбегі бары да әңгімеге арқау болды.