Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады» деп, «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек» деп тапсырған болатын. Тіпті аталған Жолдауда «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс» деп жүйелі жұмыс жүргізудің бағыт-бағдарын да айқындап бергені белгілі. Осы бойынша Түркістан қаласында атқарылған жұмыстар нәтижелі жемістерін беруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 23 наурызында Президент сайлауынан кейін алғашқы іссапарын киелі Түркістан қаласынан бастағаны белгілі. Ел басшысы сол сапарында Түркістан тұрғындарымен кездескенде «Басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек» деп, жергілікті билік өкілдеріне халықпен тығыз байланыста болуды тапсырған болатын. Ал, биыл наурызда Мемлекет басшысы әкімдерді өздері басқаратын аумақтағы жұртшылықпен жылына кемінде төрт рет кездесіп, есепті кездеуслер өткізуді міндеттейтін Жарлық шығарды. Президент Жарлығымен бекітілген тапсырманы орындау мақсатында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардың барлық секторлары мен шағынаударына барып, ел аралап есепті кездесулерін өткізіп келеді. Жолдауда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, келесі кездесулерде олардың орындалуын баяндап, халықпен кеңесіп, тиісті бөлімдермен игі істерді атқаруда.
Қала басшысы жыл басынан бергі төртінші кездесулерінің бірін Шауғар секторының тұрғындарымен өткізді. Нұрбол Әбдісаттарұлының ел алдында берген есепті баяндамасына келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Шауғар секторыда 177 көше бар. Оның ішінде 67 көше асфальт жол, 91 көше тас жол, 19 көше топырақ жол. Ағымдағы жылы 30,8 шақырымды құрайтын 30 көшеге тас төселген. 20,5 шақырымды құрайтын 19 көшені бойлай жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып, ел игілігіне берілген. Одан бөлек сектор аумағында 20 аялдама орнатылды және екі бағдаршам жаңартылды.
Темір жол аумағында жаяу жүргіншілер үшін 2023 жылы көпір құрылысы жоспарлануда екен. Қалаби көшесінің құрылысын 2023-2024 жылдары іске асыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, "Шауғар" секторының тұрғындарын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген үш нысанның құрылысы аяқталып, бес мыңға жуық адам сапалы электр қуатын тұтынуға қол жеткізген. Одан басқа, тағы қосымша бір нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан өзге сапалы электр қкатын тұтынуға қатысты тұрғындардың өтініштері негізінде қосымша төрт трансформатор орнатылған.
Алдыңғы кездесулерде жергілікті тұрғындардан Мұқағали Мақатаев, Серт, Тұңғыш Президент, Әлімтау, Әлихан Бөкейханов, Сүлейменов, Аубакиров, Асфендияров, Асанов және Нарбаев көшелерінің үшінші және төртінші тұйықтарында ауыз судың жоқтығы туралы шағымдар түскен болатын. Нәтижесінде аталған көшелерде бұл мәселе жылға жетпей толығымен шешімін тауыпты.
Жалпы жыл басынан бері «Шауғар» секторында қала әкімінің тұрғындармен өткізген үш кездесуі барысында 93 мәселе көтерілген болатын. Оның ішінде 46 мәселе шешімін тауыпты. Тарқатыңқырап айтқанда, орындалған 93 тапсырманың 12-сі инфрақұрылымға байланысты болса, 25-і жол мәселесіне, төртеуі қоғамдық көліктерге, үшеуі сапалы электр жарығына және екеуі әлеуметтік салаға қатысты екен. Тағы 9 мәселе бойынша жұмыстар жоспарлы жүргізілу үстінде екен. Ал, 14 өтініштің заңдылығы түсіндіріліпті.
Бүгінгі кездесуде де шауғарлықтар жол мен жарық мәселесін көп көтерді. Нұрбол Әбдісаттарұлы барлық өзекті мәселенің бір деммен шешілуі мүмкін емес екенін жан-жақты түсіндіріп жеткізді. Биыл бірқатар өтініштер орындалды, бірқатар өтініштер келесі жылғы жоспарға енгізілді.