Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген аудан-қалалардың басшыларына әрбір елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп есеп берулерін міндеттейтін тапсырмаларын орындау мақсатында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жыл басынан бергі кезекті төртінші кездесулерін алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес, "Бірлік" секторында жалғастырды. Тұрғындармен кездесу барысында Нұрбол Әбсаттарұлы бұған дейінгі кездесулерде көтерілген түйіткілді талап-тілеектер мен өтініштердің орындалу барысын баяндады.
Түркістан қаласы әкімінің есебінде келтірілген деректерге сүйенсек, жыл басынан бері "Бірлік" секторында үш рет тұрғындармен кездесу өтіп, 93 мәселе көтерілген екен. Оның ішінде 46 мәселе қала әкімдігінің араласуымен уақыт создырмай шешімін тапқан. Тарқатыңқырап айтқанда, сол орындалған 93 талап өтініштің 12-сі инфрақұрылымға байланысты болса, 25-і жол мәселесіне, төртеуі қоғамдық көліктерге, үшеуі электр жарығына және екеуі әлеуметтік сала қатысты мәселелер екен. Тағы 9 мәселе бойынша жоспарлы жүргізіліп жатқан жұмыстар қала әкімінің қадағалауында тұр. Бұлардан басқа 14 мәселенің заңдылығы түсіндірілу жолдарымен шешіміндерін тауыпты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен» деп атап көрсеткен болатын. Бұған дейінгі "Бірлік" секторындағы кездесулерде дәл сол электр қуатының төмендігі бойынша алты шағым түскен болатын. Нәтижесінде Арнасай аумағына үш дана, Аруана аймағына бір дана, Сегізінші көшеге бір дана, барлығын қосқанда жалпы бес дана трансформатор осы жылы орнатылған.
Сонымен қатар, Президенттің биылғы Жолдауында айтылған тозығы жеткен су құбырларын ауыстырудан бөлек тұрғындар жаңадан қоныстанған аумақтарға ауыз су жүргізу мақсатында жаңа жоба іске асырылып жатыр.
«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ел басшысы «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек» деп тапсырған болатын. Бұл бағытта "Бірлік" секторында 167,3 шақырымды құрайтын он жеті көше асфальт жол, бір жүз отыз көше тас жол, он жеті көше топырақ жолды құрайтын жалпы 164 көшенің ағымдағы жылы 16,5 шақырым жолы ретке келтіріліпті. Яғни, 16,5 шақырымды құрайтын жиырма алты көшеге тас төселген. Сонымен қатар, 16,7 шақырымды құрайтын он бір көшені бойлай жаяу жүргіншілерге арналған жол салынған. Бұлардан өзге, 3,4 шақырымды құрайтын үш көшені орташа жөндеуден өткізу көзделуде. Оған қоса, "Бірлік" тұрғын алабына қарасты қоғамдық көліктер қатынайтын көшелерге жоспарланған сегіз дана аялдама орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ел игіліне арналған аталған коммуналдық жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының Қазақстан халықа арналған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатқанын көрсетеді. «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс» деп Президент «Халық қатысатын бюджет» жобасының ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керектігін айтып, жүйелі жұмыс жүргізудің бағыт-бағдарын да айқындап бергені белгілі. Бұл бойынша тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ асқан Түркістан қаласы әкімдігінің үйлестіруімен атқарылған жұмыстар Президент тапсырмаларының нәтижелері екені анық.
Атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндаған шаһар басшысы тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Көтерілген мәселелер зерделеніп, заңға сәйкес, жоспарлы, кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті.