Сауран ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ербол Жанғазиев, аудандық мәслихат депутаттары Нұржол Қоңқабаев, Дилмухаммед Ирисбаев Жаңа Иқан ауылдық округі тұрғындарымен арнайы кездесіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады.
Кездесуді Жаңа Иқан ауылдық округінің әкімі Тайыр Абдаев ашып, жүргізіп отырды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ербол Жанғазиев Жаңа Иқан ауылдық округі бойынша бүгінгі таңға атқарылған және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
Аталған ауылдық округте өткен кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан көптеген мәселелер көтерілді. Ауылдық округ тұрғындарының басты мәселесі табиғи газ екенін алға тартты. Биыл көмір бағасының қымбаттап жатқанын айтып, газ мәселесіндегі шешілмей жатқан жәйттерді атап өтті. Бұдан бөлек, «Иқан су» қоймасын салу бойынша да ауыл тұрғындары бұған дейін көтеріліп жатқан мәселені айтып, осы бағытта нендей жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.
Сонымен қатар, тұрғын үй құжаттарын заңдастыру бағытында мемлекеттік акті алу, ауылда электрик маманы тапшы екенін, газ мәселесінде жәшіктеріндегі есептегіш құралдарының ұрланып жатқанын, ауылдық округке қарасты жекеге өтіп кеткен «Шылбыр су» қоймасын мемлекетке қайтару қажеттігін, Ойық елді мекеніне газ қашан келетінін, ауылдық округтегі учаскелік полиция инспекторларына көңілдері толмайтынын жеткізді.
Бұдан соң кезекті кездесу Ескі Иқан ауылдық округінде жалғасын тапты. Кездесуге Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, аудандық мәслихат депутаттары Ислам Намуратов, Хуршид Шарапов, Махсуд Хажиев қатысты. Жиынды Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дильшод Сайтов ашып жүргізіп отырды.
Бұл ауылдық округіндегі тұрғындардың өзекті мәселесіне айналған ауыз су, табиғи газдың келмеуінен биыл тағы да көмір алуға тура келіп отырғанын жеткізді. Биыл көмір бағасының қымбаттап жатқанын айтып, сонымен бірге азық-түлік, ұн бағасы мен нанның қамбаттап жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, ауылдық округтің негізгі күн көрісі диқаншылық екенін алға тартып, ағын су мәселесі өзекті болып отырғанын, ауылға құдық қазу, жайылымдық жер, газ мәселесі, ауылда тұрғындар саны жыл санап артып жатқанын, осыған орай, тұрғын үйге учаскелік жер беру, мектеп салу, жеңілдетілген жанар-жағар майды талонмен беруді, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы бойынша құжаттары өткізілген тұрғындардың мәселелері оңды шешімін таппай жатқанын мәлім етті.
Жоғарыда аталған ауылдық округтердегі кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер бойынша әрбір сұраққа дер кезінде аудан әкімінің орынбасарлары және тиісті бөлім басшылары бақылауға алып, шешу жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, кездесулерде сол ауылдық округтерінен сайланған депуттаттар да өздері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап өтті.