Азаматтардың өмір сүру сапасы жақсы болуы үшін ең алдымен денсаулық саласын және инфрақұрылымдық, коммуналдық мәселелерді шешкен жөн. Өйткені адамның денсаулығы тікелей өмір сүріп отырған ортасы, ауласы, баспанасына байланысты. Сондықтан да елімізде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін инфрақұрылым саласына айрықша көңіл бөлінуде. Әсіресе тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, көгілдір отын және жарық мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағытты жақсарту мақсатында елімізде көптеген бағдарламалар да жүзеге асырылып келеді. Және нәтиже де бар.
Түркістан облысындағы жаңа аудан Сауранның құрылғанына биыл 2 жыл толып отыр. Аз уақыттың ішінде мұнда ауқымды істер атқарылып, халықтың тұрмысы түзеліп келеді. Соның ішінде коммуналдық проблемалар да оң шешімін табуда. Айталық осы жазда Аша ауылына таза ауыз су берілді. Жоспарға сәйкес ауыз сумен қамту жұмыстарының ІІ кезеңі іске қосылып, ауылдың барлық тұрғындарына таза ауыз су тартылды. Шалғайда емес облыс төңірегінде тұрса да бұған дейін от жағып, күл шығарудың бейнетін тартқан, қыстық отынның қымбатшылығы мен тапшылығынан жапа шеккен, бұған дейін құдық суын пайдаланып келген, сапалы ауыз суды тұтыну өзекті мәселеге айналған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Олай дейтініміз, құрылғанына 2 жыл толған Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылдық округіндегі 114 үй берекенің бастауы табиғи газбен қамтылса, аудан орталығы Шорнақ ауылдық округіне қарасты, Аша елді мекеніндегі 499 үй сапалы ауыз суға қол жеткізді. Бүгінде тереңдігі 720 м. су ұңғымалары мен сыйымдылығы 200 м³ су қоймалары халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеру бағытында тағы да 32 үйге қосымша ауыз су құбыры тартылуда. Аудан әкімі елді мекендерді тіршілік нәрімен қамту жұмыстары одан әрі жалғасатынын, алдағы уақытта Ескі Иқан, Ибата, Қосмезгіл, Жүйнек, Қарашық, Шорнақ елді мекендерін де ауыз сумен қамтудың жобалық сметалық құжаттары жасалып жатқанын жеткізді.
Киелі қаланың облыс орталығы атанғанына 5 жыл толуына орай, Түркістан облысында ауыл, аудан, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Сыры терең Сауран, заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһар. Бүгінде Ескі Иқан ауылдық округінде 19000 халық тұрса, соның ішінде 3142 үйге, 27 мекемеге толық газ құбыры жүргізілген. Сондай-ақ, ауылдағы 13 көшеге 114 үйге табиғи газ берілді. Үйіне алғашқылардың бірі болып көгілдір отын кіргізген ғасыр жасаған ауыл тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Закир Мұсаев та қуанып, ауылдағы игі шараға ұйытқы болған жандарға батасын берді. Тұрғындарды үздіксіз газбен қамтамасыз етуді «QazaqGaz» ұлттық компаниясына тиесілі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және «Интергаз Орталық Азия» мекемесі жүзеге асырды. Ауыл тұрғындарын құттықтаған газ мамандары тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану ережелері көрсетілген жадынамалар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.