Сауран ауданында тауарлы-сүт фермасы ашылмақ. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында айтылды. Жиында жүзеге асатын жаңа жобалар жайы талқыланды. Инвестициялық штаб – бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған ашық алаң.
Инвесторлар облыс әкімі, қаржы ұйымдары және жауапты басшылармен тікелей диалог орнатып, өзекті мәселелер талқылады. Бүгінгі отырыста облыс басшысы тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді. Шешу жолдары ұсынылды. Сондай-ақ, облыс әкіміне Созақ және Бәйдібек аудандарының аумағында инвестициялық жобалардың іске асырылуы бойынша баяндалды.
Дархан Сатыбалды таныстырылған жобалардың маңыздылығына назар аударып, аудан басшылары мен жауапты сала басшыларына инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды. Аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын еске салды. Жауапты тұлғаларға инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруды міндеттеді. Облыс әкімі кей аудан басшыларының инвестиция тартудағы жұмыстарын қатаң сынға алды.
– Жаңа инвестициялық жобаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру қажет. Әр ашылған кәсіпорын халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан ел игілігі үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс істеуі маңызды. Әр әкімнің негізгі міндеті – халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Осыны әлі де білмей жүргендер бар. Ізденіңіздер, жобалар ұсыныңыздар. Бұл бағытта жұмыстарыңыз нашар. Көрші елдерден, облыстардан тиімді жобаларды жүзеге асыруды үйреніп, тәжірибе жинап, жаңа жұмыс орындарын ашу керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Сауран ауданында 300 гектар алқапта жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа өсіру және тауарлы-сүт фермасының құрылысы таныстырылды. Сонымен қатар Қазығұрт ауданында тауарлы-сүт фермасы салынбақ. Сауран ауданындағы пластикалық орындықтар шығаратын фабриканың, Сайрам ауданындағы ет бағытындағы құс фабрикасының құрылыстарына қолдау керек. Сарыағаш ауданында мал бордақылау алаңын кеңейту және малды сою бекеті, экспортқа ет дайындау инвестициялық жобалары жүзеге асады.
Түркістан өңірінде индустриалды аймақтардың аумағы кеңейтілуде. Инвестициялар тартудың қолайлы экожүйесін құру жүзеге асуда. Инвесторларға индустриалды аймақтар мен «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы аумақтарынан «Greenfield» және «Brownfield» өнеркәсіптік алаңдары ұсынылады.
Жалпы, биыл Сауран ауданы бойынша 11 миллиард 332 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарланған. Жарты жылдың қорытындысымен 3 миллиард 948 миллион теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 6 есе артқан. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 миллиард 460 миллион теңге құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, балық шаруашылығын дамыту, балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойма салынады. Мақта майын өндіру цехын ашу жоспарланған. Мал азығын дайындайтын цех салынып, жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы іске асырылады. Жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылады
Айта кетейік, «Amanat» партиясы Сауран ауданы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындау жөніндегі жол картасысының Кәсіпкерлік және
туризм бөлімінің 2021-2025 жылға дейін лайықты жалақы және жұмыс орындарын құру жоспарлаған болатын. Осыған орай өткен жылы, тұрақты 100 жаңа жұмыс орнын ашылып, жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыздан 4,9 пайызға төмендетуге қол жеткізілген. Айталық Иассы ауылдық округте жеке қаражат есебінен кәсіпорын ашылуына байланысты тұрақты түрде 100 адам жұмыспен қамтылды. Сауран ауданы бойынша орташа жалақы 155 273 теңгені құрайды. Аудандағы кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру арқылы қолдау көрсету жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.