«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар аудан экономикасы да қарыштап дамып келеді. Сауранда биыл бақандай 20 инвестициялық жоба өз кезегінде жүзеге асып халық игілігіне ұсынылмақ. Сауран ауданына биыл бірінші тоқсанда 6 миллиард 428,9 миллион теңге инвестиция тартылған. Осы жылы жалпы құны 13 миллиард 129 миллион теңгені құрайтын 20 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, 329 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделген. Аудан өнеркәсібіне тоқталсақ, Өнеркәсіп өнімін өндірудің негізгі үлесі 7 орта және 26 шағын кәсіпорындар есебінде. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес кәсіпорындар – 8 миллиард 072,3 миллион теңгенің өнімін өндірді. Биылғы жылдың көрсеткіші бойынша 1 миллиард 843,8 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,1 пайызды құрады.
Биыл 2023 жылы ауданға тартылған инвестиция көлемі 6 миллиард 428,9 миллион теңгені құрайды. Ағымдағы жылы жалпы құны 13 миллиард 129,0 миллион теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 329 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жергілікті бюджетке қосымша 106,4 миллион теңге салықтар түседі деп жоспарлануда. Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атап өтсек:
— «Балмұздақ» ЖШС-ның – «Балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға қойма салу жобасы (Оранғай елді мекені). Инвестициялық құны 2 миллиард 562 миллион теңге, 100 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 36,8 млн. теңге салықтар түседі деп жоспарлануда;
— «Ныш Ер» ЖШС-ның — Демалыс аймағы және қонақ үй салу жобасы (Оранғай елді мекені). Инвестициялық құны 2 миллиард 200 миллион теңге, 40 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 21,3 миллион теңге салықтар түседі деп жоспарлануда;
— «Яссы Agro.kz» ЖШС-ның — Шаға ауылдық округінен жаңбырлатып суару арқылы картоп, сәбіз өсіру жобасы. Инвестициялық құны 578 миллион теңге, 30 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 3,7 миллион теңге салықтар түседі деп жоспарлануда;
— «Иманқұл ата» Ш/Қ-ның — Балық шаруашылығын дамыту жобасы (Үшқайық ауыл округі). Инвестициялық құны 600 миллион теңге, 12 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 1,8 миллион теңге салықтар түседі деп жоспарлануда;
— «Sauran Plast» ЖК-ның — Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені жобасы (Шорнақ елді мекені). Инвестициялық құны 675 миллион теңге, 60 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 8,6 миллион теңге салықтар түседі деп жоспарлануда;
— «AgroFoodTrade» ЖШС-ның — Мақта майын өндіру цехы жобасы (Ескі Иқан елді мекені). Инвестициялық құны 500 миллион теңге, 10 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 8,6 миллион теңге салықтар түседі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда Сауран ауданында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің саны — 6 010.